Қаражалдағы қара шаңыраққа 20 жыл!
Қазақстанда дзюдоның қарқынды дамып келе жатқанына ешкім шек келтірмейді. Еліміздің түкпір-түкпірінде дзюдо үйірмелері ашылып, шалғайда жатқан ауыл жұртын жаңа есімдермен, жаңа Чемпиондармен толықтырып жатыр. Үлкен қалалардан басқа, аудан орталықтарында спортшылардың дайындығын пысықтау үшін ашылып жатқан үлкен үйірмелер мен дзюдо мектептерінің көбеюі алғашқы сөзімізді толық мақұлдап тұр.
Өткен ғасырдың соңғы жылдарында, нақтылап айтсақ, 1997 жылы дәл осы күні Қарағанды облысы, Қаражал қаласында «Қаражал қаласының мамандандырылған олимпиадалық резервтегі дзюдо балалар-жасөспірімдер мектебі» бой көтерді. Аталмыш мектеп Қарағанды облысы, Қаражал қаласы әкімінің жарлығымен, қазақ дзюдо тарихында аты алтын әріптермен жазылатын бірегей білікті бапкер, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Тәжкеев Дүйсенбай Тәжкейұлының бастамасымен ашылған болатын. Бүгінде бұл мектептің шәкірттері қазақ жұртын жеңісімен қуантып, ел намысын абыроймен қорғап жүр.
Қаражал қаласында дарынды дзюдошыларды дайындап жүрген мектептің биыл құрылғанына 20 жыл толып отыр. Тәжкеев Дүйсенбай бастаған мектеп ұжымын айтулы мерекемен Қазақстан Дзюдо федерациясы шын жүректен құттықтайды! Спортшыларға толағай табыстар тілей отыра, болашақта жеңімпаздар көп болсын дейміз!
0 пікірлер