Есту қабілеті нашар дзюдошыларымыз алғаш рет әлем чемпионатына қатысады
Қазақстанда есту қабілеті нашар дзюдошылар арасында осы спорт түрі дамып келе жатыр. Осыған дейін олар ешқандай халықаралық жарыстарға шықпаған. Қазір елімізде осындай мүмкіндігі шектеулі 50-ге жуық дзюдошы ел ішіндегі жарысқа қатысып жүр.
Жақында әлем чемпионатының іріктеуіне Ақмола, Жамбыл облыстары және Астана қаласының спортшылары қатысты. Іріктеуден іркілмей өткен Айдос Түгелбаев енді әлем чемпионатында бағын сынайтын болады. Мүмкіндіктері шектеулі спортшылар арасында әлем чемпионаты Түркиядағы Самсун қаласында 18-24 шілде аралығында өтеді. Астанада 4-17 шілдеде іріктеуден өткен спортшыларға біліктілігін арттыру мақсатында арнайы оқу-жаттығу жиыны ұйымдастырылды. Бүгін Қазақстан дзюдо федерациясының вице-президенті, жастар арасында әлем чемпионатының қола жүлдегері, дзюдо жанашыры Маратбек Мықтыбеков Түгелбаев Айдосқа жеке шеберлік сабағын өткізді. Сондай-ақ, салтанатты түрде кимано тапсырып, сәттілік тіледі. Спортшыға демеушілік көрсетіп отырған «Самұрық - Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ және «Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны сапар шығындарын өтеп отыр. Айдостың салмағында әлем чемпионатына 10 дзюдошы тіркелген.
Түгелбаев Айдос – Жамбыл облысының тумасы. Қазір Тараз қаласында колледж студенті. Үш жылдан бері дзюдомен шұғылданып келеді. 66 келі салмақ дәрежесінде бағын сынайды. Айдостың жеке бапкері - Лұқманов Хайрулла Ануарбекұлы.
0 пікірлер