Дидар Хамза: Мені дзюдоға әкемнің қатал тәрбиесі алып келді
Спортшыларымыздың арасында болашақта олимпиада чемпионы атануы мүмкін жастар көп. Солардың бірі - жасы 20-ға енді іліккен жас дзюдошы Дидар Хамза. Ол Рио олимпиадасынан кейін 81 келіге салмақ ауыстырған еді. Спортшыны жаңа салмақтағы жай-күйін "Сұрақ-жауап" сайтына берген сұхбатында айтып берді.
Дидар Хамза өзінің дара талантымен, сұңғыла спортшыға тән ерекше болмысымен көп ортасынан айырықшаланып келеді. Түркістан топырағында дүниеге келген жас спортшы қазіргі дейін талай әлемдік доданың шаңын қағып үлгерді. Атап айтсақ жасөспірімдер арасында Қазақстанның төрт, Азияның екі дүркін чемпионы, әлем чемпионатының қола жүлдегері. Ересектер арасында Еуропа кубогында үшінші орын, Азия чемпионатында – екінші, былтыр Алматыда өткен әлемдік Гран-при сайысында үшінші орын алды. Ең бастысы, былтыр төрт жылда бір айналып соғатын олимпиада ойындарына 73 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қатысып, ел мәртебесін көтерді. Бірақ, алғашқы ірі сайысы болғандықтан сәттілік серік болмады. Алайда, Дидар бұл спортта өзінің болашағы бар екенін жарқ еткізіп көрсеткендей.
“Жарақат алып, 2-3 айға қатардан шығып қалдым”
Олимпиада ойындарынан кейін 81 келі салмақ дәрежесіне ауысып кеттім. Өзімді жаңа салмақта жетілдіріп, сынап көргім келді. Риодан соң Әбу-Дабидегі Гран-при жарысында 5-орын алдым, содан соң Қазақстан чемпионатында екінші орын алып қалдым. Одан кейін Азия чемпионатына барардың алдында жастар арасындағы Қазақстан чемпионатына қатысқан едім. Сол ел чемпионатының финалында аяғымнан жарақат алып қалып, қазір 2-3 айға қатардан шығып қалған жайым бар. Қазір операция жасалды, енді соның тезірек жазылып кетуі үшін күтім жасап жатырмыз. Сөйтіп құрлықтық додаға баруға небәрі бір күн қалғанда оңбай жарақат алып, Азия додасына бара алмай қалдым.
“81 келі салмақ дәрежесіне бейімделу қиын болды”
81 келі салмақ дәрежесіне бірден үйренісіп кеттім деп айта алмаймын. Көбінесе физикалық мүмкіндік жетіспей, салмағымның өзі 77-78 бен тоқтап қалып жатыр. Жалпы, спорттың қай түрінде болмасын салмақ ауыстыру спортшы үшін оңайға түспейді ғой. Оған толыққанды бейімделіп, сол салмақтағы қарсыластарын зерттеп білу үшін де біраз уақыт кетеді. Енді келесі Токио олимпиадасына дейін бұл салмақта әбден ысылып, өз-өзімді жан-жақты дамытып, дайын болып барамын деп ойлаймын.
Олимпиада ойындары – әр спортшының арманы ғой. Басқа жарыстарға қатыссаң барасың-келесің, біреу біледі, біреу білмейді дегендей. Ал олимпиада ойындарына қатысатын болған соң сенің Қазақстанның атынан шығатыныңды бүкіл халық біледі. Барлығы үміт артып, жолыңа қарап, жауапкершілігіңді арттыра түседі. Ал ол жақта барлық телеарналар, журналистер сұхбат алады, күн сайын жылы лебіздер білдіреді. Соның барлығы адамға қысым болып тиіп, намысыңды одан әрі жани түседі. Бір жағынан олимпиада жер-жаһанның спортшылары үшін ерекше бір мейрам сияқты ғой. Бүкіл әлемнен келген спортшылар бір қалашықта тұрып, бір жерден тамақтанып, бірге жүріп, басқа да шараларға қатысады. Барып қатысып қайтудың өзі үлкен тәжірибе сыйлайды, өзіңе сенімділік аласың. Ал белдесуге келгенде – басқа жарыстардан ерекшелігі жоқ. Олимпиадаға дейін де белдесіп жүрген балаларды көресің. Тек артықшылығы сол, бүкіл әлем көз тігеді, осылайша оның бәсін арттырып жібереді.
“Бапкерім – әкем”
Мен Түркістан қаласындағы Бекзат Саттарханов атындағы спорт мектебінде жаттығамын. Бапкерім – өзімнің әкем Айдиев Марат деген кісі. Спортқа келуіме де әкем тікелей себепкер болды. Кішкентайымнан спорттың осы түріне баулып, қыр-сырын ерінбей, жалықпай үйрететін. Спортқа келгенде тәрбиесі қатал. Кішкентай кезімде әкем дайындайтын балалар үйге келіп жаттығатын. Мен соларға қызыға қарап тұрушы едім. Кейін өсе келе әкемнің қолдауымен, әрі өзімнің де қызығушылығым оянып дзюдоны таңдадым. Туған ағам Дулат Хамза да дзюдомен айналысады. Ол да жастар арасындағы Қазақстан чемпионатында топ жарған. Ағам бұл спортпен әлі де айналысады. Дегенмен нәтижелері әзірге айтарлықтай емес.
“Дзюдо – таза спорт”
Дзюдо – әдемі күрес. Татамиге шыққан кезде де спортшылар бір-біріне қарап құрмет білдіреді. Белдесу аяқталған кезде де солай. Тазалық тұрғысынан да алдыңғы қатарлы спорт деп айтар едім. Тағы бір айта кетерлігі, мәселен, бокста кімнің жеңетіні шамамен болса да белгілі болып тұрады ғой. Ал дзюдода ондай жоқ. Ең мықты деген фаворит спортшы татамиге шыға сала ипон алып, жеңіліп қалуы мүмкін. Не болмаса бір спортшы ұпай басымдылығымен жеңіп жатып, соңғы 5 секундта таза жеңіс мүмкіндігін қарсыласына беріп қоюы мүмкін. Яғни, кімнің жеңетінін болжап болмайсың. Осы тұрғыдан алғанда қиындау спорт. Қазір енді олимпиада ойындарынан кейін дзюдоның ішінде біраз ережеге де өзгерістер енгізілді. Бұрын спортшылар шидо арқылы, яғни, ескертумен жеңіп кете беретін. Енді ол ереже күшін жойып, спортшы таза белдесу арқылы ұпай олжалауға міндеттелді. Бұл жақсы өзгеріс деп ойлаймын.
“Менің салмағымда жапон, орыс, кәріс, грузин балуандарының бәсі мықты”
Қазақстанның ішінде 81 келі бойынша Әзиз Қалқаманұлы, Ақжолхан Өтеулиев, Ерсұлтан Мұзафаров сынды спортшыларды айтуға болады. Ішкі бәсекелестіктің мықты болғаны да жақсы, өзіңді жақсы қырынан шыңдай түсуге мүмкіндік береді. Ал әлем бойынша айтар болсақ, менің салмағымда жапон, орыс, кәріс, грузин балуандарының бәсі мықты. Әсіресе, Ресейден шыққан әлем чемпионы Хасан Халмурзаев, жапониялық Нагаси Такамури сынды спортшылар бар. Өзім Қазақстан ұлттық құрамасының қатарында жаттығамын. Олимпиада ойындарына дейін құрамадағы ең жас спортшы мен болған едім. Енді биылдан бастап тағы да менімен құрдас спортшылар қатарға қосылып жатыр. Ұлттық құрамадағы бапкерлерге, аға бапкерлерге, спортшыларға алғысым зор. Бәріміз бір отбасы секілдіміз. Жарыстарға барған кезде де бір-бірімізден көмегімізді аямаймыз.
“Хорватияда өтетін жастар арасындағы әлем чемпионатына қатыспақпын”
Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің спорт факультетінде 3 курста оқып жатырмын. Өзім спорт саласында жүргеннен кейін, кәсіби білімді де спорттан алайын деп шештім. Туған жерім, тұрғылықты жерім қасиетті Түркістан қаласы болғандықтан да жоғарғы оқу орнын да осы жерден таңдадым. Алла қаласа, жарақатымнан айығып шыққаннан кейінгі бірінші жарысым – Хорватияда өтетін жастар арасындағы әлем чемпионаты болмақ. Сол әлемдік додада өзімді жақсы қырынан көрсетіп, жүлде иеленсем деген мақсат қойып отырмын. Одан кейін біртіндеп ересектер дуына да араласатын боламын.
Сұхбаттасқан: Әсел Сарқыт
0 пікірлер