Қарағанды облысының дзюдошылары конфедерация кубогының жеңімпазы атанды
Қарағанды облысының құрама командасы дзюдодан 2017 жылғы конфедерация кубогының иегері атанды. Финалдық кездесуде Ақтөбе облысының балуандарын 4:1 есебімен айқын басымдықпен жеңіп, кубогқа ие болды.
66 келіге дейінгі салмақта белдескен қос облыстың балуандары негізгі уақытта тең түсіп, қосымша уақытта Қарағанды облысының дзюдошысы Қайрат Ағыбаев вазари ұпайымен есеп ашты. Кездесудің екінші белдесуінде 73 келіге дейінгі салмақта күрескен Жансай Смағұлов та ақтөбелік Нұрлыхан Сүйінбайдан айласын асырды. 81 келіге дейінгі салмақта татамиге шыққан ақтөбелік Еламан Қойшыбаев қарағндылық Айдын Дартаевты жеңіп, Ақтөбе облысына 1 ұпай сыйлады. Ислам Бозбаев 90 келіге дейінгі салмақта ақтөбелік Мисин Әділетті таза ұпаймен жеңсе, қарағандылық Ержан Шынкеев те ақтөбелік Иманғазин Нұрсұлтанды таза жеңіспен ұтып, Қарағанды облысына конфедерация кубогын сыйлады.
Естеріңізге сала кетсек, Қарағанды облысы 2016 жылы өткен конфедерация кубогында күміс жүлдегер атанған болатын.
0 пікірлер