Ақтөбеде дзюдодан Қазақстан Чемпионаты алдындағы баспасөз-конференциясы өтті
Бүгін Ақтөбе қаласы «Дастан» қонақүйінде дзюдодан ерлер мен әйелдер арасында өтетін Қазақстан чемпионаты алдындағы баспасөз-конференциясы өтті. «Жекпе-жек» спорт кешенінде өткізілетін айтулы додаға еліміздің 14 облысынан және Астана мен Алматы қалаларынан 400-ден астам дзюдошылар қатысады. Алайда, еліміздің беделді дзюдошылары, атап айтқанда, Әлем Чемпионы, Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Елдос Сметов пен Әлем Чемпионы Максим Раков жарақаттарына байланысты чемпионаттан босатылған. Ал, қыздар ұлттық құрама командасынан Рио Олимпиадасының және Әлем Чемпионатының қола жүлдегері Галбадрах Отгонцэцэгті қосқанда барлық бұрымды балуандар Ақтөбе татамиінде белдеседі.
-
Өздеріңіз білетіндей, қыркүйек айында Ақтөбе өңірінде тұңғыш рет Қазақстан Республикасы Президентінің жүлдесіне арналған халықаралық турнирі өткен болатын. Мінекей, араға бір ай салмай, тағы да Ақтөбе өңіріне қайта келіп отырмыз. Жыл ішінде дзюдодан бір емес, үш бірдей маңызды халықаралық және республикалық жарыстар Ақтөбе қаласында өтіп отыр. Ертеңгі өтетін шараның да ұйымдастырылуы өте жоғары деңгейде. Сол үшін облыс басшылығына үлкен ризашылығымызды білдіреміз,- деп атап өтті дзюдо федерациясының бірінші вице-президенті Маратбек Мықтыбеков.
Жылдың ең маңызды әрі қорытынды жарысында жеңімпаз атанған дзюдошылар ұлттық құрама сапында 2018 жылы ел намысын қорғайтын болады, сондай-ақ, Азия мен Әлем Чемпионаттарына қатысуға мүмкіндік алады.
Естеріңізге сала кетсек, Ақтөбе қаласында дзюдодан ерлер мен әйелдер арасындағы Қазақстан Республикасының Чемпионаты мен Кубогы өтеді. 10 қарашада «Жекпе-жек» спорт кешенінде басталатын ел біріншілігі 14-қарашаға дейін жалғасын табады.
0 пікірлер