Маратбек Мықтыбеков: Риодан екі медаль алсақ деген мақсатымыз бар
- Ұлттық құрама мүшелерінің олимпиадаға жолдаманы аз иеленуіне не себеп деп ойлайсыз? Балуандардың дайындығы әлсіз болды ма әлде мамандарымыздың біліктілігі төмен бе?
- Қазіргі қазақ дзюдосында кіші салмақта бәсекелестік аса жоғары деңгейде. Содан болар, 60, 66 келі салмақ дәрежелері бойынша әлемдік рейтингте 3-4 дзюдошымыз алдыңғы қатардан ойып орын алды. Өкініштісі сол, басқа салмақтағы олқылықтар өзекті өртейді. Мәселен, 73 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Дастан Ықыбаев тамаша өнер көрсеткенімен тиісті рейтингтік балды жинай алмады. Соңғы Азия чемпионаты мен Алматыда өткен Гран-при турнирінде Дидар Хамза есімді жас балуанымыз 73 келіде жақсы өнер көрсетіп, көзге түсті. Жастар арасында өнер көрсетіп жүрген балуан болғандықтан ересектер сынына енді ғана қосып отырмыз. Оның олимпиада лицензиясын иеленуіне толық мүмкіндігі бар еді. Құрамада 81, 90 келіге дейінгі салмақ дәрежелерінің орны әлі ойсырап тұр. Мысалы, 81 келідегі балуандарымыздың толық мүмкіндігі болғанымен, дер кезінде оны тиімді пайдалана алған жоқ. 90 келіде күрескен Ислам Бозбаевтың есімі көпшілікке белгілі. Бірақ былтырғы әлем чемпионатынан кейін Ислам екі жылға спорттан шеттетілді. Оның барлығы бекерден бекер емес. Себебі, оның тәртібі өте күрделі мәселелерді тудырғандықтан федерация тарапы осындай қадамға барды. Егер Исламға кешіріммен қарасақ, лицензия иеленуіміз мүмкін де еді. Бірақ тәртіп болмаған жерде біз ондай балуандарды құрамада ұстай алмаймыз. Ислам үнемі құрамадағы режимді бұза берді. Бәрін кешіре беруге болмайды. Себебі, басқа да өсіп келе жатқан жас балуандар бар. Соларға сабақ болуы үшін ақылдаса келе осындай шешім қабылдадық. 90 келідегі тағы бір балуанымыз Тимур Болат Лондон олимпиадасынан кейін аз уақыт күресті. Бірақ аяғынан жарақат алған соң қайта қалпына келу кезінде бабын жинай алмады. Ескі жарақаты өзіңе кесірін тигізді. Қазір бізде өсіп келе жатқан жастар бар. Соларға сенім артамыз. Алдағы уақытта ол олқылықтардың орны толып, жақсы нәтижеге жетеміз деп сенемін.
- Лондон олимпиадасынан кейін келесі циклге дайындық басталғаны белгілі. Сол кездері балуандар құрамын бекіткенде қателікке бой алдырып қойған жоқсыздар ма?
-Біреулер лицензиялық ұпай жинау үшін спортшыны дайындайды. Енді бірі жүлде үшін жарысқа салады. Біз осы циклдің ортасынан бастап жұмысқа кірістік. 2013 жылы федерацияға жұмысқа келгендіктен толық мүмкіндігімізді пайдаланып, жұмыс істеп үлгермедік. Құрамада жас балуандар пайда болды. Жасы келген спортшыларымыз да бар. Бізден барлығын өзгертуге мақсат қойған жоқпыз. Барлық балуанға мүмкіндік берілді.
- Ресей бірнеше жылдан бері ұлттық құрамасын итальяндық маманға табыстап, қазір соның нәтижесін көріп отыр. Лондон олимпиадасында 5 балуан жүлде алып, төртеуі финалға шықты. Осындай тәжірибені қолдану қажет деп санайсыз ба?
- Қазір Қазақстан құрамасында Александр Яцкевич деген бельгиялық маман жұмыс істейді. Кезінде Мәскеу олимпиадасында қола жүлдегер атанып, бірнеше рет Еуропа чемпионы болған. Бапкер болып жұмыс істейтін оны елімізге арнайы шақырып, келісімін алған соң талап қойдық. Ол да «олимпиадалық лицензия мен жүлдеге жұмыс істейтін боламыз» деп айтты. Жұмыс жоспары құрылып, сол бойынша команданың дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Егер біз әр салмақта бір лицензия аламыз деп жұмыс істейтін болсақ, оның сапасы болмайды деп ойлаймын. Құрамадағы жас спортшыларды дұрыс дайындау керек. Оларды қазірден лицензиялық ұпай еншілеу керек деп жарыстан жарысқа сала берсек, пайдасы аздау болады. Мысалы, бапкерлер Хамза Дидарды солай осыған дейін сақтап келді. Егер оны ертерек жарыстарға салып, лицензияға қол жеткізгенімізбен нәтижесін көрмеуіміз әбден мүмкін еді. Үш жылдың ішінде барлығын қарап, осал болып тұрған салмақ дәрежелерінің мәселесін шешіп алуымыз керек. Соған орай, дұрыс жоспар құрып, жасөспірімдерді сол жаққа қарай тарту керек. Шетелдік маман Александр Яцкевич бірнеше олимпиада чемпионын дайындап шығарған білікті маман. Әзірге нәтижесі жаман емес. Ұлттық құрамаға келгелі дзюдодан қазақтан алғашқы Азия Ойындарының жеңімпазы щықты. Әлем чемпионы мен әлем чемпионатының күміс жүлдегерін дайындауға сүбелі еңбек сіңірді.
- Аса ауыр салмақта ұзақ жылдардан бері Ержан Шынкеев ел намысын қорғап жүр. Ержанды елдегі тәжірибелі балуан дегенімізбен әлем чемпионатын айтпағанда Гран-при бәсекелерінде нәтижелі өнер көрсете алмай жүр. Жалпы, елде Шынкеевті алмастыратын дзюдошы жоқ па?
Бұл жайт бәрімізге әуелден белгілі. Шынын айтқанда Қазақстан чемпионатында Ержанды ұтатын балуан жоқ. Осыдан кейін неге оны жарыстарға апармаймыз? Егер Шынкеевті ұтқандар болса, міндетті түрде сол балуанды ірі жарыстарға апарар едік. Қазір елімізде ең ауыр салмақтағы тәжірибелі балуан сол ғана болып отыр. Жасы келіп қалғанына қарамастан ол ұлтты құрамада өнер көрсетіп жүр. «Қазақстан Барысы» секілді айтулы турнирде күресіп жүрген балуандар көп. Бірақ олар дзюдоның дайындығы мен ауырлығына шыдап бере алмай жатады. Содан болар, ауыр салмақтағы балуандар көп тұрақтай бермейді.
- Қыздарымыздың нәтижесі бойынша 48 келідегі Галбадрахтан өзгесінің жетістігі көңіл көншітпейді. Кешегі Азия чемпионатында Мәриям Ордабаева чемпион атанды. Жалпы, құрамаға легионер тартудың пайдасы қаншалықты көп?
- Ауыр атлетика, басқа күрес түрлерінде легионер спортшылар бар. Ол біздің елде күресетін я зілтемір көтеретін адамның жоқтығынан емес. Оның барлығы сол спортты дамытудың маңайында жасалып жатқан жұмыстардың бір легі. Галбадрахты Моңғолиядан аттай қалап алып келген себебіміз, елдегі қыздар дзюдосын дамытудан туындады. Шетелдік балуанның дайындығына қарап біздің балуан қыздарымыз бой түзеп, жақсы нәтижеге қол жеткізер деген сенімнен туған болатын. Оны бапкерімен бірге шақырттық. Бірден кеңесші қылып қыздар құрамасына бекіттік. Егер бәрі ойдағыдай болса, келесі олимпиадалық циклге дайындық бастағанда барлық жаттығу жұмыстарын сол кісінің қолына тапсырамыз деген жоспарымыз бар. Мүмкін бас бапкер болар, болмаса, кеңесші ретінде барлық шешімді сол қабылдауы мүмкін. Себебі, біздегі дайындық методикасын толығымен өзгерту керек. Бапкерлеріміз қанша жерден ауысқанымен, методика ешқашан ауысқан емес. Баяғы жартас күйінше тұр. Сондықтан, қыздар құрамасына шұғыл түрде осындай өзгерістер қажет. Қазіргі заманда дзюдо қарыштап, дамып бара жатыр. Ал бізге сол лектен қалмай бірге даму қажет. Біз қарсылас деп санамайтын елдің дзюдосының өзі дамып кетті. Бүгінде қай елде бұл спорт дамып жатыр? Солардың дайындығына назар аударып, бірлесіп жаттығып, өзімізге сондай әдістемелерді енгізу керек. Сонда ғана әйелдер қүресінде өзгеріс болады деп санаймын.
- Біріккен оқу жаттығу жиындары өтіп тұра ма?
- Өзіміздің елімізде жылына бір рет осындай жаттығу жиындары өтеді. Оған бес мемлекет қатысып, дайындықтарын пысықтап, тәжірибе алмасады. Бұл біз үшін үлкен сабақ. Кем-кетігімізді түзеп, спортшыларымыздың бой түзеуіне септігін тигізеді. Биылғы Алматы Гран-приінің қарсаңында дзюдо академиясы ашылғанынан көпшілік хабардар. 250 адамға арналған жаттығу залы, 100 адамдық жатын орны мен асханасы бар. Заман талабына сай жабдықталған кешен спортышыларымызды дайындау үшін тиімді. Бұл жерге шетелдік құрамаларды шақырып, бірге жаттығу өткізу көзделген.
- Бапкерлерден бөлек, дәрігер мен массажистерге мұқтаж емеспіз. Дегенмен, психолог мамандармен жұмыс істеу жағы күш қолданылатын спорт түрлерінде қалыптаспаған секілді...
Дәрігер мен массажистер жеткілікті. Олар қайда барса бірге жүреді. Жасыратыны жоқ, психологқа біз ғана емес, спортшыларымыз да мән бере бермейді. Спорттағы психолог маман жағы ойсырап тұрғаны рас. Қазірден бастап жас балуандарды психологтармен жұмыс істеуге үйретуіміз керек. Онымен сөйлесу, айтқанын екі етпеу, ойын айту секілді дағдыларды қалыптастырсақ кем болмасымыз анық. Кейін олар өсіп ересектер құрамасына ауысқанда тиімді болар еді. Біздің спортшылардың көбісі психологқа сене бермейді, ішкі сырын екі бастан айтпайды. Татамиге шыққанда жүздерінде қорқу, әлдеңеге алаңдау жатады. Спортшының өзі айтпаған соң психолог маман оны қайдан біледі?
- Риодағы мақсаттарыңыз қандай?
Мақсатсыз адам болмайды. Барлық спортшы жүлде алсам деген оймен барады. Қазақстан құрамасы бұл сында екі медаль алсақ деген ойымыз бар. Оның барлығын Рио татамиі көрсете жатар. Елдос Сметовке сенім артуға болады. Максим Раков сынды тәжірибелі балуанымыз ұзаққа шабады деген сенім басым. 100 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде олимпиада жүлдесін алған балуандардың дені ақыл тоқтататын жасқа жетіп, қол жеткізіп жатады. Максим осыған дейін талай сында жүлде алды. Сол жинаған тәжірибесіне Бразилияда өз мүддесі үшін тиімді пайдалануына мүмкіндік туып отыр. Жансай Смағұлов та осал емес. Үшеуінің қайсы болмасын жүлде алуға лайық спортшылар.
Олимпиадаға дейін спортшылар ешбір жарысқа қатыспайды. Қазақстанда дайындық жұмыстарын пысықтап болған соң, шілде айынының ортасынан аса Бразилияның Сан-Паулу қаласына барып жаттығады. Бұйырса, арғы жағында олимпиаданың алауының тұтанатын сәті алыс емес.
Жангелді Қаржан
Baq.kz
0 пікірлер