Б. Махмұтов жүлдесіне арналған халықаралық турнирге байланысты баспасөз конференциясы өтті

18:28 | 21 сәуір 2017

Бүгін, 21 сәуір күні Алматы қаласы «Халық Арена» спорт кешенінде ҚР Дзюдо федерациясының құрметті президенті Бекет Махмұтовтың жүлдесіне арналған дзюдодан жастар арасында өтетін халықаралық турниріне байланысты ресми баспасөз конференциясы өтті. Баспасөз конференциясына Азия Дзюдо Одағының (JUA) бас хатшысы Мукеш Кумар мен Азия Дзюдо одағының (JUA) спорт жөніндегі директоры Че Куонг Хон, Алматы қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасының директоры Абил Донбаев, Қазақстан дзюдо федерациясының атқарушы директоры Самат Жылқыбаев, Қазақстан Дзюдо федерациясының даму жөніндегі директоры Асхат Жіткеев және кадеттер арасында Әлем Чемпионы Айболат Ыстыбаев қатысты.

Алматы қаласы спорт бөлімінің басшысы Әбіл Донбаев Алматы қаласы дзюдодан мұндай ірі жарысты бірінші рет өткізіп отырмағанын тілге тиек етіп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі:

- Өздеріңіз білетіндей, 22-23 сәуір күндері Қазақстан Дзюдо федерациясының құрметті президенті Махмұтов Бекет Сапабекұлының жүлдесіне арналған халықаралық турнир өтеді. Қазақстан, соның ішінде Алматы қаласында дзюдодан мұндай ірі спорттық шараның өткізілуі бірінші рет емес. Осыған дейін Әлемдік «Masters» турнирі мен Әлемдік «Grand Prix» кезеңдерін жоғары дәрежеде өткізіп келдік. Жақында ғана 28-ші Бүкіләлемдік қысқы универсиада үшін арнайы ашылған спорттық нысан жазғы спорт түрлерінен де әр түрлі спорттық шараларды өткізуге дайын, -деді баспасөз конференциясында.

cfd5a7658246b3604746c41f13a4fed2.JPG

JUA бас хатшысы Мукеш Кумар мен JUA спорт жөніндегі директоры Че Куонг Хон Қазақстанның дзюдоны жастар арасында дамуына ерекше назар аударғанына алғысын білдіріп, бұдан әрі бұл бастаманы қолдайтындарын жасырмады. Сондай-ақ, 2017 жылдың қаңтар айында дзюдо ережелеріне енгізілген өзгерістерге жас спортшылардың тез бейімделгенін, дзюдодағы әр өзгерістің спортты қызықтыра түсу үшін жасалатынын айтты.

Естеріңізге сала кетсек, Қазақстан дзюдо федерациясының құрметті президенті Бекет Махмұтовтың жүлдесіне арналған дзюдодан жастар арасында өтетін халықаралық турнир 22-23 сәуір күндері өтеді.

Халықаралық турнирге Қазақстанмен қоса есептегенде алты мемлекет қатысады. Олар: Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Әзірбайжан, Молдова, Грузия. Екі күнге жоспарланған дүбірлі додада 500-ге жуық спортшы 8 салмақ дәрежесінде (ерлер: -55, -60 кг, -66 кг, -73 кг, -81 кг, -90 кг, -100 кг, +100 кг; әйелдер: -44, -48кг, -52кг, -57кг, -63кг, -70кг, -78кг, +78кг) өзара мықтыны анықтайды. Жарыс «Халық-Арена» спорт кешенінде күн сайын сағат 10.00-де басталады.

0 пікірлер

Арқылы авторизация жасай аласыз:

Әлеуметтік желідегі парақшалар