Ғайнолла Есенғалиев: Ендігі белес – Олимпиада

12:44 | 14 маусым 2018

Мамыр айында дзюдодан жасөспірімдер мен жастар арасында жылдың ең маңызды додасы саналатын құрлықтық чемпио­наттар өтіп, еліміздің жалауы көкте бірнеше рет желбіреді. Ел абыройын асқақтатқан жампоздар арасында жас татами шеберлері де бар. Осы орайда Азия чемпионатын қорытындылап, дзюдошыларымыздың алдағы қазан айында Буэнос-Айресте (Аргентина) өтетін жасөспірімдердің ІІІ Жазғы Олимпия ойындарына дайындығы туралы дзюдодан Қазақстан жасөспірімдер құрамасының аға жаттықтырушысы Ғайнолла ЕСЕНҒАЛИЕВПЕН аз-кем әңгімелескен едік.

– Бейрутта өткен Азия чем­пионатындағы нәтижеге қан­дай баға бересіз? Әу бастағы жоспарыңыз орындалды ма?

– Жоспар толық орындалды деп айта аламын. 2017 жылы өткен Азия чемпионатында 2 алтын, 6 күміс және 7 қола медаль алған болатынбыз. Биыл спортшыларымыз 6 алтын, 5 күміс және 4 қола жүлдемен елімізге абыроймен оралды. Бұл біздің дзюдошыларымыздың ең үздік нәтижелерінің бірі деп толық сеніммен айта аламын.

– Биылғы көрсеткіш былтырғыға қарағанда әжептәуір көтерілгенін байқауға болады. Бұл қазақстандық дзюдошылардың бабында екенін білдіре ме?

– Мұндай ірі додаларға осал спортшылар келмейді. Өз елінің кілең «сен тұр, мен атайын» деген сайдың тасындай іріктелген үздіктері жиналды. Өзіңіз айтып отырғандай, жылдың ең маңызды додасы болғандықтан, барлық ел негізгі құрамдағы спортшыларын қатыстырды. Сонымен қатар басқа турнирлерге қарағанда Азия чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне ұпай беріледі. Ал ұпай алдағы жасөспірімдер арасында өтетін Олимпия ойындары үшін ауадай қажет. Бұл көрсеткіш – спортшыларымыздың жыл басынан бергі еңбектерінің жемісі.

– Олимпия ойындары деп қалдық қой, бұл додаға елі­міздің атынан кімдер қаты­сады? Нақты лицензия алған дзюдошылар бар ма?

– Ең көп ұпай берілетін жарыс – Азия чемпионаты. Азия чемпионатында чемпион атанған дзюдошыларға 200 ұпайдан беріледі. Дәл қазір Олимпиадаға мына спортшы барады деп айта алмаймыз. Десе де, халықаралық дзюдо федерациясының жасөспірімдерді іріктеуге арналған Олимпиада рейтингіндегі орындарына сәйкес ұлдардан Шерзод Давлатов пен Бекарыс Сәдуақас, қыздардан Маргарита Гриценко мен Кристина Сотникова үмітті. Қазіргі таңда Шерзод Давлатов 55 кило салмақта үшінші орында тұрса, 90 килоға дейінгі салмақ­тағы дзюдошымыз Бекарыс Сәдуақас бірінші орында тұр. Ал қыздардан Маргарита Гриценко (70 кг) әлемдік рейтингте үшінші, ал Кристина Сотникова екінші орында тұр. Халықаралық дзюдо федерациясының ережесі бойынша жасөспірімдер арасындағы жазғы Олимпия ойындарына дзюдо бойынша әр елден екі дзюдошыға (1 ер, 1 қыз) жолдама беріледі. Ал төрт жылдықтың басты додасына 2001 және 2003 жылы туған жасөспірімдер қатыса алады. 2018 жылдың 1 қаңтарында басталған іріктеу кезеңі шілденің 23-іне дейін жалғасады. Олимпиадаға нақты кімдер баратыны тамыздың 1-інде белгілі болады. Оған дейін жас дзюдошылар жарыстарға қатысып, ұпай жинай береді. Алдымызда ұпай берілетін Қырғызстанда және Гонконгта өтетін Азия кубоктары бар.

– Жасөспірімдер құрамасында кімнен үміт күтесіз? Шәкірттеріңіздің арасынан Елдос Сметовтің ізбасары болады деп кімді айта аласыз?

– Шерзод Давлатов пен Бекарыс Сәдуақас екеуі де қатарынан екі рет Азия чемпионы атанып жатыр. Егер Шерзод пен Сәдуақас жасөспірімдерден жастар командасына ауысқанда дәл қазіргі баптарын жоғалтпаса, үлкен биіктерді бағындырады деп ойлаймын. Жалпы, өз басым осы екі өреннен көп үміт күтемін.

– Қазір Қазақстанда ауыр салмаққа қарағанда жеңіл салмақтағы балуандардың ба­бы келісіп-ақ тұр. Жасөспі­рімдер құрамасынан Максим Раков, Ислам Бозбаев және Ержан Шынкеевтердің орнын басатын ауыр салмақтағы дзюдошылар шыға ма?

– Әрине. Кешегі өткен құр­лықтық біріншілікте 6 ал­тынның екеуін ауыр салмақ­тағы дзюдошылар жеңіп алды. Ара­сында күміспен күптелгендер де бар. Жоғарыда атап өткенімдей, 90 килоға дейінгі салмақта Бекарыс Сәдуақас биыл екі дүркін Азия чемпионы атанып, ауыр салмақта ел намысын абыроймен қорғап жүр. 90 килодан жоғары салмақтағы Мұханбет Зұлқарнаев та Ливан татамиінде қарсылас шақ келтірмей, жарыс жеңімпазы атанды. 81 килода Аян Байғазы да өзін жақсы көрсете білді. Аталған жас дзюдошылар бір орында тоқтамай, дайындықтарын пысық­тап, жастар мен ересектер сапына ауысқанда да баптарын жоғалт­паса, қазіргі құрамадағы ауыр салмақтағы балуандардың орнын жоқтатпайтынына сенімдімін.

Әйгерім ТОҚСАНБЕК

"Егемен Қазақстан"

0 пікірлер

Арқылы авторизация жасай аласыз:

Әлеуметтік желідегі парақшалар