Дзюдодан халықаралық дода старт алды
24 қазанда Теміртауда білекті балуандардың басын біріктірген «Магнитка алаулары» халықаралық турнирінің алдындабаспасөз-мәслихаты өтті. Тартысты дода Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы Амантай Айдархановты еске алуға арналған.
Бүгіннен бастап жалауын желбіреткелі отырған біріншілікте балуандарымыз күндізгі кездесулерін өткізсе, кешке қарай мықтылардың мықтысы жеңіс тұғырына көтерілетін болады. Теміртаулық турнирде 9 ТМД елдерінің 400-ге жуық спортшысы бағын сынайды.
Байрақты бәсекенің бас төрешісі Сергей Дмитренконың айтуынша, ағымдағы жылы турнирдің географиялық аумағы кеңейген:
- Соңғы бес жыл көлемінде халықаралық дәрежеге ие болған «Магнитка алаулары» осымен он үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Биылғы жылдан бастап қатарымызды Грекия командасы толықтырды. Ал Украина, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Ресей спортшылары жыл сайынғы тұрақты қонақтар. Сондай-ақ Қазақстанның барлық облыстары мен аймақтары өз балуандарын татамиге шығарып салған.
Турнир екі күнге созылады. 25 қазанда шаршы алаңның шырайын 44 кг, 50 кг, 55 кг және 60 келідегі балуандар кіргізсе, екінші күнгі тартыста одан ауыр салмақтағы спортшылар көтеріледі. Бозбалалар 7, ал қыздар 2 түрлі салмақ дәрежесі бойынша бақтарын сынайды.
Дәурен Есімханов, Теміртау қалалық дене шынықтыру және спорт секторының меңгерушісі:
- Орталық Азияда бұған ұқсас дода жоқ екендігін айтқым келеді. Осы спорттық бастамаға мұрындық болған Теміртау қаласының әкімі Нұркен Ертайұлы Сұлтановқа алғысым шексіз. Ал татамидің шаңын шығаратын спортшыларға сәттілік тілеймін.
Алексей Ломакин, «Магнитка алаулары» турнирінің директоры:
- Балаларының белдесуіне қатысуға мүмкіндігі жоқ ата-аналардың назарына, жекпе-жекті ogni-judo.kz, tmk-mk.kz сайттарынан онлайн тәртібімен көруге болатынын айтқым келеді.
0 пікірлер