Азия чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлері марапатталды
Ағымдағы жылдың 6 маусымында сағат 11.00 Дзюдо Академиясында ҚР дзюдо федерациясының баспасөз конференциясы өткізілді. Оның барысында Ташкентте өткен Азия біріншілігінің жеңімпаздары мен жүлдегерлері Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясы бөлген қаржымен марапатталды. Азия чемпиондарына 7000$, күміс жүлдегерлеріне 5000$, қола медаль алғандарға 3000$ берілді. Сонымен қатар, бас бапкерлер мен жеке жаттықтырушылар, кешенді ғылыми топтың қызметкерлері қаржылай сыйлықтармен марапатталды. Федерация басшылығы спортшыларды Азия чемпионатында жақсы нәтиже көрсеткендері үшін алғыс білдіріп, алдағы Рио-де-Жанейрода өткізілетін Олимпиада ойындарына жолдама алған дзюдошыларға сәттілік тіледі. Халықаралық дзюдо федерациясы тарапынан келесідей дзюдошылар Олимпиадаға қатысуға шақырту алды: Елдос Сметов (60 келі), Жансай Смағұлов (66 келі), Максим Раков (100 келі), Галбадрах Отгонцецег (48 келі), Мариан Урдабаева (63 келі). Атап өту керек, паралимпиада ойындарында ел намысын Жандос Қияновтың шәкірті, Ануар Сәриев қорғайтын болады. Ануар жақында ғана Англияда өткен «Гран При» жарысында қола медальды жеңіп алған еді.
Бүгінннен бастап ел құрамасы Шымбұлақта Олимпиада қарсаңындағы алғашқы оқу-жаттығу жиынын бастайды.
Ағымдағы жылдың 13-15 мамыры аралығында Алматы қаласында «Гран При» жарысы ұйымдастырылды және оның нәтижесі бойынша қазақ құрамасы медаль қоры бойынша төртінші орын алды, бұл ұлттық құрама команда үшін жоғары нәтиже болып есептеледі. Ал, Халықаралық дзюдо федерациясының басшысы Мариус Визер бастаған топ елімізде өткізілген байрақты бәсекенің ұйымдастырылуына жоғары бағасын берді. Айта кету керек, Қазақстан тарапы «Гран При» турнирін елімізде өткізу туралы төрт жылға қол қойған. Келесі турнир ендігі жылға жоспарланған. Алғашқысы 2013 жылы Алматыда, 2014 жылы Астанада, 2016 жылы Алматыда өтті. Ал, 2015 жылы жарыс өткізілмеді, себебі Астанада әлем біріншілігі ұйымдастырылды.
Дзюдо академиясы туралы айтар болсақ, жаңа кешен үйірмелерге жеткіншектерді қабылдауды қыркүйек айынан бастайды және жаттығу уақыты сол кезде белгіленеді.
Бүгінгі таңда ел құрамасы әлемдік рейтингте ұлттық командалар арасында 8 орында, ал қыздарымыз 17 сатыда тұр.
0 пікірлер