БАСПАСӨЗ ПАРАҒЫ
13-15 мамыр аралығында Алматы қаласында «Grand Prix» жырысы өткізіледі. Бұл додаға 100 – ге тарта елден 600-ге жуық спортшы қатыспақ. Халықаралық дзюдо федерациясының ережесіне сәйкес, алаң иелері әр салмақ дәрежесі бойынша төрт спортшыға дейін қатыстыра алады.
Сонымен қатар, «Grand Prix» жарысы аясында 13 мамыр күні дзюдо академиясы ресми түрде ашылмақ. Дзюдо академиясының салтанатты ашылу рәсіміне ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек, Халықаралық дзюдо федерациясының президенті Мариус Визер және Қазақстан Дзюдо федерациясының президенті Кеңес Рақышев қатысады деп жоспарланған.
Жаңадан ашылатын дзюдо академиясы халықаралық стандартқа сай болмақ. Спорт кешенінде төрт татамиге арналған зал, жаттығу залы, 100 орындық жатақхана мен асханасы орналасады. Онда Қазақстан Ұлттық құрамасымен қатар, жас дзюдошылар да жаттығатын болады. Академияда халықаралық жаттығу жиыны, семинарлар мен шетелдік мамандармен бірлесе әр-түрлі шеберлікті шыңдайтын сабақтар ұйымдастырылмақ.
Естеріңізге салайық, академияның алғашқы тасын қалауға Халықаралық дзюдо федерациясының Президенті Мариус Визер мен Қазақстан дзюдо федерациясының президенті Кеңес Рақышев қатысқан болатын.
«Grand Prix» Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында 13 мамырда сағат 10.00 басталып, финалдық кездесу сағат 17.00 өтеді. 13 мамыр сағат 16.30-де турнирдің ресми ашылуы болады. Жеребе тарту рәсімі 12 мамыр сағат 14.00 өткізіледі. Жеребе тарту рәсімі аяқталғаннан соң БАҚ өкілдеріне арналған ресми баспасөз мәжілісі өтпек (Өтетін орны: Rahat Palace).
Турнирді ұйымдастырушылар: ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Алматы қаласының әкімдігі, ҚР Ұлттық Олимпиада комитеті, Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясы мен ҚР дзюдо федерациясы
Журналистерді тіркеу халықаралық дзюдо федерациясының ресми сайтында жүргізіліп жатыр (http://media.ijf.org) Тіркеуден өткен тілшілер тіркелгендерін растайтын қағаздарын 11 мамыр сағат 14.00 - 18.00 аралығында «Астана» Халықаралық қонақ үйінен ала алады (Алматы қаласы, Байтұрсынов көшесі, 113)
Жарыстың жалпы жүлде қоры 100 000$. Жарыс қорытындысы бойынша бірінші орын алған дзюдошыға 2400$, бапкеріне 600$ берілсе, екінші орын үшін балуан 1600$ бапкері 400$ алады, ал қола медаль иегері 800$ марапатталады, жаттықтырушысына 200$ сомасында қаржылай сыйлық табысталады.
Дзюдо федерациясының
баспасөз қызметі
0 пікірлер