Елдос Сметов Рио Олимпиадасының күміс жүлдесін иеленді
Елдос Сметов жарыс жолын екінші айналымнан бастап, алдымен ливиялық Мухамед Элькависті айқын басымдықпен жеңді. Кезекті қарсыласы «Гран при», «Үлкен дулыға», «Әлем шеберлері» турнирінің жүлдегері британдық Эшли Маккензи болды. Осал қарсылас емес екені белгілі, себебі оған дейін Эшли түріктің мықты балуаны Бекер Озлудан басым болған еді. Дегенмен Елдос оған да еш мүмкіндік қалдырмай, «юко» ұпайымен алға шығып, жеңіске жетті. Келесі айналымда Диербек Урозбоевпен кездесті. Қос балуан Ташкентте Азия чемпионы үшін таласқан кезде Елдос дес бермеген еді, осы жолы да Елдос елдің намысын қолдан бермей, қосымша уақытта «юко» ұпайын иеленіп, жартылай финалға жолдама алды. Ал, ақтық сыңға шығу үшін оның қарсыласы әзірбайжандық Орхан Сафаров болды. Орхан Рио-де –Жанейрода 2013 жылы өткізілген әлем біріншілігінің қола жүлдегері, яғни мықты екені белгілі. Елдосқа дейін Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері, алаң иесі Фелипе Китадайды таза ұтқаны тағы бар. Алайда Елдостың ерекшелігі сол, кездесу соңына қарай белсенділік танытатыны белгілі. Сөйтіп саңлағымыз Орханға қарсы да орайын келтіріп әдіс жасап, ақтық кездесуге жолдама алды. Финалда ресейлік Беслан Мудрановқа жеңіліп, Олимпиаданың күміс жүлдесін иеленді.
0 пікірлер