Қазақстандық жас дзюдошылар әлем чемпионатында екі медаль алды

22:00 | 18 қазан 2017

Бүгін Хорватия астанасы Загреб қаласында дзюдодан жастар арасындағы әлем чемпионаты басталды. Әлем Чемпионатының алғашқы күнінде Абиба Абужақынова (44 кг) күміске қол жеткізсе, Бауыржан Нарбаев (55 кг) қола медальға ие болды. Әлем біріншілігінің бірінші күнінде Қазақстан ұлттық жастар құрамасы 1 күміс және бір қола жүлдемен медаль саны бойынша 5-орынға жайғасты.

44 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде татамиге шыққан Абиба Абужақынова финалға дейін қарсылас шақ келтірмей, шешеуші белдесуде жапон қызы Нина Кубойға есе жіберіп, жастар арасындаңы әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Ол алғашқы белдесуінде хорватиялық Виктория Ана Пулжизді иппонмен ұтса, екінші белдесуінде ресейлік Владлена Зерщикованы вазаримен, Бельгия спортшысы Лоиз Пэтитті голден скорда вазари ұпайымен жеңіп, жартылай финалға жолдама алды. Жартылай финалда бразилиялық дзюдошы Лаура Феррейраны вазаримен жеңіп, финалға шыққан болатын.

fda6d1e2a6765b827e9f2ae29010056e.jpg

Ерлерден 55 келіге дейінгі салмақта белдескен Бауыржан Нарбаев бірінші айналымда колумбиялық Джонатан Панигауаны вазаримен, екінші белдесуінде Корей Халық Демократиялық Республикасының өкілі Куан Жин Чиді голден скорда вазари ұпайымен жеңіп, ширек финалда ресейлік Адам Исаевты да вазари ұпайымен ұтты. Отандасымыз жартылай финалда грузин балуаны Жаба Папинашвилиге голден скорда есе жіберіп, жұбаныш белдесуінде белдесуге мүмкіндік алды. Қола медаль үшін белдесу қос қазақстандық балуан арасында тартысты өтті. Жұбаныш белдесуінде Бауыржан Нарбаев Дамир Болатбековпен кездесіп, жарыстың негізі уақытында қос қазақстандық балуан тең түскенімен, қосымша уақытта Бауыржан Нарбаев әдіс жасап, вазари ұпайымен қола медальға қол жеткізді.

Естеріңізге сала кетсек, бүгін Хорватия астанасы Загребте дзюдодан жастар арасындағы әлем чемпионаты басталды. Әлемнің 83 елінен 600-ге жуық татами шеберлері сынға түсіп жатқан жылдың маңызды додасы қазанның 22-сіне дейін жалғасады. Сондай-ақ, әлем біріншілігіне Қазақстан құрама команда сапынан 20 дзюдошы қатысып жатыр.

0 пікірлер

Арқылы авторизация жасай аласыз:

Әлеуметтік желідегі парақшалар