Ақтауда «Ер Қосай Құдайкеұлы» атындағы халықаралық турнир аяқталды
Дәстүрлі түрде тоғызыншы рет дзюдодан халық батыры «Ер Қосай Құдайкеұлы» жүлдесіне арналған халықаралық турнир мәресіне жетті. Қазақстан, Түркия, Әзірбайжан, Грузия, Тәжікстан, Түркіменстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Армения, Ресей мемлекеттерінің басын қосқан дүбірлі доданың қорытындысында 2002-2004 жылы туған жасөспірімдер арасында командалық есепте бірінші орынға Ақтау қаласындағы «Жас батыр» спорт мектебінің (4 алтын, 5 күміс және 7 қола медаль) дзюдошылары ие болды. Екінші және үшінші орынды Атырау облысы (3 алтын, 2 күміс және 3 қола медаль) мен Оңтүстік Қазақстан облысы (3 алтын және 3 қола медаль) өзара бөлісті. Жарыстың екінші күні 2005-2007 жылы туған жасөспірімдер арасында бірінші орыннан 4 алтын, 4 күміс және 7 қола медальдармен «Жас батыр» спорт мектебі көрінді. Екінші орынға Қызылорда облысының командасы (3 алтын, 6 күміс, 3 қола медаль) және үшінші орынға ақтаулық «Шоғы батыр» спорт мектебі (3 алтын, 1 күміс және 1 қола медаль) тұрақтады.
Екі күн бойы «Теннис орталығы» жанкүйерлерге лық толып, дзюдо күресімен тыныстады. Жарыстың алғашқы күні 2002-2004 жылы туған жасөспірімдер арасында 38 келі салмақта Нұрсұлтан Манарбекұлы («Жас батыр» спорт мектебі), 50 келі салмақта Азамат Ақылбаев («Жас батыр» спорт мектебі), 66 келі салмақта Рысбек Базарбай («Шоғы батыр» спорт мектебі), +81 келі салмақта Жандос Қыдырбаев («Шоғы батыр» спорт мектебі), 44 келі салмақта Айгерім Еламанова («Жас батыр» спорт мектебі), 57 келі салмақта Маржан Каналиева (Жаңаөзен қаласы) алтын медальдің иесі атанып, жерлестеріне жеңіс сыйлады. Одан бөлек маңғыстаулық 7 балуан күміс және 15 қола медальдарға қол жеткізді.
— 16-17 мамыр күндері өткен халық батыры «Ер Қосай Құдайкеұлы» атындағы халықаралық турнирінде облыс намысын 67 ұл мен 25 қыз бала қорғады. Барлығы да бабында тұрған балуандар. Халықаралық деңгейде мұндай жарыстар өткізу арқылы спортшылардың біліктілігін арттырып, шеберлігін шыңдаймыз. Бір жағынан маусым айында Қарағандыда дзюдодан кіші жасөспірімдер арасында өтетін ҚР чемпионатына дайындық десе де болады. Жарысты жоғары деңгейде ұйымдастыруға атсалысқан барлық азаматтарға, демеушілерге алғыс айтамыз. Аталмыш жарыстан топ жарып, 1,2,3 орынды иеленген жеңімпаз балуандарға «Спорт шеберіне үміткер» деген атақ беріледі,-дейді облыстық «Жас Батыр» мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры әрі жарысты ұйымдастырушы Манарбек Бисекенов.
Жүректілер мен білектілердің айқасы екінші күні 2005-2007 жылы туған балуандар арасында жалғасты. Аймақ намысын 26 келі салмақта Рамазан Нұрмамед («Жас батыр» спорт мектебі), 29 келі салмақта Ерлан Әділ («Шоғы батыр» спорт мектебі), 35 келі салмақта Диас Әділханов (Мұнайлы ауданы), 38 келі салмақта Ерасыл Машырық («Шоғы батыр» спорт мектебі), 42 келі салмақта Ринат Жаңбырбаев (Мұнайлы ауданы), 50 келі салмақта Мейрамбек Алдабергенов («Жас батыр» спорт мектебі), +50 келі салмақта Нұрдәулет Ерболұлы (Бейнеу ауданы), 35 келі салмақта Анар Жұмағалиева («Шоғы батыр» спорт мектебі), 42 келі салмақта Ақмарал Абышева («Жас батыр» спорт мектебі) абыроймен қорғап, тұғырдың ең биік сатысынан көрініп, халықаралық жарыс чемпионы атанды. Күміс медальді маңғыстаулық 6 Балуан және қола медальді 17 дзюдошы қанағат тұтты.
— Менің дзюдомен айналысып жүргеніме үш ай уақыт болды. Осымен екінші рет облыста ұйымдастырылған халықаралық жарысқа қатысып отырмын. Самбодан өткен «Ақтау кубогінде» үшінші орынды еншілеп, ұнжырғам түсіп еді. Бұл жолы алтын медальға қол жеткізуім үшін барымды салып күрестім. Халықаралық жарыстың чемпионы атанғаныма өте қуаныштымын. Жарысқа дайындап, маған сенім артқан Ерлан ағайыма алғыс айтамын. Болашақта Жазира Жаппарқұл сияқты Олимпиада төрінде өнер көрсетіп, қазақ елінің әнұранын асқақтатқым келеді,-дейді Ақмарал Абышева.
Венера МИРЛАН
Суреттерді түсірген Ақерке Гагаринқызы
0 пікірлер