Дзюдошылар Испанияда халықаралық оқу-жаттығу жиындарына қатысады
Астана. 22 маусым. Baq.kz – Дзюдодан ҚР ұлттық құрамасы олимпиадаға дайындық жұмыстарын Шымбұлақтар жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Бас бапкер Ермек Иманбековтің айтуынша, 6-24 маусым күндері аралығында балуандар тауда дайындалып, дене жаттығуын жасауда. Одан кейін бір апталық демалыстан соң 1-8 шілде күндері Испанияға аттанады.
«Шілденің басында жолдама алған балуандар Испанияда өтетін бір апталық оқу-жаттығу жиынына барады. Оған әлемнің қырыққа жуық елінің дзюдошылары қатысады», деді Ермек Иманбеков.
Испания сапарынан кейін ҚР дзюдошылары 15-25 шілде күндері аралығында «Бағанашыл» спорт кешенінде тактикалық-техникалық дайындықтарын жүргізетін болады.
«Алматыдағы соңғы жаттығу жиындарынан соң балуандармен бірге 25 шілде күні Бразилияның Сан-Паулу қаласына сапар шегеміз. Сол жаққа ертерек барып, жергілікті климатқа бейімделуіміз керек. Себебі, ол жақпен біздің елдің уақыт аралығы 10 сағат. Соған байланысты ертерек барып, дайындалып, 4 тамыз күні олимпиада қалашығына тоқтаймыз», деді Ермек Иманбеков.
Қазір ерлер құрамасымен бірге олимпиада жолдамасын иеленген әйелдер құрамасы да бірге дайындалуда. Айта кетейік, Рио олимпиадасында Қазақстан намысын ерлер арасында Елдос Сметов, Жансай Смағұлов, Максим Раков қорғаса, әйелдер арасында Галбадрах Отгонцэцэг мен Мәриям Ордабаев сынға түседі.
0 пікірлер