Меруерт Сәрсенова: Дзюдодан Олимпиада шыңын бағындырғым келеді
Мерует Сәрсенова - дзюдодан жастар арасында өткен Азия чемпионатының күміс жүлдегері, балалар арасындағы Азия чемпионы. Ол Елдос Сметов, Асхат Житкеев сынды Олимпиада шыңын бағындыруды армандайды. Ол - болашақ чемпион.
“Азия чемпионатында жақсы нәтиже көрсеттік”
Азия чемпионаты өте жоғары дәрежеде өтті. Оған ұзақ уақыт дайындалдық. Аға жаттықтырушыларымыз екі рет оқу-жаттығу жиындарына апарды. Күніне екі рет жаттығу жасадық. Таңертең физикалық жаттығулар болса, кешке әдіс-тәсілдерімізді жетілдіріп, жаттықтырушыларымызбен жұмыс істедік.
Чемпионатта бірінші корейлік дзюдошымен кездесіп, оны ескертумен жеңдім. Ширек финалда монғолдық қызды вазари ұпайымен жеңдім. Бірақ, бұл мен үшін қиын кездесулердің бірі болды. Себебі, ол Азияның екі дүркін чемпионы еді. Сол маған психологиялық тұрғыда қатты әсер етті.
Ал финалда тайпей қызымен кездестім. Жеңуге бар күшімді салдым, алайда бұйырмады (жымиды). Себебі, бірінші болып шабуыл жасауға сенімділігім жетіспеді. Бәрінің көңілін қалдырып алудан қорықтым.
Дегенмен, біз жақсы нәтиже көрсеттік деп ойлаймын. Жалпы есеп бойынша, 2 алтын, 6 күміс, 7 қоламен үшінші орын алдық. Алдымызға Өзбекстан мен Корея түсіп кетті (жымиып).
Біздің спортшылар бұдан да жоғары нәтиже көрсете алады. Себебі, біздің рухымыз мықты. Оның үстіне барлық спортшыларымыз өзінің әлеуетін толық көрсеткен жоқ. Енді алдымызда Әлем чемпионаты күтіп тұр. Онда жүлдемен оралуға барымызды саламыз. Сол үшін күні-түні тер төгіп, дайындалып жатырмыз. Маған сенім артып отырған ата-ана, дос-бауыр, жаттықтырушыларымның сенімін ақтап, еліміздің туын көкте желбіретемін деп сенемін.
“Менің басты қарсыластарым”
Менің салмақ дәрежемде (52 килограмм) басты қарсыластарым – жапон қыздары. Қазір рейтингте көш басында израильдық қыз тұр. Мен әзірге 9-орында тұрмын.
Ең жарқын жеңіс
“Азия балалары” спорттық ойынын жеңгенім – менің осы күнге дейінгі ең жарқын жеңісім. Ол кезде 48 килограммға дейінгі салмақта шығатынмын. Финалда ресейлік Дария Кашинамен кездестім. Алғашқы төрт минут бойы екеуіміз бір-бірімізге беріспегеніміз сонша, бірде-бір ұпай ала алмадық. Қосымша берілген екі минутта 2 ұпай жинап, жеңіске жеттім (жымиды). Ол – менің халықаралық чемпионаттардағы ең алғашқы алтыным. Сол кездегі сезімімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Бірақ ең бірінші ата-анамды, олардың мен үшін қалай қуанып жатқандарын ойладым. Маған артқан сенімдерін ақтағанымды сездім.
“Дзюдоға әкем алып келді”
Мен Талдықорған қаласының тумасымын. Әкем каратэмен, анам гимнастикамен айналысқан. Үш ағайындымыз. 11 жасар інім бар. Ол да дзюдомен айналысады. Сіңлім 3 жаста.
Інім екеуімізді де дзюдоға әкеміз алып келді. Бала кезімде спортпен айналысуды қатты армандадым. Сол кезде әкем дзюдоны таңдауға кеңес берді. Онда жасым 11-де еді. Алғашқы айда бұл спорттың менікі екенін түсіндім. Қалалық біріншіліктерді жеңіп жүрдім. Ары қарай солай жалғасып кетті. Осы спорт арқылы құрбым Ғалия Тынбаевамен таныстым. Ол Азияның екі дүркін чемпионы.
Қазіргі уақытта Республикалық спорт колледжінде оқып жүрмін. Ал орта білімді №133 орта мектепте алдым.
“Олимпиадаға қатысқым келеді”
Мен Олимпиадаға қатысуды армандаймын. Еліміздің туын сол жақта желбіретіп, бәріне өзімнің мықты екенімді дәлелдегім келеді.
Спортты ешқашан тастамаймын. Болашақта өзіміздің аға-әпкелеріміз сынды жаттықтырушы болғым келеді.
Меруерттен кеңес
Баласы дзюдоға барсын-бармасын, кез келген ата-ана баласына қолдау көрсетуі керек. Кейде қолынан келмей жатса, ұрыспай, керісінше, түсіндіріп, оған сенім арта білсе деймін. Себебі, ата-ананың қолдауы, олардың бізге деген қарым-қатынасы өте үлкен рөл атқарады.
Ал, барлық спортшыларға армандап жатып ұйықтап, мақсатпен оянуын тілеймін.
“Алғыс айтамын”
Мені үнемі қолдап келе жатқан өзімнің ата-анама алғысым шексіз! Сондай-ақ, Қазақстан құрамасының аға жаттықтырушылары Есенғалиев Ғайнула, Төребеков Бақытжан ағайларға, алғашқы жаттықтырушым Дүйсен Аязбековке, Алматы облысының жаттықтырушысы Қайрат Жармұхамедов ағайға да рахметімді айтамын. Менің шетелдік турнирлерге шығуыма қаржылай қолдау білдіріп отырған “Олимпиада резервіне дайындау орталығына” да алғысым шексіз.
“Меруерт спортқа үлкен мақсатпен келді”
– Меруерт Азия чемпионатының алдында жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатынан бірінші орын алды. Азия чемпионатына ақтық айқаста тайпей қызымен шықты. Кездесудің аяқталуына 40-50 секунд қалғанша вазаримен ұтып тұрып, ойламаған жерден қарсыласының “коронный” әдісіне түсіп қалдық. Сөйтіп, 2-орын бұйырған екен. Алайда тамыз айында Чилиде өтетін Әлем чемпионатына жолдама алдық. Шілде айының 24-25-іне Астана қаласына Әлем біріншілігінің дайындығына барады.
Меруерт спортқа үлкен мақсатпен келді. Ол әкесімен бірге алғаш рет залға келгенде көзінен от байқадым. Ата-анасынан спортты тастатпауын өтіндім. Себебі, қыздар 15-16 жасқа келгенде спортты тастап кетіп жатады. Енді чемпионаттарға қатысып, жетістіктерге жете бастағанда, ата-аналары оқыту үшін спортты тастатады. Ал Меруерттің ата-анасы маған берген уәдесінде тұрды. Қазіргі уақытта Меруерт жақсы нәтижелерге қол жеткізіп жатыр. Төрт жылда бір болатын “Азия балалары” спорттық ойынына қатысып, алтын алды. Оны балалар олимпиадасы деп айтуға да болады. Одан кейін Қазақстан біріншілігін ұттық. Азия чемпионатында да үздік үштікке кірдік.
Меруерт спортқа келген кезде: “Аға, менің Елдос Сметов, Асхат Житкеев сияқты әлемді мойындатып, олимпиада шыңдарына шыққым келеді”,-деді. Оның алға қойған мақсаты өте үлкен, – дейді Меруерттің жаттықтырушысы Дүйсен Аязбеков.
baribar.kz
0 пікірлер