Маратбек Мықтыбеков: Ауыр салмақтағы балуандардың күресі көңілден шықпай жүр
Дзюдодан Қазақстан Ұлттық құрамасы Гонконгта өткен Азия чемпионатында сәтті өнер көрсетіп қайтты. Құрлықтық біріншілікте бір алтын, үш күміс және үш қола медаль иеленген Қазақстан құрамасы медаль саны бойынша жалпы есепте 29 ел ішінде үздік төрттіктің қатарынан көрінді. Жуырда дзюдо федерациясының вице-президенті, бұрынғы спортшы, қазіргі басшы Маратбек Мықтыбековпен Азия чемпионатының қорытындысы, Ұлттық құраманың Олимпиадаға дайындық барысы туралы сұхбаттасып, пікірін білген едік.
– Маратбек Сәменбекұлы, сізді бұрынғы спортшы ретінде білеміз, іскер басшы ретінде де жақсы қырыңыздан көрініп келесіз. Басшылық қызметте бір Олимпиадалық циклды өткізіп үлгердіңіз. Алдағы төрт жылдыққа дайындық қалай жүріп жатыр?
– Токио Олимпиадасына дайындықты бірқатар өзгерістермен бастап кеттік. Ең бірінші қыздар құрамасының аға бапкерін ауыстырдық. Жаңа жылдан бастап қыздарды Галбадрах Отгонцэцэгтің жеке бапкері Энхбаатар Дашжамц жаттықтырып жүр. Сондай-ақ, құрамаға бірнеше жас балуандарды алдық. Балуандардың күресін жақсарту мақсатында жаттығу жүйесін өзгеріс енгізіп, жаңа әдіспен дайындап жатырмыз.
– Жақында ғана аяқталған Азия чемпионатын бір шолып өтсеңіз? Қай салмақтағы дзюдошы сенімді ақтады, қай салмақтағы балуанның күресі көңілден шықпады? Және қай дзюдошыға кешіріммен қарадыңыздар?
– Азия чемпионатына 60 килода жас балуан Ғұсман Қырғызбаевты апардық. Өкінішке қарай, Ғұсман бірінші айналымда төрешінің қателігінен жарыстан шығып қалды. Қырғызбаев болашағынан үміт күттіретін балуанымыздың бірі. 66 килодағы Азамат Мұқанов өз мүмкіндігін пайдалана алмады. Қырғыз балуанынан осымен екінші рет ұтылды. Ал, Елдос Жұмақановтың белдесуі көңілден шықты. Сенімді толық ақтады деуге болады. Ол финалда Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Ан Ба Улдан жеңілді демесек, финалға дейін жақсы күресті. Жансай Смағұлов (73 кг) та өте жақсы күрес көрсетті. Қола үшін күресте ол 4 минут бойы жапон балуанымен тең күресіп, соңғы уақытта жеңісті жұлып алды. Жансай Олимпиададан кейін жаңа салмаққа ауысса да, 73 килоның бірінші нөмірлі балуаны атанды. Азиз Қалқаманұлы (81 кг) соңғы уақытта ала-құла белдесіп жүр. Бірақ, осы жолы жаман күресті деп айта алмаймын. Ислам Бозбаев (90 кг) тәртібінің нашарлығына байланысты Ұлттық құрамадан шеттетіліп, 2 жылдан соң қайта оралды. Ол осы чемпионатта Әлем чемпионы атанған мықты балуандарды оңай ұтып, ширек финалда тәжік балуанынан ұтылып қалды. Исламның осы тұста дайындығы аз болғаны көрініп қалды. Максим Раков (100 кг) жақсы күресімен көзге түсті. Азия чемпионы атанды. Өзінің Азияда мықты екенін 8 жылдан соң тағы бір дәлелдеді. Бір өкінштісі, ауыр салмақта балуандардың күресі көңілден шықпай жүр. Ал, қыздар күресін айтар болсақ Галбадрах Отгонцэцэг Азия чемпионатының финалында өзінің бұрынғы отандасынан ұтылып, күміс алып қалды. Енді Галбадрахты әлем чемпионатына жақсы дайындап, сол жақтан алтын аламыз деп үміттеніп отырмыз. Басқа қыздардың күресіне де көңіліміз толды. Жалпы, Азия чемпионатына орташа деген баға беруге болады.
– Биылдан бастап қыздар құрамасын Галбадрах Отгонцэцэгтің жеке бапкері Энхбаатар Дашжамц жаттықтырып жатқанын айтып қалдыңыз ғой. Жалпы, шетелден бапкер алдырту қаншалықты дұрыс?
– Қазіргі уақытта шеттен бапкер алып келу бізге өте тиімді. Энхбаатар Дашжамц қыздар құрамасын жаттықтырғалы алты айға жуықтады. Әзірше қыздарымыз көңіл көншітетіндей нәтиже көрсетіп жатқан жоқ. Бірақ, жаңа бапкердің арқасында қыздардың техникалық, физикалық мүмкіндіктері жақсарып келеді. Өткен төрт жылдықта ерлер құрамасына да кеңесші алып келген болатынбыз. Бірақ, ол кеңесшімен биылға келісімшартқа отыра алмадық. Оған басқа елден ұсыныс түсіп, сол жаққа кетті. Шетелден бапкер алдырту әлемдік үрдіс дер едім.
– Галбадрах Отгонцэцэг деп қалдық қой. Футбол тілімен айтсақ Галбадрахты Қазақастанға әкелу сәтті трансфер болған сияқты. Алдағы уақытта Ұлттық құрамада осындай трансфер болуы мүмкін бе?
– Біз бұл спортшының тек өзін емес, жаттықтырушысымен бірге алып келдік. Ең бірінші мәселе бұл жерде жаттықтырушыда. Галбадрах Қазақстанға келгенде рейтингтегі орнын жаңадан бастап, бір жыл ішінде үздік ондыққа енді. Бұл да бапкерінің арқасы. Меніңше, осы бір спортшы бізге жеткілікті. Қалған салмақтарда өзіміздің балуандарды дайындаймыз.
– 66 килодағы тәжірибелі балуан Азамат Мұқанов туралы пікіріңіз қандай? Азамат көп жарыстарда жартылай финал, финалға дейін жетіп, шешуші сәтте жеңіліп қап жатады. Бұған не себеп деп ойлайсыз?
– 66 кило әлемде бәсекелестік өте жоғары салмақ. Азамат Мұқанов 2013 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері екенін ұмытпауымыз керек. Ол самбо спортынан дзюдоға ауысқан спортшы. Күресі өте ерекше. Елімізде жүйке жүйесі мықты спортшылардың бірі – осы Азамат. Төзімді. Мұқановтың сәтсіз күресіп жүргені жаттығуынан деп ойлаймын. Қазір өз салмағыңның үздігі болсаң, спортшының бәрі саған дайындалады. Сондықтан, Азамат 2013 жыл Әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанған соң дайындығын екі есеге көбейту керек еді.
– Құрамадан екі жылға шеттетілген Ислам Бозбаев қайта оралды. Исламның Азиядағы күресіне қандай баға бересіз?
– Шынын айту керек, Ислам Бозбаев еліміздің өте мықты спортшысы. Мықтылығы соншалықты, ойламаған жерден жеңісті жұлып алады. Тіпті, әлемнің үздік деген спортшыларын оп-оңай жеңіп кетеді. Басқа елдің спортшылары қарсыласынан қорқып, дайындалып жүрсе, Ислам татамиге шығады да еш қиындықсыз қарсыласын ұтады. Осындай спортшыларға біз өте үлкен сенім артамыз. Бұл спортшының да Олимпиада, Әлем чемпионы атануға мүмкіндігі өте мол, барлығы тек өзіне байланысты.
– Биылдан бастап дзюдо спортының ережесі өзгергені белгілі. Жаңа ережені жанкүйерлерге түсінікті тілмен айтып беріңізші?
– Биылдан бастап қолданысқа енген ереже жеке өзімнің көңілімен шықты. Өйткені, алдыңғы ережеде ұпай болмаса да бір ескертумен жеңіске жете беретін ал, қазір спортшы ескерту алса ұтылмайды. Тек қосымша белдесуде ғана ескерту алып жеңілуі мүмкін. Бұл жерде таза әдіс жасап, ұпай алып қана ұтасыз. Ескі ережеде 2 «вазари» ұпайы таза жеңіс деп есептелетін. Қазір 10 «вазари» жасасаңыз да таза жеңіс болып есептелмейді. Бұл ережелер ұтылып жатқан балуандарға мүмкіндік береді. Бұрынғы ережеде аяқтан ұстаса, жарысты тоқтатып, жеңісті қарсыласқа берсе, қазір бірінші рет аяқтан ұстасаңыз ескерту, екінші рет ұстасаңыз ғана жарыстан шеттетеді. Бір жағадан ұстап тұрса ескерту беріледі, бірақ әдіс жасаса ескерту берілмейді.
Сұхбаттасқан Әли Битөре
Егемен Қазақстан
0 пікірлер