Конфедерация кубогына танымал спортшылар қатыспақ
Қазақстанда Конфедерация Кубогы жарысы жалғасуда. 30 қазанда «Тараз Арена» спорт сарайында «D» тобының іріктеу кезеңі өтеді. Жамбыл, Маңғыстау, Атырау және Ақтөбе облыстарының құрамалары грек-рим және еркін күрес, дзюдо, таеквондодан финалдық кезең жолдамасын сарапқа салады.
Жарысқа танымал спортшылардың қатысуы күтілуде. Командалардың турниге қатысшуылар тізімінде еркін күрестен Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаров, Рио Олимпиадасына қатысушы Нұрислам Санаев, Азия чемпионатының жүлдегері Жігер Закиров, грек-рим күресінен тақауда ғана студенттер арасында әлем чемпионы атанған Мейіржан Әшіров, дзюдодан Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Елдос Сметов, Рио-де-Жанейродағы Олимпиада ойындарына қатысқан таеквондошы Руслан Жапаров сынды спортшылар бар.
Қазіргі таңда ұйымдастырушылар жарысты өткізуге дайындық жүргізіп жатса, командадар өздерінің әзірліктерін пысықтап жатыр.
«Тараз Конфедерация Кубогының іріктеу кезеңін өткізуге қызу дайындық үстінде. Жарыс өтетін орын әзірленіп жатыр. Өзге де ұйымдастырушылық сұрақтар шешілуде. Біздің басқарманың өкілдері 18 қазанда Шымкент қаласында өткен іріктеу кезеңіне барып, сол жақтағы әріптестерімізбен тәжірибе алмасты. Жаңа форматтағы бұл турнир өте қызықты. Бір мезетте палуандар, дзюдошылар мен таеквондошылар өнер көрсетеді. Барлық командалардың финалдық кезеңге шыққылары келеді. Сондықтан бәсекелестік күшті болайын деп тұр. 29 қазан күні осы топтағы командалар Таразға келеді. Сол күні салмақ өлшеу өткіземіз», - дейді Жамбыл облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы Гамлет Қайнарбеков.
Естеріңізге сала кетейік, 18 қазанда іріктеу кезеңі Шымкент қаласында, 23 қазан күні Өскеменде өтті. «А» тобының жекпе-жектері қарашаның 6-да Қызылорда қаласында болады.
Конфедерация Кубогы Тимур Құлыбаевтың бастамасымен қолға алынған жарыс. Финалдық кезең Алматы қаласында 3-4 желтоқсанда өтеді.
0 пікірлер