Ермек Имамбеков. Менің өмірім күрестен құралған

14:03 | 12 сәуір 2014

Ол әйгілі спортшы болған жоқ. Алайда, бапкерлік қызметте зор биікке жетті. Оның қолы жетпеген жүлде шәкірттерінің өңірінде жарқырады. confederation.kz сайтына берген сұхбатында дзюдодан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Ермек Имамбеков өзінің спорттағы ғұмырынан сыр шертті. Ешқандай алып-қосары жоқ әңгімені сіздердің назарларыңызға ұсынып отырмыз...

***

3

Алдымен таңдауым самбоға түсті. 12 жасқа толған соң, Алматы ауыл шаруашылық институтында тәлім беретін Амантай Қарақов атты бапкердің алдына келдім. Бұл 1974 жыл еді. Біз жаттығу кезінде түрлі жекпе-жек түрін меңгердік. Сонда да, спорттың бұл түрі жаныма тым жақын болып кетті. Кейін тек Қазақстанға ғана емес, жалпы кеңес одағына беймәлімдеу спорт түрі - дзюдомен таныса бастадық. 1972 жылы КСРО дзюдо Федерациясы құрылып, әр түкпірде дзюдо үйірмелері ашыла бастады. Жапон жекпе-жегі менің де көңілімнен шықты. Шын мәнінде, осы спорт түріне аңсарым ауды да қалды (күлді). Оның үстіне алғашқы жеңістерім де көп күттірген жоқ. Әрбір жарыстағы жеңістерім маған қанат бітірген еді. Мен аянбай жаттығу жасадым, табысты әрі мықты спортшы болғым келді. Өйткені, спорттың арқасында ғана биікке көтерілетінімді білдім. Мен өте қарапайым отбасында өмірге келдім. Әкем құтқару бекетінде жұмыс істейді, анам ­­- колхозшы. Ол кездері институтқа оқуға түсу оңай емес еді. Сол себепті, егер жүлделерім көп болса, дене шынықтыру және спорт институына оқуға түсетін мүмкіндік барын білдім. Міне, осы жағдай мені жігерлендіре түсетін. Барымды салып күрестім, жақсы нәтижелерге қол жеткіздім. Жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионы атандым (1976, 1977, 1978). Бүгінде Ұлттық Олимпиада комитетін басқарып отырған Темірхан Мыңайдарұлы Досмұхамбетовтың қол астында жаттықтым. Темірхан аға Қазақстанның спорт және туризм министрі қызметін атқарды, Астана қаласының әкімі атанды. Бір сөзбен айтқанда, спорт арқылы еліміздің саяси өміріне де белсене араласқан өте құрметті тұлға. Мұндай адамдарды бүгінде сирек кездестіреміз. Сол уақытта Темірхан Мыңайдарұлы бапкерліктен қатар, ҚазҰУ-дағы спорт клубының басшысы болатын. Бізді КСРО чемпионатына алып барды. Ол кездері «Буревестниктің» аты алысқа кетіп тұрған. Кім сол сында жеңіске жетсе, спорттағы сәтті қадамдары жалғаса түседі. Бірден КСРО чемпионатына жолдама алады. Сол бақыт маған да бұйырып, 1978 жылы Кишиневке бардық. Ол додада мен 56 келіде бақ сынап, бесінші орын алдым. Аталған бәсекеде бес одақтас республиканың балуандары белдесіп, кіл мықтылармен терезесі тең өнер көрсеттім. Кейін Темірхан аға ҚазҰУ-дың биология факультетіне түскенімді қалаған. Алайда, мен бапкер болғым келетінін айтып, бас тарттым. Содан соң, дене шынықтыру институтына оқуға түсіп, Асқар Асубаев пен Михаил Шепетюктің қарамағында жаттықтым. Жоғары оқу орнында жүріп те біраз жарыста бақ сынадым. Мысалы, Смоленскіде дене шынықтыру институттары арасында КСРО чемпионаты өтіп, мен қола жүлдегер атандым. Спартакиада мен Қазақстан біріншіліктерінде дзюдо мен самбодан спорт шеберлігін қорғадым. Ал институтты бітірген соң әскерге аттанып (Қарағанды облысы - Е.И.), спорттық ротада Отан алдындағы борышымды өтедім. 1983 жылы 22 жасымда кәсіби спорттан қол үздім...

4

***

4

1984 жылы бапкердік қызметім басталды. Биыл менің кәсіби бапкер болғаныма 30 жыл толыпты (күлді). Не айтуға болады? Ұлттық құрамада тек бірінші нөмірлі спортшыларға ғана жалақы төлейтін. Сондықтан, спортшылық ғұмырымды ерте аяқтадым. Біздің жанұямызда бес бала бар еді. Сол бес баланы жеткіземін деп аянбай еңбек еткен ата-анама салмақ салғым келмеді. Еңбек ету міндеті тұрды алдымда. Негізі, кішкентайымнан алтын жүлделері көп танымал спортшы атану деп армандағасын, кілемнен тым ерте кеткеніме көңілім толмайтын кездер де болады. Ал екінші жағынан қарайтын болсақ, үйімде менің кілемде босқа жүрмегенімді, жан алысып, жан беріскен белдесулер өткізгенімді дәлелдейтін медальдарым ілініп тұр. Бұл менің спортшы ретінде де табысым жаман болмағанын көрсететін сияқты. Үйге келген қонақтар мен немелеріме мақтанып қояуға болады (күлді). Оның үстіне, «КСРО спорт шебері» атағын қорғау өте қиын еді. Ал мен қорғадым. Бұл да көңілге медеу. Бапкерлік іске кіріскен соң, мен Қазақ КСР білім беру министрлігі жанындағы БЖАОРДСМ-ге жұмысқа орналастым (1984-1988). Бұл мекемеде Серік Сағитов есімді ағай директор еді. Біздің бөлімнің басшысы Керей аға Қойшыбеков болды. Мен келгенде, бұл жерде Марат Әзімбаев, Ербол Қырғызбаев, Шәміл Серіковтер қызмет ететін. Мектеп расында мықты болды. Менің тобымдағы Айдын Кемпірбаев есімді спортшы кейін самбодан әлем чемпионы атанды. Содан соң, мен Қарасу ауылына (Алматы облысы, Іле ауданы) бірнеше жылға кетіп қалдым. Бұған дейін отбасын құрған едім. Қалада пәтер алу мүмкін болмаған соң, бұрын күреспен шұғылданған бір досым маған Қарасуда тұруға мүмкіндік бар екенін айтты. Мен келісім бердім де, №1 мектепте қарапайым дене шынықтыру пәнінің мұғалімі міндетін атқардым (1988-1994). Қосымша қырыққа жуық баладан құралған бір топты жаттықтырдым. Балалар жарыста жақсы нәтиже көрсетті, мектепке құс фабрикасы демеушілік көрсететін. Жарты жыл ішінде мен пәтер алып, Қарасуда табаны күректей 25 жыл тұрдым. Бұл уақыт ішінде Қазақстан чемпионы мен Азия және әлем біріншіліктерінің жүлдегерлерін дайындадым. Ермек Қалиеков, Марат Данайбаев, Бейбіт Сұлтанов секілді достарым кейін Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернатына шақырды (1995-2004). Алайда, бірден келісім бермей, бір жыл бойы ол жаққа барудан бас тартып жүрдім. Тек залымыз жаттығу жасауға қолайсыз болып, мұндағы ісімнің берекесі кете бастағанда ғана мектеп-интернатына баруға келістім. Қысқаша айтар болсам, жаңа жұмыспен бірге жаңа өмір басталды. Жаңа жұмыс орнымдағы қызмет өнімді болды. Ел чемпионатында сегіз салмақ дәрежесінің бес алтынын біздің балалар жеңіп алды. Сондай-ақ, біз Бүкіләлемдік жасөспірімдер ойынының чемпионы Ерлан Сіләмбаевты (1998, Мәскеу), Саламат Отарбаев, Самат Жылқыбаев, Базарбек және Әбіл Дөңбайларды дайындап шығардық. Осылайша, ісіміз алға басты. Тіпті, жалақы төлемеген қиын кезеңдерде де мен ешқайда кетпей, жұмысымды жалғастыра бердім. 1998 жылы жоғарыда атап өткен Сіләмбаев Мәскеуде жеңіске жеткен соң, үш айдан кейін маған «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы» атағын берді. Бұл құрметті атақты Досмұхамбетов қызметінен кеткен соң, ҚР спорт және туризм комитетінің басшысы болған Анатөлі Құлназаров тапсырды. Содан соң, мені үздік бапкер ретінде Жапонияға бір айға біліктілік арттыру курсына жіберді. Күншығыс елінде мен семинарға қатысып қана қоймай, балаларды жаттықтырдым да. Өйткені, ол жақтағылар менен «Сіздің Даныңыз қандай?» (жекпе-жек өнеріндегі жапондық санат) деп сұрап қоймады. «КСРО спорт шеберімін» десем, «Жоқ, бізге Дан керек» дейді. Ал менде ешқандай да Дан жоқ. Оны қайдан аламын?! (күлді). Ақыры, осы Данды алып тынайыншы деген ой келді де, семинармен бірге жаттығу да өткіздім. Нәтижесінде, 4-і Кодокан Данын иелендім.

***

Интернатта жұмыс істеп жүргенімде, мені Қазақстан жасөспірімдер құрамасының аға бапкері етіп тағайындады (1999-2001). Менің ең ірі жарысым «Азия балалары» Халықаралық спорттық ойындары еді. Бұл Халықаралық Олимпиада комитеті төрт жылда бір рет өткізетін спорттық дода (ХОК). Якутияда біз жалпыкомандалық есепте үшінші орын иелендік. Әсет Түсіпов алтын жүлде жеңіп алса, Константин Ким мен Арсен Хатип күміс, ол кездері әлі ысылмаған Максим Раков пен Мәди Құрымбаевтар қола медаль иегері атанды. Содан бері қаншама жыл өтті, ал Макс әлі бізбен бірге (күлді). Осыдан соң, басшылық ауысты да, мені жасөспірімдер құрамасындағы жұмысымнан босатты. Команданы екінші аға жаттықтырушы болып қызмет еткен Николай Потапеня қабылдап алды. 2006 жылы мені Олимпиадаға даярлау орталығына екінші бапкер етіп қызмет етуге шақырды. Ол жерде Сергей Шакимов және Володя Кичатовтармен әріптес атанғанымыз сол еді, Александра Подрядова жастар арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды (Санто-Доминго, Доминикин Республикасы). Бүгінге дейін отандық дзюдошы қыздар бұл жетістікке жетпегенін ескерсек, Сашаның еңбегі нағыз жеңіс деуге тұрарлық. 2007 жылы бір себептерге байланысты Олимпиадаға даярлау орталығынан кетіп қалдым. Ұйымдастыру ісінде өзімді сынап көргім келді. Бұқаралық спорт түрлерінен республикалық жоғарғы спорт мектебінде директордың орынбасары қызметін ұсынды. Бір жылдан соң, бұл қызметтің маған қол еместігін сездім. Кабинеттің жұмысынан шаршап кеттім (күлді). Оның үстіне, балаларды жаттықтыруға уақыт керек болды. Ақыры директорға рахмет айттым да, кабинеттің жұмысымен қош айтыстым. Біршама уақыт тек өз тобыммен жаттыққанмын, кейін Қазақстан жасөспірімдер құрамасының аға бапкері етіп тағайындады (2008-2012). Володя Кичатовты көмекші етіп берген соң, ісіміз дөңгелеп жүре берді. Сол кездегі Федерация президенті Бекет аға Махмұтов бізге үлкен көмек көрсеткенін айтқым келеді. Ал біз тиісінше өте жақсы нәтижелер тіркедік. Олимпиадаға даярлау орталығында Юрий Мельниченконың қарамағында жаттығып, 2009 жылы тарихта тұңғыш рет Азия чемпионатынан жалпыкомандалық есепте бірінші орын алдық. Бірақ кей адамдар біздің бұл жеңісімізді кездейсоқтық деп атаған. Сол жандарға біз өз мықтылығымызды тағы да бір дәлелдеп, 2010 жылғы құрлық додасында топ жардық. Осылай! 4 жыл ішінде біз 10 Азия чемпионын даярладық. Айтпақшы, содан соң Володяға: «Біздің жеңісіміз кездейсоқ болмауы үшін аянбай еңбек етелік» дегенмін. Сондықтан, бүгінге дейін көмектесіп келе жатқан өз жүйемізді ойлап таптық.

Әлем чемпионатын алайықшы. 2010 жыл – 4 жүлде (1 алтын, 2 күміс, 1 қола). Жалпы есепте Жапониядан кейінгі екінші орынға табан тіредік (!!!). Елдос Сметов – ел дзюдосының тарихында тұңғыш рет жасөспірімдер арасында әлем чемпионы атанды. 2011 жыл – 4 жүлде (2 күміс, 2 қола). Қорытынды: жалпыкомандалық есепте 4-і орын. Ал Азия чемпионатында екінші сатыға тұрақтадық. Осы жетістіктерімізді байқаған Темірхан Мыңайдарұлы Лондон Олимпиадасында сәтсіз өнер көрсеткен ұлттық құрамаға көмектесуімді сұрады. Алдымен Флориан Величке көмектескен едім. Кейін ұлттық құрама тізгіні менің қолыма өтті, өйткені, германиялық маман бір себептерге байланысты жұмыс істеуден бас тартты. Мен бірден келісім бердім. Ал мен кеткен соң, жастар құрамасын қолға алған Володя Кичатов (суретте оң жақта) бас құраманың бірінші бапкері атанды. Міне, содан бері біз аянбай еңбек етіп келеміз.

1

***

Өткен жыл жаман болған жоқ. Азия чемпионатындағы жалпыкомандалық есепте үшінші орын алдық (4 қола). Кәрістер мен жапондар ғана алдымызды орады. Бразилиядағы әлем чемпионатында Азамат Мұқанов күміс жүлде иеленді. Әскерилер арасында әлем чемпионы атанған Елдос Жұмахановтың томағасын сыпырдық. Қысқа қайырғанда, 2013 жылы Қазақстан ұлттық құрамасы барлық халықаралық турнирден әртүрлі деңгейдегі 29 медальді жеңіп алыпты. Бұл жаман көрсеткіш емес (күлді).

***

Өз шәкірттеріме айтатын кеңестерім өте көп. Мысалы, жеңіске жеткен кезде, басқалардың да еңбегін ұмытпау қажеттігін жиі айтамын. Өйткені, әрбір жеңіп алған медаль үшін тек бір адам емес, тегіс команда еңбектенді. Басшылықтан бастап, еден жуушыға дейін сол жүлдеге еңбек сіңірді десем, артық емес. Немесе, жас кезімізде қалай тәртіп бұзғанымды айтып беремін. Бұл үшін ұялмаймын да. Себебі, өзімді мысал ете отырып, кәсіби спортшы қандай қателікке бой алдырмауы керектігін балалардың жүрегіне жеткізгім келеді. Бір жағынан, спорттық мансабымды тым ерте аяқтауыма өзім де кінәлімін ғой. Кейде жаттығуға келмей қойдым, енді бірде жігіттермен бірге би кештеріне бас сұққан кездер болды. Бұл қателіктерді бірден түсінбейтініміз өкінішті. Тек уақыт өткен соң ғана, жас шағыңда біраз қате жібергеніңе көзің жетеді. Өткен өтті, ол қателерді жөндеу де қолдан келмейді. Сенен әлдеқайда артық дайындалып, татамиде соңғы күші қалғанша белдескен жігіттердің артында үлкен жеңістер тұр... Міне, жүлдең көп болсын десең, жаныңды аямай жаттығу керек.

***

Менің қоржынымдағы ең қымбат медаль – Қазақстан чемпионатын ең алғаш рет ұтқандағы жүлдем. Содан соң, «Буревестниктің» жеңімпазы атанған сәт те есте. Шыны керек, ол кезде мен медаль емес, кішкентай жетон алғанмын. 1979 жылы «Зенит» спорт орталығында жеңімпаз болғанда өте әдемі кубок ұсынған. Ал тағы бір кубокті мен үздік техника үшін иелендім. Осыдан кейін біз Бішкектегі КСРО біріншілігіне бардық.

***

Өзім әлем чемпионы болмадым, енді менің шәкірттерім сол биікке жетуі тиіс деп, сөз бергенім бар. Сол сертімде тұру үшін бар жігерімді салдым. Міне, қанша жыл еңбектің арқасында бірнеше дүркін Қазақстан чемпионы мен Азия және әлем чемпиондарын тәрбиелеп шығардым. Бірақ, бұл үшін ешқашан да мақтанған емеспін. Мұндай қасиетім жоқ. Тек барлығын ой елегінен өткізіп, қорытынды шығаруға тырысамын. Айтпақшы, биыл менің мерейтойым (күлді). Ал балаларға үнемі: сен етікші немесе шаштараз болсаң, барлық қала тұрғындары саған келетіндей етіп еңбектену керек деймін. Өйткені, сен өз ісіңнің нағыз шебері атану үшін ұмтылуың керек. Сол кезде ғана сен сый-құрметке де, мол табысқа да ие боласың. Бұл менің басты ұраным. Сондықтан, әлі күнге дейін өз-өзімді жетілдіру үстіндемін.

***

Маған бағынбаған биіктен менің шәкірттерім көрінуде. Менің ақыл-кеңесімнің, тәжірибемнің оларға көмектескені қуантады. Содан соң, медальдің екінші жағы да барын ұмытпайық. Мәселен, мен өзім ойлағандай даңқты дзюдошы болсам, бапкер ретінде бүгінгідей биікке жетер ме едім?! Тіпті Олимпиада чемпионынан да керемет бапкер шықпауы мүмкін. Сондықтан, біздің мамандығымызды үлкен өнер деп айтуға болады.

***

Мен өз қызметімді шексіз жақсы көремін. Алайда, бапкерліктен біржола кету туралы ой да болған. 1994 жылы достарым маған кеденші болу туралы ұсыныс тастады. Әйелім біраз қарсы болса да, келісім бердім. Өйткені, біз Қарасуда тұрдық да, үйде төрт қожайын болатын. Жағдай мәз болған жоқ. Ал азғантай жалақы ештеңеге жетпейтін еді. Осындай ойда жүргенімде, менен бір шәкіртім кеңес сұрай келді. Шәкіртім үшінші сынып оқып жүргенде, анасы өмірден озады. Бірнеше жыл өткен соң, әкесі екінші қайтара үйленбек болыпты. Өйткені, жалғыз өзіне балаларға бас-көз болу қиындық туғызған. Ал бұл бала оған қарсы. Жылағаннан көзі ісіп кетіпті. Мен: «Сені жақсы түсінемін. Бірақ, сенікі бәрібір дұрыс емес. Әкеңе де оңай емес, түсінсеңші. Үйлене берсін. Ағаң жақында әскерге кетеді. Екеуің қаласыңдар. Айтпақшы, мен де сендерден кетемін. Кеден қызметіне ауысамын!» дегенім сол еді, әлгі бала одан әрі жылап қоя берді. «Аға, мұныңыз не? Сіз де бізді тастап кетесіз бе?» деген соң, мен де шыдамай: «Несі бар екен? Бұл залда тиын санап, азғантай ақшаға қалай күнелтем?» деп ұрысып бердім. Мұнымен тоқтамай: «Егер мен сендерді жаттықтыру үшін қалатын болсам, сен әлем чемпионы боласың ба?» дедім. Небәрі алтыншы сыныпта оқитын баланың көзінен жалын атып тұр екен. «Иә, аға, мен чемпион боламын! Боламын!» деді. Мен оған біраз қарап тұрдым да, телефон арқылы кеден саласындағы қызметтен бас тарттым. Ал әлгі баланы сөзінде тұрды десек болады. Самбодан әлем чемпионатында күміс жүлде иеленді. Азия чемпионы атанып, екі рет жастар арасындағы Азия біріншілігінде күміс жүлдегер атанды. Спортта біраз табысқа жетті. Ол баланың аты Ермек Қалиеков еді.

***

90 жылдар дейсіз бе?! Бұл өте қиын кезеңдер еді. Адамдар талон есебімен өмір сүрді. Жан бағу үшін түрлі кәсіпті меңгерді. Ғылым кандидаттары мен профессорлар базар жағалап кетті. Кейбіреулер үйдегі бар затын саудаға сала бастады. Инфляция ұшып тұрды. Несие беру қолданысқа ене бастаған. Мен өзім несие алып, қант сатумен де айналыстым. Шәкірттерім жазғы демалысқа кеткенде күнкөріс қамы үшін тырысқаным еді бұл. Өйткені, қалай да жан бағу керек болды. Тіпті, кейін бірінші көлігімді (1992) де сатып алдым. 1972 жылы шыққан «Москвич».

***

2

Менің түсінігімде ең мықты бапкер өте сауатты, балалардың ішкі дүниесін түсінетін, әрқайсысының мүмкіндігін бағалай білетін, физилогия, психология және биомеханикада бәрін түсінетін адам болуы тиіс. Жалпы физикалық дайындық пен спортшылардың тамақтануын да қадағалап отыратын, ұжымда бар адаммен тіл табыса алатын болса... Барлық бапкер бірдей емес, әрқайсысының өзіндік қолтаңбасы бар. Мәселен, біздің бапкерлер құрамын алыңызшы. Сергей Раков – КСРО біріншілігінің қола жүлдегері, Ибрагим Вешагуров (суретте сол жақта) – КСРО біріншілігінің күміс жүлдегері. Ал мен ше? Мен бар болғаны жасөспірімдер арасындағы одақ чемпионатында бесінші орын алдым. Өз жұмысың арқылы сен өз тактикаңды айналаңдағы әріптестеріңе де ұғынықты етуге тиіссің. Кейде тәуекелге барып, өз жүрегіңе бағынатын кездер болады. Өйткені, бұл үлкен сын. Елдің алдындағы жауапкершілігің зор. Қателікке бой алдырмасақ деген ой бәрімізде. Әзірге, үлкен қателік болмаған сияқты. Бетін аулақ қылсын. Немесе, мына бір мысалға назар аударайықшы. Спортшы Қазақстан біріншілігінде оныншы орын алады, ал мен оны әлем чемпионатына алып барамын. Әлгі бала әлемдік сыннан күміспен оралады. Бір жағынан, дәл осылай аяқталғаны өте жақсы. Бірақ, басқаша да болуы мүмкін ғой. Ол бала мүлде жүлдесіз қалды делік. Осыдан соң, әлгі баланың көзінен от көріп, сенім артқан бапкерге түседі күштің бәрі. Мұндай оқиғалар менде жиі кездескен. Ел чемпионы емес, жүлдеге ілікпеген баланың жігеріне тамсанатын кездер болады. Алайда, кішкентай сәтсіздікке ұшырасақ, Федерацияға қоңырау шалатын адамдар көбейеді. Қысым басталады. Бірақ мені қолдайтын, түсінетін басшылықтың барына рахмет.

***

Менің әкем өмірден 53 жасында ерте кетті. Кішкентай кезімде ол үнемі: «Ұлым, есіңде болсын, ешкімге қызғанышпен қарама. Бәріне өз еңбегіңмен жет. Қызғану – ол өте жаман нәрсе. Тіпті, адамның түбіне жетуі мүмкін» дейтін. Менің кейбір достарыма қараңызшы. Олар зәулім үйлерде керемет аспен тамақтанады. Көліктері де керемет. Мен олардың ешқайсысына қызғанышпен қараған емеспін, тек сондай табысты достарымның барына қуанатынмын. Тіпті, жағдайымыз тым нашар болып, кедейліктен жүрегім ауырған кездерде де көре алмау деген қасиет менде болмады. Төрт қожайыны бар пәтеріме келемін де: «Жарайсың, досым! Мен де бұл жетістікке жетермін!» деп өзімді қайрап қоятынмын. Аллаға мың да бір шүкір. Менде бәрі қалпына келді. Асықпай мен де өз мақсатыма жеттім, Қазақстанға бапкер ретінде танылдым, Алматыдан үй сатып алдым. Бір ұлым мен үш қызым бар, тіпті, ата болып та үлгердім. Шүкір, бақытты адаммын. Тек бір Олимпиада алтыны ғана жетпей тұр (күлді).

***

Менің жұбайым керемет адам. Үйленер алдында ол маған үш талап қойды: ақша үшін ұрыспау, арамыздағы түсінбеушілік кезінде ата-анамызды араластырмау және балағат сөз айтпау. Әрине, соңғысына келгенде аздап қиыншылық болып қалады (күлді). Сол кезде ол дереу баяғы талаптарын қайталай қояды. Біздің танысқанымыз да қызық. «Ява» деп аталатын мотоциклмен әскердегі досымды Новоалексеевкадағы (Алматы облысы, қазіргі Бәйтерек селосы) туыстарына апарып келе жатқанымда, бақшада шаруа істеп жүрген қызға көзім түсті. Шаруаға бейім екен (күлді). Маған да керегі осындай қыз ғой деп ойладым. Бір көргеннен ғашық болу дейсіз бе? Ол бір көргеннен ұнатты, ал мен сәл кейін. Бәлішті өте дәмді пісіретінін көрген кезде (күлді). Содан соң, оны алып қаштым. Әрине, ол қарсы болған жоқ. Үйге әкелген соң, 100 жасаған әжем басына орамал тағып, той жасадық. Міне, 29 жыл бойы бірге өмір сүріп келеміз. Ол менің ең жақын досым әрі көмекшім. Барлық жағдайда...

***

Егер 2016 жылғы Олимпиада ойындарында балалардың бірі алтын медаль алатын болса, бапкерлік ғұмырымды аяқтауға дайынмын. Біздің команданың (бапкерлер кеңесі, ғылыми топ, массажшы, дәрігер) басты мақсаты алтын медаль болып отыр. Әрқайсысының арманы сол. Егер Олимпиада чемпионы шығатын болса, үлкен арманымыз орындалар еді. Біз онда міндетті түрде тарихқа енетін боламыз (күлді)...

***

Еңбегіңді бағалап, ел мақтап жатса шаршағаның ұмыт қалады. Ал сын садағына ұшырап, үнемі ұрыс естісең жауапкершілік жүгі одан әрі ауырлай түседі.

***

Егер Рио-де-Жанейрода бәрі сәтті болса, мен тып-тыныш қана әкімшілік жұмысқа бас қояр едім. Егер ұлттық құраманың кеңесшісі етіп тағайындаса, отандық дзюдоға үлкен үлес қосарымды білемін. Бәрі де біздің Бразилиядағы нәтижемізге және басшылықтың шешіміне байланысты.

***

Сатқындар мен екіжүзді адамдарды жек көремін. Тіпті, мұндай адамдардан қорқамын да. Өмірімде шәкірттерімнің менен сырт айналып кеткен кездері де болды. Ақшаның жоқтығынан шетелдегі жарыстарға апара алмаған сәтте қалталы адамдар менің балаларымды алып кетті. Мектепте кейін қайтарамыз деп менің ақша табуымды талап ететін. Бірақ мен үнемі достарымнан қарыз алуға ұялдым. Кейін балалар келіп, өздерінің кететінін айтқанда, ішім күйіп кеткендей әсерде қалатын едім. «Құдайым-ау, мен қандай балаларды тәрбиеледім» деп ойладым. Жан-дүнием күйзеліп тұрса да, шыдауға тура келді. Әлгі балалар жаңа бапкерлермен жаттығып, өз нәтижелерін төмендетіп алғанын да көрдім. Өйткені, олар басқа командаға, басқа тактикаға бой үйретіп кете алмады. Олар маған қайта оралғанда, әрине, кешірдім. Алайда, бәрібір жүрек түкпірінде дақ қалады екен. Әлгі балаға бәрібір бұрынғыдай сене алмайсың...

***

Мен кимоно кигенімді, спортшы болғанымды және бапкер, педагог атанғанымды мақтан етемін. Менің балаларым, немерелерім мен жұбайым мұны мақтан тұтады. Сенімдімін...

***

Менің өмірім тек татамиде ғана емес. Мен көп оқимын, нақыл сөздерді жақсы көремін, кино мен өнерден де алшақ емеспін. Командамен бірге кинотеатрға көп барамыз, шахмат ойнаймыз. Футбол мен өзге де спорт түрлеріне қызығамын. Жігіттерді отанды сүюге шақырамын үнемі. Жиындарда үнемі еліміздің Әнұранын шырқаймыз.

***

Шәкірттерімнің арасында жұлдыз ауруына шалдыққандары бар. Әсіресе, қазақ балаларында жиі кездесіп жатады. Ондай кезде біраз тәртіпке шақырып алмасаң, аспаннан жерге түспеуі мүмкін. Орнына қойған соң ғана жұмыс істей бастайды. Бізде қалай? Егер балалар ұта бастаса, сыйлық беріп, мақтау сөздерін жаудыратын ағалар мен көкелер көп. Келісемін, мұндай адамдар балаларға барынша жақсылық жасағысы келетін шығар. Алайда, мұның да шегі болуы керек. Содан соң: «Болды. Жақындағы жеңісіңді ұмыт! Сенің жүлде қоржының қайтадан босап қалды. Алға» деуге тура келеді.

***

Бапкер ретінде мен үнемі жас таланттарды іздеп жүремін. Бізде жақсы балалар өте көп. Бәріне де мүмкіндік беріп, еліміздегі және шетелдерде өтетін турнирлерге жіберіп тұрамыз. Бақылаймыз. Мысалы, маған Ғұмар және Ғұсман Қырғызбаевтар қатты ұнайды. Екеуі де 60 келі салмақ дәрежесінде.

***

Тарихи тұлғалардың ішінде кіммен кездескіңіз келеді дейсіз бе? Шыңғысханмен. Себебі, дзюдо да соғыстың бір түрі. Ал маған жекпе-жек тактикасы мен әскерді қалай қолдану керектігі туралы сөйлескен қызық болар еді. Сонымен қатар, ол тұлға болып қалыптасу үшін көп нәрсе істеді. Көптің бірі болып жүрген жоқ, Ұлы Билеушіге айналды. Мұндай биікке жетудің сыры неде? Мен бірінші кезекті осыны сұрар едім. Менің тізімімдегі екінші аңыз адам – Балуан Шолақ.

***

Жапон дзюдо мектебі – керемет үлгі біз үшін. Тәртіп, сыйластық, бәрі-бәрі сақталған. Әлемдік татамидің алыптары деп, Жапониядан бөлек, Оңтүстік Корея, Моңғолия, Франция, Бразилия және Өзбекстанды айтар едім.

***

Болашақта біздің дзюдошылар әлемдік сахнадан түспейді. Сенімдімін. Оның үстінде, жылдың соңында дзюдо Академиясы ашылады. Қазір бізден қорқады, сыйлайды қарсыластар. Бұрын қалай еді?! «Қазаққа қарсы шығасың ба? О, онда жолың болды!» дейтін. Ал қазір біздің деңгейіміз өсті. Жасөспірімдердің, жастардың, ұлттық құраманың жеңісті жолы біздің сыйлы болуымызға себепкер. Максим Раков әлем чемпионы атанды. Оған дейін Асхат Шаһаров пен Асхат Жіткеевтер (2001) әлем чемпионатында үздік үштікке енді. Одан соң, Бейжің Олимпиадасында (2008) Асхат Жіткеевтің финалға шыққаны бар. Азамат Мұқановтың өткен жылғы күмісі жүлдесі де үлкен абырой. Аталған жігіттердің әлемдік додалардағы жүлдесі біздің сыйымызды арттыра түседі.

***

Елдос Сметовтің кемшін тұстары.... Оған кішекене еңбексүйгіштік жетпей қалады. Барлық талантты балалар секілді, еріншектеу сәл. Азамат Мұқанов? Бразилиядағы күміс жүлде оның биігі емес. Ол одан да жақсы нәтиже көрсетуге қабілетті жігіт. Өйткені, Азаматта мінез бар. Сонымен қатар, ол өте жақсы отағасы, кішкентай ұлы өсіп келеді. Тәртіпті сақтайды. Өткен жылы Азия чемпионаты мен әлемдік біріншілікке дейін өткен барлық турнирлерде ұтылып қалды. Бірақ, ең маңызды екі жарыста тұғыр биігіне көтерілді. Мұқановтың басты кемшілігі – оның іс-әрекеті мен әдіс-тәсілдерін қарсыластары оқып қояды. Мысалы, Елдос Сметовтің қандай тәсіл жасайтынын ешкім ұғып болмайды. Ал Азаматтың әдісін біліп қояды. Қазір осы олқылықтың орнын толтырып, спортшымыздың мейілінше әртүрлі әдістерді қолдануына жағдай жасап жатырмыз. Өйткені, 60 келідегі секілді, Азаматтың салмағында бәсекелестік өте жоғары. Ал бәсекелестік бар жерде, нәтиже де жақсара түседі. Максим Раков? Ол Лондоннан кейінгі психологиялық қиындықты артта қалдырды. Алдағы Азия ойындарында Раковтан тек алтын күтеміз. Бас жүлде алуға оның күш-жігері жетеді. 2016 жылы ол 30 жасқа келеді. Сол себепті, біраз нәрсені өзгерту керек. Мысалы, 1992-93 жылы туған спортшылардың қалыпқа келуі бөлек те, 30 жастағы Макстың жағдайы мүлдек басқа. Сапалы фармакология керек. Айбек Имашев? Оның Еуропаның ашық Кубогінде жеңіске жеткеніне еш таң қалмаймын да. Айбекпен 6 жылдан бері біргеміз. Жастар құрамасында ол команда капитаны болған. Азия чемпионы, халықаралық турнирлерде топ жарды. Содан соң, ересектер арасына сына қаға бастады. Алматыдағы Гран-при кезеңінде күміс жүлдегер атанды (2013). Өте еңбекқор бала. 60 келідегі Елдос Сметов пен Асхат Телмановтың басты қарсыласы.

***

Қазақстан дзюдосында шешімін таппаған мәселелер әлі кездеседі. Бұқаралық сипат бар, бірақ әлі де ел ішінде дзюдоны насихаттауды тоқтатпау керек. Облыстағы бапкерлер жалақысын көтеру қажет. Солардың арқасында біз Сметов (Тараз), Имашев (Ақтау), Ыбыраев (Ақтөбе), Телманов (Атырау), Раков (Қарағанды), Ықыбаев (ШҚО) секілді балалармен мақтанамыз. Көрдіңіз бе, еліміздің әр аймағынан талантты балалар шығып жатыр. Өйткені, бәрі де еңбектенеді.

***

Мен кім көп еңбек етеді, соған сәттілік серік болады деген ұстанымдағы адаммын. Ал менің өмірім – күрес. Бәріне де төзіп келем: кедейлік, сатқындық, кемсіту, армандарыңның күл-талқаны шыққан сәттер... Бәрі де артта қалды.

Біздің дерек. Ермек Әбуұлы Имамбеков. Дзюдодан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері.

Туған жылы: 24 тамыз 1961 жыл

Туған жері: Алматы облысы, Маяк селосы

Алғашқы бапкері: Қарақов Амантай Қарақұлы

Спортшы ретіндегі жетістігі: Жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионы (1976, 1977, 1978), жастар және ересектер арасында Қазақстан біріншілігінің бірнеше дүркін жүлдегері, «Буревестник» РС жеңімпазы, «Буревестник» ЦС және «Зенит» ЦС жеңімпазы (1979), бүкілодақтық турнирлердің чемпионы және жүлдегері, жасөспірімдер арасындағы КСРО біріншілігінің 5-і орын иегері (1978). КСРО спорт шебері.

Бапкерлік қызметтегі жетістіктері:

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы (1998)

4-і Дан Кодокан (1999)

Спорт қайраткері (2007)

Дзюдо спорты бойынша жылдың үздік бапкері (2010)

«Тарлан» жүлдесімен марапатталған (2010)

«Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» медалінің иегері (2011)

Ермек Имамбеков: «Түркия татамиінен жүлдемен ораламыз деген ойдамын»

0 пікірлер

Арқылы авторизация жасай аласыз:

Әлеуметтік желідегі парақшалар