Дзюдодан Әлем Чемпионаты басталды
Бүгін Будапештте дзюдодан Әлем Чемпионаты басталды. Әлем біріншілігінің алғашқы күнінің іріктеу кезеңінің нәтижесі бойынша қазақстандық 3 дзюдошының екеуі жұбаныш белдесуінде белдесетін болса, біреуі жартылай финалға шықты.
48 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Қазақстан ұлттық құрама командасынан татамиге Отгонцэцэг Галбадрах шықса, ерлерден 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Елдос Сметов пен Ғұсман Қырғызбаев белдесті.
Отгонцэцэг Галбадрах (48 кг) жарысқа екінші айналымнан қосылды. Әлем Чемпионатындағы алғашқы қарсыласы француз Франчиска Миланиден голден скорде басым түссе, екінші белдесуінде украиналық Дария Билодидті уақытынан бұрын таза жеңіп, ширек финалда Израиль спортшысы Ноа Минцерден басым түсіп, жартылай финалға жолдама алды. Отгонцэцэг Галбадрах жартылай финалда жапон қызы Тонаки Фунамен кездеседі.
Елдос Сметов (60 кг) алғашқы беледсуінде Мозамбик спортшысы Нэусо Сигаукені жеңіп, екінші айналымда бразилиялық Эрик Такабатакемен негізгі уақытта тең күресіп, қосымша уақытта вазари ұпайымен басым түсті. Ирандық Мохаммат Рашнонезадты таза жеңген Елдос Сметов ширек финалда Әзірбайжан спортшысы Орхан Сафаровқа ескерту қағазымен ұтылып, жартылай финалға өте алмады. Енді Елдос Сметов жұбаныш белдесуінде моңғолиялық Ганбат Болбаатар күреседі.
Ғұсман Қырғызбаев (60 кг) жарыстың бірінші айналымыда-ақ бірінші қарсыласы француз Ривол Чедрикті айқын басымдықпен жеңіп, екінші айналымда Италия спортшысы Элиос Манциден де айласын асыра алды. Үшінді айналымдағы қарсыласы моңғол спортшысы Дашдава Амартувшинді жеңген дзюдошымыз Ғұсман Қырғызбаев ширек финалда чех спортшысы Павел Петриковқа қосымша уақытта есе жіберіп, жұбаныш белдесуінде күресуге мүміндік алды. Отандасымыздың жұбаныш белдесуіндегі қарсыласы – өзбек балуаны Мухриддин Тиловов.
Естеріңізге сала кетсек, Будапештте дзюдодан Әлем Чемпионаты өтіп жатыр. 28 тамыз бен 3 қыркүйек аралығында өтетін әлем біріншілігіне Қазақстан ұлттық құрама сапынан 18 дзюдошы қатысып жатыр.
0 пікірлер