Конфедерация Кубогының жартылай финалына шыққан командалар анықталды

11:34 | 07 қараша 2016

Елімізде Конфедерация Кубогының финалдық кезеңіне шыққан командалар белгілі болды. Бүгін Қызылорда қаласында соңғы іріктеу кезеңі өтті. Бұл туралы Конфедерацияның баспасөз қызметі хабарлайды.

Жеребе қорытындысы бойынша «А» тобына Қызылорда, Алматы облыстары мен Алматы және Астана қалаларының командалары түскен болатын. Бүгін олар грек- рим және еркін күрес, дзюдо мен таеквондодан мықтыларды анықтады.

Жарыс қорытындысы бойынша грек-рим және еркін күрестерінен Алматы облысы жеңімпаз атанса, шешуші белдесуде Алматы облысынан келген спортшылардан басым түскен қызылордалық дзюдошылар жартылай финалға жолдама алды.

Таеквондошылар бәсекесінде Алматы қаласының командасы Қызылорда облысының құрамасын 31:29 есебімен жеңіп, финалдық кезеңге өтті.

Осылайша, іріктеу кезеңдерінің қорытындысы бойынша жартылай финалға өткен командалар белгілі болды.

Грек-рим күресінен жартылай финалда Алматы облысы Оңтүстік Қазақстан облысымен кездессе, Солтүстік Қазақстан құрамасы Жамбыл облысымен жолығады.

Еркін күрестен Алматы облысының жартылай финалдағы қарсыласы Оңтүстік Қазақстан облысы, Шығыс Қазақстан өңірі ақтөбеліктермен белдеседі.

Дзюдодан финалға берілер жоладама үшін қызылордалық спортшылар Қарағанды құрамасымен таласса, Шығыс Қазақстан облысы жамбылдық дзюдошылармен татамиге шығады.

Таеквондодан Алматы қаласы ОҚО спортшыларымен күш сынасады. Ал, Батыс Қазақстан облысы Жамбыл құрамасымен кездеседі.

Сонымен қатар, жартылай финалда бокс кездесулері де өтеді. Бұған дейін үздік төрт команда анықталған. Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан, Алматы облыстары мен Астана қаласы финалға шығатын мықтыларды анықтамақ.

Естеріңізге сала кетейік, Конфедерация Кубогы Тимур Құлыбаевтың бастамасымен биыл тұңғыш рет өткізіліп отыр. Жарыстың жалпы жүлде қоры 125 миллион теңгені құрайды.

Финалдық кезең 3-4 желтоқсанда Алматы қаласындағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтеді.

0 пікірлер

Арқылы авторизация жасай аласыз:

Әлеуметтік желідегі парақшалар