Маратбек Мықтыбеков: «Мен спортқа оралдым, бірақ міндетім басқа»

10:00 | 12 тамыз 2013

2000 жылы Африкада қола медаль жеңіп алып, дзюдодан әлем чемпионатының Қазақстан тарихындағы бірінші жүлдегері атанған және Қазақстан чемпионы болған Маратбек Мықтыбеков өзінің спорттық мансабының басында қазақша күреспен және самбомен айналысқан, кейіннен кәсіби тұрғыда дзюдоға келген. 2004 жылы дзюдошы Афины Олимпиадасы қызу дайындалып, олимпиадалық біліктіліктен өткелі жүрген кезде, жаттықтыру кезінде белінен ауыр жарақат алып, спорттық мансабын аяқтауға мәжбүр болған еді. Бірнеше жылдан кейін ол спортқа оралды, бірақ басқа міндетпен. 2012 жылдың қараша айынан бері ол -Қазақстан Республикасы Дзюдо федерациясының вице-президенті.

Маратбек Мықтыбеков біздің тілшімізгеберген сұхбатында ұлттық құраманың Әлем чемпионатына дайындығы және бұл спорттың біздің еліміздегі даму перспективасы туралы әңгімелеп берді.

- Маратбек Сәменұлы, айтыңызшы, жарақаттан жазылу және қарапайым адамдарша өмір сүру спортшыға қаншалықты ауыр? Бұл жағдай сіздің басыңыздан өтті, тәжірибеңізбен бөліссеңіз?

- Ия жарақаттан кейін дәрігерлер маған күреспен айналысуға тыйым салды. Мен екі жыл бойы, ұзақ уақыт қалпыма келдім. Физикалық тұрғыдан ғана емес, моральдық тұрғыдан да бәрі ауыр болды. Мен күрестен басқа ешнәрсе білмедім, осы спортты жақсы көрдім, тек дзюдомен айналыстым. Біздің өміріміз қарапайым адамдардың өмірінен мүлдем өзгеше еді. Үнемі жаттықтыруда, жиындар мен жарыстарда жүретінбіз. Кенеттен, осының бәрі тоқтады да қалды. Жарақаттан жазылғаннан кейін мен спорттан мүлдем қол үздім. Бір компанияда жұмыс істей бастады. Сол кездегі менің басшым спорт жанкүйері еді, күресті, боксты, басқа да жекпе-жек түрлерінің дамуына көмек көрсететін. Сол кісінің қолдауымен мен бокс федерациясына келіп, бастапқыда атқарушы директор болып жұмыс істедім , кейіннен азиялық спорт конфедерациясына ауыстым. Ал былтырдан бері Қазақстанның Дзюдо федерациясында еңбек етіп жатырмын. Спортқа оралдым, бірақ басқа міндетпен.

- Дзюдодан спорт шебері атанған спортшының мансабы қалай жалғасады? Мамандардың перспективасы қандай? Себебі олардың барлығы халықаралық дәрежеге көтеріліп, Олимпиада медальдарына жете бермейді ғой.

- Әркім өз жолын таңдайды. Бапкерлікпен айналысуға болады. Немесе басқа қызметпен. Спортпен тек Олимпиада медалі үшін айналыспайды ғой. Спорттық тәрбие үшін, денені шынықтыру үшін айналысады. Бұлар кез-келген жас жігіттің өмірінде керек болатын нәрселер.

- Бес федерацияның Конфедерацияға бірігуі Дзюдо федерациясының дамуына қалай әсер етуде?

- Конфедерация былтыр құрылды және менің ойымша, бұл дұрыс шешім болды. Спортшыларға, жаттықтырушыларға, әкімшілік ресурсқа деген жақсы қолдауды көріп отырмыз. Конфедерация халықаралық байланыстар орнатуға көмектеседі. Бірақ ең маңызды мәселе – ол әрине, қаржылай қолдау болып отыр. Барлық ресми турнирлерге сыйлықтар бөлінуде, халықаралық жарыстардың жүлдегері атанған спортшы тікелей қазақстандық тараптан да – Конфедерацияның атынан сыйақы алатын болды. Бұл сыйлық жаттықтырушыларға да, спортшыларға да тағайындалады. Яғни, жүлдегер тек халықаралық қордан ғана емес, Қазақстанда да награда алады. Бұл өте тамаша және маңызды стимул.

Барлық өңірде жаттықтыру базалары ашылды. Енді спортшылар кез-келген облыста шыныға алады. Бұрын мұндай бастамады біздің қалтамыз көтермейтін, қазір Конфедерацияның қолдауымен осы жетістікке қол жеткізіп отырмыз, аталмыш базаларды жалдаудың ақысы біз үшін анағұрлым арзандатылып отыр.

- Конфедерацияның қолдауымен қандай шаралар өткізу жоспарлануда?

- Әзірге бес федерацияның халықаралық фестивалін өткізуді жоспарлап отырмыз. Бұған дейін Конфедерацияның қолдауымен жасөспірімдер жарысы өткізілген болатын. Қазір жергілікті мамандарды жаттықтырушылық жұмысқа, менеджментке, спорт істерін басқаруға үйрену үшін шетелдік мамандарды шақыру мәселесі бойынша «Болашақ» халықаралық бағдарламасымен келіссөздер жүргізілуде. Бұрын мұндай мүмкіндік те, тәжірибе де болмаған.

- Қазақстанда дзюдо бойынша спорт мектептері, секцииялар жеткілікті ме?

- Ресми мемлекеттік спорт мектептері бар. Жекеменшік секциялар ашылуда. Бүгінгі таңда Қазақстанда, еліміздің барлық өңірінде дюздо бойынша ақылы да, тегін де секциялар бар. Әрине, мектептерде дзюдоны үйрету бойынша мемлекеттік бағдарлама енгізілсе, жақсы болар еді. Бірақ бұл өте мол қаржыны қажет етеді. Себебі жабдықтар өте қымбат. Бір секцияға қажетті жиынтықтың өзі шамамен 10 000 доллар құрады. Барлық мектептерде бір ғана зал бар, ал дзюдоға жеке зал керек. Техникалық қамту тұрғысында бізде Конфедерация күшті көмектесіп отыр. Жабдықтар, татами сатып алынуда. Конфедерацияның және демеушіміз «САТ» компаниясының арқасында біз 20 шақты жаңа жиынтық сатып алдық .

- Жақында Бразилияда дзюдодан Әлем чемпионаты басталады. Дайындық қалай?

- Жылдың басында біз Әлем чемпионатына дайындықтың жоспарын жасадық. Спортшылардың дайындығы қазір жоспарлы режимде өтіп жатыр. Конфедерацияның қолдауымен біз халықаралық турнирлерге қатыстық, Туризм және спорт агенттігі де қолдау көрсетіп отыр. 1- 10 тамыздың аралығында Бурадайда соңғы жиынды өткіземіз. Біздің құрама түгел сол жиынға қатысады. Әлем чемпионатына қатысатын құрама анықталып отыр, біздің еліміздің атынан ол байрақты бәсекеге 9 адам қатысады. Дзюдода небәрі 7 салмақ санаты бар, бірақ халықаралық федерацияның жаңа ережесі бойынша қазір әр салмақ санатында екі адамның қатысуына рұқсат етілген. Бірзе екі салмақ санатында екі адамнан қатысқалы отыр. Сондай-ақ біз Бразилияда кішігірім жиын өткізуді жоспарлап отырмыз. Ауа райына үйрену, бейімделу үшін жарыстан 8 күн бұрын ұшып бармақпыз.

- Олимпиадалық ойындарға дайындық туралы не айта аласыз?

- Бізде келешегінен үміт күттіріп отырған жастар баршылық, бірақ Олимпиадаға кімдердің баратыны туралы айтуға әлі ерте. Біздің қазіргі сөзсіз көшбасшымыз - Максим Раков, өз салмағындағы әлем чемпионы. Жақында халықаралық рейтингтің «16» үздігі қатарына кіретін спортшылар қатысқан «Әлем шеберлері» турнирі өтті. Сол турнирде біздің спортшымыз Сергей Лим 66 салмақ санатында алтын медаль жеңіп алды.

- Әлемдің рейтингтің ТОП-16 үздігіне кіретін қазақстандық дзюдошыларды атап өтсеңіз?

- 60 кг салмақта өнер көрсететін Елдос Сметов қазір рейтинге тоғызыншы орында тұрса, Асхат Тельманов – он төртінші орында. Және 66 кг салмақта Сергей Лим төртінші орында тұр.

- Бөлген уақытыңыз үшін рахмет және біздің Құрамаға алдағы Әлем чемпионатында жеңіс тілейміз!

-Рахмет.

0 пікірлер

Арқылы авторизация жасай аласыз:

Әлеуметтік желідегі парақшалар