Қазақстандық Отгонцэцэг моңғолиялық Уранцэцэгтен қауіптенеді

14:31 | 20 маусым 2016

Моңғолияда туып-өскен 24 жастағы балуан Отгонцэцэг Галбадрах Рио олимпиадасына Қазақстан атынан қатыспақ. Дзюдошы қыз «бұл жарыста бұрынғы отандасым басты қарсыласым болады» дейді.


2015 жылы Қазақстан азаматтығын алған тегі моңғолиялық дзюдошы Отгонцэцэг Галбадрах биыл Рио-де-Жанейрода (Бразилия) өтетін жазғы олимпиада ойындарына баруға дайындалып жүр.

Ол Қазақстанға келгенге дейін әйелдер арасында 48 килограмм салмақ дәрежесінде әлемдік рейтингте 9-орында тұрған. Оның жерлесі Уранцэцэг Мөнхбат бұл тізімде 1-орында еді. Отгонцэцэг Моңғолия ішкі біріншілігінде өткен бірнеше кездесуде Уранцэцэгтен жеңіліп қалған. Олимпиадаға 48 килограмм салмақ дәрежесінде Моңғолияның атынан баруға Уранцэцэгтің мүмкіндігі артық болғандықтан Отгонцэцэг Қазақстанның шақыруын қабыл алған. Моңғолия дзюдо федерациясы да спортшының Қазақстан атынан жарыстарға қатысуына келісімін берген.

– Арманым олимпиадаға бару болды. Ата-анам Қазақстан азаматтығын алуыма қарсы болған жоқ, туысқандарым түсінді. Қазақстанға келгеніме өкінбеймін. Мені жылы қабылдаған Қазақстан жанкүйерлеріне алғысымды айтамын Қазір орысша үйреніп жүрмін, кейін қазақ тілін де үйренгім келеді, – дейді спортшы.

14 ЖАРЫСТАН 10 МЕДАЛЬ

Отгонцэцэг Қазақстан азаматтығын алғаннан кейін халықаралық дзюдо федерациясы (IJF) оның 2013-2015 жылдары жинаған ұпайын түгел жойған. Осыдан кейін ол бір жылдың ішінде олимпиадаға қажетті ұпайды жинап, 48 килограмм салмақ дәрежесінде үздік 14 спортшының қатарына енуі тиіс еді.

– Олимпиадаға баруға қажетті ұпай жинау үшін маған оннан астам халықаралық жарысқа қатысып, көбінде жүлде алу керек болды. 2015 жылдың тамызынан бастап Қазақстан құрамасымен 14 жарысқа бардым. Он медаль алдым, тек төртеуінде ғана жүлдесіз қалдым, – дейді спортшы.

Отгонцэцэг биылғы жарыстарда бұрынғы отандасы Уранцэцэг Мөнхбатпен үш рет күресіп, үшеуінде де оны жеңген. Қазір ол 48 килограмм салмақ дәрежесі бойынша әлемдік рейтингте моңғолиялық Уранцэцэг Мөнхбат пен аргентиналық Паула Паретодан кейінгі орында – 3-орында тұр.

– Олимпиададағы басты қарсыласым Уранцэцэг Мөнхбат болады. 2014 жылғы әлем чемпионы жапониялық Ами Кондо, 2015 жылғы әлем чемпионы аргентиналық Паула Парето, Лондон олимпиадасының чемпионы бразилиялық Сара Менезестерге де арнайы дайындаламын, – дейді Отгонцэцэг.

Отгонцэцэцгпен бірге Қазақстанға оның жеке бапкері Энхбаатар Дашжамц та келген. Спортшы мен тренері барлық жарыстарға бірге дайындалып, бірге барып жүр.

– Қазақстанның ішкі жарыстарында Шымкент қаласы атынан қатысамын. Мемлекет олимпиадаға дайындығыма барлық жағдайды жасап отыр. Алғашқы жаттығуымыз Түркияда өтеді. Одан кейін Алматыда дайындаламыз. Жанкүйерлер артқан сенімді ақтауға тырысамын, – дейді Отгонцэцэг.

«БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІ БАЛУАН ҚАЖЕТ БОЛДЫ»

Отгонцэцэг Галбадрах келгенге дейін әлемдік жарыстарға Қазақстан атынан дзюдодан әйелдер арасында 48 килограмм салмақ дәрежесінде Александра Подрядова мен Айгүл Байқұлова барып жүрген. Құрамаға Галбадрах келгеннен кейін екі балуанның жарыстарға қатысуы азайған.

Қазақстан әйелдер құрамасының бапкері Жәкен Саламатов Отгонцэцэгтің Қазақстан атынан халықаралық жарысқа қатысуы керек болғанын айтады.

– Бізге бәсекеге қабілетті балуан қажет болды. Подрядова әлемдік жарыстарда жеңіске жете алмады, – дейді ол.

Қазақстан дзюдо федерациясының өкілдері де Рио олимпиадасында Отгонцэцэгтен медаль күтетіндерін айтады. Дзюдодан Қазақстан әйелдер құрамасы олимпиада ойындарында медаль алып көрмеген.

Риоға дайындалып жатқан Отгонцэцэг 2020 жылы Токиода өтетін олимпиадаға да Қазақстанның атынан қатысуды жоспарлап жүр.

– Көбі мені биылғы олимпиададан кейін Моңғолияға қайта кетіп қалады деп ойлайды. Мен – Қазақстан азаматымын.2020 жылғы олимпиадаға да Қазақстаннан барғым келеді, – дейді ол.

Қазақстан 5-21 тамызда өтетін Рио-Де Жанейро олимпиадасына 100-ге жуық спортшы апаруды жоспарлайды. Қазір ел құрамасында 80-нен астам жолдама бар.

Руслан Меделбек

azattyq.org

0 пікірлер

Арқылы авторизация жасай аласыз:

Әлеуметтік желідегі парақшалар