Ту көтерген спортшылар: Ол сезімді сөзбен жеткізу мүмкін емес
Бүгін – Қазақстан Республикасының рәміздері күні. 1992 жылы 4 маусымда Қазақстан туы, елтаңбасы және әнұраны қабылданды. Содан бері ел спортшылары бір тудың астында жарыстарға қатысып, жеңіс тұғырына көтеріліп келеді. Осы орайда Baq.kz тілшісі Қазақстан намысын халықаралық жарыстарда қорғап жүрген спортшылардан жарыста олардың жетістіктерінің құрметіне көтерілетін ту мен шырқалатын әнұранның мәні туралы сұрады.
Елдос Сметов, дзюдодан Әлем чемпионы, Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, Азия ойындарының жеңімпазы, Азия чемпионы
Барша қазақстандықтарды шын жүректен рәміздер күнімен құттықтаймын. Әрқашанда еліміздің абыройы асқақтай берсін, көк туымыз желбірей берсін деген тілектеміз. Біздің спорттағы жетістіктерімізге орай еліміздің көк туы желбіреп, әнұранымыз шырқалатыны баршаңызңа мәлім. Сол жерде тұрған кезде ғана бастан кшеетін бұл сезімді сөзбен жеткізу өте қиын. Дзюдодан шетелдік алғашқы жарысым Германияда Бремен қаласында өті. Осы қаласында әлі күнге дейін өтетін «Мастерс» турнирінің жеңімпазы болған кезде Қазақстан әнұраны шырқалды. Бұл сезімді сөзбен жеткізе алмаймыз. Абыройдың асқақтап жатқанын, еліміздің бүкіл әлемге танылып жатқанын сезінесің. Тұғырда тұрған сәтте бойыңдағы күш-жігер, намыс оянады. Сол жарысымда өте қуанышты сезімде болдым, өйткені ең алғашқы бастамам алтынмен басталды. Аллаға шүкір, қазіргі таңға дейін алтынмен жалғасуда.
Отаныма адал қызмет етіп, туын көтеріп, xалқымның беделін арттырып, атын шығару бала кезімнен арманым еді. 2005 жылы жастар арасында Әлем чемпионатында жеңімпаз атанғанымда сол мақсатыма жеттім десем жаңылмаспын. Мұндай кезде бойымды ерекше бір қуаныш пен айрықша мақтаныш сезімі кернейді. Ондай сәттерді ата-бабаларымыз «қуаныштан төбесі көкке екі елі ғана жетпеді» деп суреттеген.
Осыдан 27 жыл бұрын егемендігімізді жариялап, тәуелсіздікке қол жеткіздік. Бұл ғасырлар бойы қазақ xалқының аңсаған арманы еді. Мен үшін біздің тәуелсіздігіміз өте қымбат, неге десеңіз мемлекетіміздің сөнген отын жаққаны үшін, ата-бабамыздың руxын көтергені үшін, елімізді әлемге танытқаны үшін, «қазақ» деген атауға жан кіргізгені үшін қымбат. Елімнің бостандығын, елімнің тәуелсіздігін көрсететін бірден бір нышаны, мақтанышы ол – біздің рәміздеріміз. Әр рәмізіміздің астарында өзіндік мағына бар. Мысалы, туымыздың өзі бейбітшіліктің, тәуелсіздіктің, самғап ұшқан құстың бостандығын суреттесе, елтаңбаға қарап байлық, береке, ырыс, еркіндікті көруге болады. Ал әнұранның орны біз үшін тым бөлек. Әр жеңісімізде туымызды көкке көтеріп, әнұранымыз айтылғанда бойымызда мақтаныш, жүрегімізді патриоттық сезім баулып, көңілімізге қуаныш орнайды.
Ақмарал Науатбек, Жасөспірімдер арасында Азия чемпионы және Жастар арасында Азия чемпионатының күміс жүлдегері
Жеңіске жетіп, Қазақстан туы көтеріліп жатқан кезде оған қарайсың, әнұран ойнайды. Мақтаныш сезімі болады. Сол кезде Қазақстан туының қандай әдемі екенін, қандай мән алып келе жатқанын түсінесің. Басқа елдің туын алып қарасаңыз көбінесе үш түрлі түс болады. Әнұранымыздың соншалықты әуезділігі ұнайды. Мен үшін отандық телеарналар сені қанша рет эфирден көрсеткені маңызды емес, ең маңыздысы – басқа елде жүргенде сенің құрметіңе Қазақстанның әнұраны ойналып, туымыздың желбірегені. Сол кезде ғана жеңімпаз атануға бар күш-жігеріңді салғаныңды, тер төккеніңді және жеңіс тұғырынан көрінген сәтте бойыңды мақтаныш сезімі билейтінін түсінсің, өзіңе сенім артқандардың сенімін ақтағаным үшін қатты қуанамын. Қарапайым мен секілді қыздың жетістіктерін көргенде басқалар баласын спортқа берсе немесе балалардың өздері менің кішкентай жеңістерімді көріп жігерленсе, мұның бәрі бекер емес деген сөз.
Нұрзат Сәлімбаев, дзюдодан кадеттер арасында Әлем чемпионатының күміс жүлдегері
Спортта жетістікке жетіп, өзге елде әнұранды шырқатып, туды биікке көтеріп, тұғырда бірінші тұру ол – әр спортшының арманы, мақсаты. Әнұран шырқалып, ту биікке көтерілгенде көп спортшы көзіне жас алады, ол – жеңістің, қуаныштың, еліне жеріне деген сүйіспеншіліктің жасы. Тұғырда бірінші болып әнұран шырқалған сәтте жан дүниең тебіреніп, елің мен жеріңе деген сүйіспеншілігің оянады. Жеңіске деген құштарлығың ашылып, еткен еңбегіңнің еш кетпегенін түсінесің, дайындық жолында қиналған сәттердің барлығы ұмытылады. Бұрынғы батыр бабаларымыз елін-жерін қорғап батыр атанса, қазіргі кезде өзге елде жеңіске жетіп, әнұранды шырқатып, бүгінгі бейбіт күннің батыры болып үлес қосып жүргенімізге қуаныштымын.
Түркияның Анталья қаласында өткен жасөспірімдер арасында Еуропа Кубогы жарысында ең алғаш рет әнұранды шырқатып, Қазақстанның көк туын көкте желбіретттім. Сол жарыста жеңімпаз атанып, еліміздің әнұранын шырқаттым. Бұл сәт мен үшін тарихта қалады. Барлық қазақстандық спортшыларды, қазақстандықтарды Рәміздер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Қазақстан әнұранын шырқататын, туды биікке көтеретін ұл-қыздар көбейе берсін. Еліміз дамып, спортымыз жасай берсін. Тек жеңіс тілеймін.
0 пікірлер