Ақтауда дзюдодан республикалық турнир өтеді

03:32 | 02 желтоқсан 2016

Облыс орталығында 2-3 желтоқсан күндері дзюдодан республикалық турнир жалауын желбіретпек. Дәстүрлі түрде жетінші рет ұйымдастырылатын жарыс КСРО спорт шеберіне үміткер Баламұрат Ақшабаевтың жүлдесіне және ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналады.

Жарысқа еліміздің барлық өңірінен 2000-2001 және 2002-2004 жылы туған 350 балуан қатысады деп күтілуде. Дзюдодан ұйымдастырылатын жарыс 2-3 желтоқсан күндері облыстық «Жастар» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде өтеді. Байрақты бәсекеде Маңғыстау облысының намысын 50 балуан қорғамақ.

-Турнирдің басты мақсаты-жас спортшылардың шеберлігін шыңдау, жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын насихаттау, жас спортшылардың республикалық жарыстардағы тәжірибесін нығайту. Турнир биыл жетінші рет өткізілгелі отыр. Бұл жарысқа облыстық чемпионаттың іріктеуінен өткен 50 кіші жасөспірімдер қатысады. Оның 17-сі қыздар. Маңғыстау облысының құрамасын белгілі бапкерлер Сергей Волобуев пен Жомарт Қобыланов дайындауда. Ашық турнир болғандықтан көршілес Грузия, Әзірбайжан мемлекеттерінен де спортшылар қатысуы мүмкін. Жарыстан бірінші, екінші орын алған балуандар ҚР-ның «Спорт шеберіне үміткер» деген атақ алады. Барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін, «мықтылардың» топ жаруына тілекшімін. Дүбірлі додада облыс намысын қорғайтын балуандарымыз Асатбек Рембаев, Нұртілеу Әмірхан, Нұржас Қуандықов, Нұрбек Қуанышұлы, Нұрсұлтан Манарбекұлы, Ержігіт Тәжімұрат, Нұрлыбек Сыдықов, Әнуар Әбдіғани, Төрекен Қобыланов жеңіс тұғырынан көрінеді деп сенеміз. Жарысты ұйымдастыруға қолдау көрсеткен облыстық спорт басқармасының және облыстық дзюдо федерациясының басшылығына ризашылығымды білдіремін,-деді облыстық «Жастар» БЖСМ басшысы Манарбек Бисекенов.

d5719551559348452c376bf47b9def5c.jpg

- Жарысқа Грузиядан 8 балуан алып келдім. Араларында Грузия мемлекетінің үш чемпионы бар. Сондықтан да жүлделі орыннан көрінеміз деп сенемін. Жалпы бұл турнирге мен алғаш рет қатысып отырмын,- дейді грузиялық бапкер Алекс Гвинашвили.

Жарыстың салтанатты ашылуы 2 желтоқсан күні сағат 12:00 облыстық «Жастар» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде өтеді. Жарысты тамашалау тегін.

0 пікірлер

Арқылы авторизация жасай аласыз:

Әлеуметтік желідегі парақшалар