Манарбек Бисекенов, жаттықтырушы: Семинарда дзюдо техникасымен терең танысудамыз

22:36 | 15 желтоқсан 2016

Алматыдағы дзюдо академиясында халықаралық дзюдо федерациясының арнайы өкілінің қатысуымен жаттықтырушыларға арналған семинар өтіп жатыр. Семинарға еліміздің түкпір-түкпірінен келген жаттықтырушылар қатысып, біліктілігін шыңдауда. Австриядан келген IJF өкіліне шәкірт болып жүрген жаттықтырушыларымыз семинардың алғашқы күнінде алған әсерлерін жасырмады. "Деңгейі жоғары семинар жаттықтырушылардың біліктілігін арттырып қана қоймай, елімізде дзюдоның дами түсуіне сүбелі үлес қосады" - дейді Маңғыстау облысынан келген білікті бапкер, Маңғыстау облысында орналасқан "Жастар" балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры.

9fcc9cc3ee8bea020d1bebb1e2107aa7.jpg

Манарбек Бисекенов, жаттықтырушы (Маңғыстау облысы):

-Шет елдік маманның қатысуымен елімізде дзюдодан жаттықтырушыларға арналған маңызы ерекше семинарға қатысып жатқаныма қуаныштымын. Халықаралық дзюдо федерациясынан арнайы өкілдері келіп, елімізде дзюдоның дамуына үлес қосып жатқаны, бізді назардан тыс қалдырмағаны көңіл қуантады. Әрине, әуелі семинарға қатысып, біліктілігімізді арттыруға мүмкіндік берген федерация басшылығына алғысымызды білдіреміз. Бұл – мереке қарсаңында жаттықтырушыларға жасалған үлкен сый.

Ал Дани Джорджтің бізге үйретіп жатқан әдіс-тәсілдері бізге жат. Яғни осы күнге дейін біз қолданбаған дүниені үйреніп, дзюдо техникасының біз білмейтін қырларымен танысудамыз. Осы жерден үйренгендерімізді шәкірттерімізге үйретіп, біз жетпеген, біз бағындырмаған белесті бағындыруларына себепші болсақ дейміз. Сондай-ақ, жақында дзюдо ережелеріне өзгерістер енгізілмек. Біз IJF өкілінің арқасында ережеге енгізілетін өзгерістермен танысып, практикалық тұрғыда дайындалып жатырмыз. Семинар енді басталғандықтан үйренеріміз әлі де көп деп ойлаймын.

Естеріңізге сала кетсек, жаттықтырушыларға арналған техникалық семинар 14-19 желтоқсан аралығында Алматы қаласындағы дзюдо академиясында өтуде. Жаттықтырушыларға арналған арнайы техникалық семинар Халықаралық Олимпиада Комитетінің ережесіне сәйкес Қазақстан Ұлттық Олимпиада Комитеті мен Қазақстан Дзюдо федерациясы ұйымдастырды.

0 пікірлер

Арқылы авторизация жасай аласыз:

Әлеуметтік желідегі парақшалар