Жаңа біліммен - тек АЛҒА!
Халықаралық «Болашақ» бағдарламасы аясында қазақстандық он маман шет елде тәжірибе алмасып, елге оралды. Бұл туралы спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясының қоғаммен байланыс қызметі хабарлады. Жаттықтырушылар мен спорттық менеджерлер, олардың арасында Бейжің Олимдиасының қатысушысы, дзюдошы Сағат Әбікеева, дзюдодан Азия Ойындарының жүлдегері Шолпан Қалиева және басқалары 2014 жылғы қысқы және Паралимпиадалық Ойындар қарсаңында Сочидегі Ресей Халықаралық олимпиадалық университетінің (РХОУ) «Спорт менеджменті» мамандығы бойынша дәріс алды. Машықтану кезінде қазақстандық шәкіртақы иегерлері Халықаралық Олимпиадалық комитет президенті Томас Бахпен кездесуге мүмкіндік алды. Ескере кететін жәйт, РХОУ - әлемдегі олимпиадалық университет деген ресми статусы бар жалғыз оқу орны.«Болашақ» бағдарламасы арқылы қазақстандық спортшылардың біліктілігін арттыруға мұрындық болған спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясы «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ мен ҚР Спорт және дене шынықтыру істері жөніндегі агенттікпен үшжақты келісімге қол қойды. Осы келісім-шарт негізінде Конфедерация «Болашақ» шәкіртақысына үміткерлерді іріктеп, ресейлік халықаралық ЖОО бірігіп қазақстандық жаттықтырушылар мен спорттық менеджлер үшін арнайы оқу- бағдарламасын әзірледі. Білікті мамандарды даярлау - Конфедерация төрағасы Тимир Құлыбаев негізін салған сегіз бағыттың бірі.
9 желтоқсанда астаналық әуежайда ресейлік оқу орнында білім алып келген мамандар жылы қарсы алынды. Жүздері бал-бұл жайнаған спортшылардың қолдарында бір-бір дипломнан. Курсты сәтті аяқтап келген мамандар өздерінің көңіл-күйлері мен болашақтағы жоспарлары туралы ағынан жарылды.
Шолпан Қалиева, дзюдодан әйелдер ұлттық құрамасының жаттықтырушысы:
- Олимпиадалық оқиғаның қақ ортасы – Сочиде білім алуымызға мүмкіндік алғанымыз үшін шексіз ризамын. Біз олимпиадалық университетте тәжірибе алмастық. Біз күткендей болды. Бізбен бірге білікті мамандар мен өз ісінің шеберлері айналысты. Оқуды оңай болды деп айта алмамын, таң атқаннан кешке дейін қарқынды жұмыс кестесімен жұмыс жасадық.
Айман Қалиева, дзюдодан жасөспірімдер ұлттық құрамасының жаттықтырушысы:
- Мен үшін олимпиадалық нысан ерекше әсер қалдырды. Зәулім ғимарат, кәсіби қызметкерлер дегендей. Олимпиада алдындағы дайындық қызу жүріп жатыр.
Айсұлу Қалымхалиева, таеквондодан әйелдер құрамасының аға жаттықтырушысы (Атырау қ)
- Біз осы бағдарлама аясында спорттық менеджментке қатысты сұрақтарымызға жауап алдық. Барлық мамандар бізді қолдап, бағыт-бағдар берді. Осының арқасында бізге бұл жерде емес, Қазақстанда енгізуге тұрарлық тың идеялар келді. Бір ғана тәжірибенің өзі бізге баға жетпес сабақ болды. Бұл өз елімізде спорттық менеджмент жүйесін жақсартуға ықпал етпек.
Роза Мұхамедьярова, ҚР Дзюдо федерациясының менеджері:
- Мен ағымдағы оқу-жаттығудың нәтижесіне бес деген баға берер едім. Бізге спорттық білімнің нағыз майталмандары сабақ берді. Ал теорияны тәжірибемен ұштастыра білген Германия, Франция, Австрия, Грекия, Украина және Ресейдің профессорлары дәріс оқыды. Сочидегі қайнап жатқан дайындықтың арасында болғанымызға қуаныштымыз. Тіпті өзімізді олимпиадалық команда ретінде сезіну бақытына да ие болдық. Алдағы жылы MSA (master of sport administration) оқуға түсу - менің жоспарым.
Сағат Әбікеева, жоғары спорттық шеберлік мектебі (Қарағанды қ)
- Мен үшін есте қалғаны - профессорлардың дәрісі.Тәжірибе алмасу барысында алған біліміміз болашақта кәдеге жарайтынына сенімдімін. Әркім болашақта өзіне керек мамандықты таңдады. Мен «Инновациялық менеджмент және оның спортта қолданылуын» таңдадым. Бұл тақырыптың оңай емес екендігін білемін. Бірақ Университетте осыған қатысты материалдарды терең оқып, жақсы меңгеруге барлық жағдай жасалған. Олимпиадаға дайындық жоғарғы дәрежеде. Олардың менеджерлер командасы өте жас әрі тәжірибелі. Олимпиадалық нысандағы тәжірибеміз ерекше әсер қалдырды. Барлығы да сәтті өтетіндігіне сенемін. Менеджмент – командалық жұмыс. Қазақстанда осы бағытты дамытуға қолымнан келгенше үлесімді қосамын. «Болашақ» бағдарламасына қатысуға мүмкіндік жасаған ел Президентіне алғысым шексіз. Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясы мен ҚР Спорт және дене шынықтыру істері жөніндегі агенттікке рахмет. Үшжақты келісім-шарттың арқасында біз олимпиадалық шеңбердің суреті басылған дипломға қол жеткіздік.
0 пікірлер