Дзюдодан ҚР құрамасының бас бапкері спортшылардың дайындығы туралы пікірін айтты
17-18 наурыз күндері Ресейдің Екатеринбург қаласында дзюдодан кезекті әлемдік «Үлкен дулыға» жарысы өтеді. Жылдың ең маңызды додаларының бірі саналатын жарысқа қатысты дзюдодан Қазақстан ерлер ұлттық құрама командасының бас бапкері Айдын Смағұлов пікірін білдірді.
«Екатеринбургте өтетін «Үлкен дулыға» турниріне 60 келіге дейінгі салмақта Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, Әлем чемпионы Елдос Сметов қатысады. Ол аяғындағы ауыр жарақатына байланысты көптеген жарысқа қатыспады. Биылғы бірінші жарысы. Жаттығу барысындағы дайындығына қарап, жүлде күтуге болады. 66 келіде белдесетін Ғұмар Қырғызбаевтың дайындығы да жаман емес.Осы жарыста жүлдегерлер қатарынан көрінуі мүмкін. Ал 73 келіге дейінгі салмақта ел намысын қорғап жүрген дзюдошы Жансай Смағұловдың дайындығы өте жақсы. Чемпион болады деп ойлаймыз. Десе де, Екатеринбург татамиіне жеңіл салмақтан әлемнің кіл мықты дзюдошылары жиналады. 81 келіде Бекжан Абдуалиев қатысса, 90 келіге дейінгі салмақта Әділет Мисин бағын сынайды. Аталған екі дзюдошының әлемдік дәрежедегі санаулы жарыстарының бірі. Сондықтан барынша мүмкіндікті дұрыс пайдаланады деп ойлаймын.
Ал құрамадағы дзюдошылардың психологиялық дайындықтарын айтар болсақ, жарысқа тыңғылықты дайын. Біздің аталмыш жарыста басты үміт артып отырған дзюдошыларымыз – Елдос Сметов, Ғұмар Қырғызбаев және Жансай Смағұлов», - дейді бас бапкер Айдын Смағұлов.
Естеріңізге сала кетсек, аталмыш турнирге Қазақстан құрама сапынан 12 дзюдошы қатысады.
0 пікірлер