Қазақстандық дзюдошылар «Grand Prix» турнирінде екі алтын алды
Анталияда дзюдодан халықаралық «Grand Prix» турнирінің бірінші күні аяқталды. Қазақстан құрамасы жарыстың алғашқы күнінде екі алтын медальмен 34 ел ішінде бірінші орында тұр.
48 келіге дейінгі салмақта Рио Олимпиадасының қола жүлдегері атанған Галбадрах Отгонцэцэг түрік татамиінде ел намысын абыроймен қорғады. Ол бірінші кездесуінде түркиялық Сентур Гулькадерді иппонмен жеңсе, жартылай финалда Ресей спортшысы Гилязова Сабинаны вазари ұпайымен жеңіп, финалға жолдама алды. Финалда Ришони Шираны (Израиль) ұтып, «Grand Prix» турнирінің чемпионы болды.
Ғұсман Қырғызбаев 60 келіге дейінгі салмақта сынға түсіп, жарыс жеңімпазы атанды. Алғашқы белдесуін түркіменстандық Батыр Гирбаниязовқа қарсы өткізіп, вазари ұпайын еншіледі. Іріктеу кезеңінің екінші белдесуінде моңғол спортшысы Баяра Амартувшинді ұтса, жартылай финалда тайпейлік Янг Юнг Уэйді жеңді. Финалдағы қарсыласы Озлу Бекирді голден скорда (қосымша уақыт) вазари ұпайымен жеңіп, ел қоржынына екінші алтын жүлдені салды.
7 сәуірде басталған «Grand Prix» турнирі 9 сәуірге дейін жалғасады. Әлемнің 34 елінен 252 дзюдошы тіркелген бұл жарысқа Қазақстан Ұлттық құрамасынан 22 спортшы қатысып жатыр.
0 пікірлер