Максим Раков: «Лондон сәтсіздігі артта қалды»

07:03 | 27 наурыз 2014

Қазақ дзюдосының жарық жұлдызы Дюссельдорфтағы күміс жүлде, Михаил Раков, Лондон Олимпиадасынан кейінгі өмір және биыл өтетін ең басты бәсеке туралы өз ойымен бөлісті.

Біздің дерек. Максим Сергеевич Раков (100 келі). Дзюдодан Қазақстан ұлттық құрамасы.

Туған жылы: 7 ақпан 1986 жыл

Туған жері: Қарағанды қаласы

Бапкері: Раков Сергей Капитонович

Жетістіктері: Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері (Оңтүстік Корея, 2002), Азия ойындарының күміс жүлдегері (Катар, 2006), әлем Суперкубогінің екі дүркін иегері (Германия, 2006; Голландия, 2008), Азия чемпионатының қола жүлдегері (Кувейт, 2007), Азия чемпионы (Қытай, 2009), әлем чемпионы (Голландия, 2009), Азия ойындарының қола жүлдегері (Қытай, 2010), «Шартарап шеберлері» халықаралық турнирінің қола жүлдегері (Оңтүстік Корея, 2010; Әзірбайжан, 2011), әлем чемпионатының күміс жүлдегері (Франция, 2011), «Шартарап шеберлері» халықаралық турнирінің жеңімпазы (Алматы, 2012), «Гран-при» турнирінің жеңімпазы (Германия, 2012), «Үлкен Дулыға» халықаралық турнирінің қола жүлдегері (Жапония, 2012), «Гран-При» турнирінің жеңімпазы (Алматы, 2013), «TAK Astana Club» командасының сапында Қазақстандағы бірінші халықаралық клубтық турнирдің жеңімпазы (Астана, 2013), «Гран-при» додасының күміс жүлдегері (Германия, 2014). Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген спорт шебері. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері.

Рейтингтегі орны: 13 (әлемдік рейтинг)

1

- Жаңа жылдың үш айы артта қалды. Максим Раков үшін биылғы маусым қалай басталды?

- Бұл маусым жаман басталған жоқ. Асықпай спорттық бабыма ену үстіндемін. Спорттық қалпыма толығымен ену процесі ұзаққа созылып жатыр. Егер Дюссельдорфтағы Гран-при турнирінде жарақат алмағанда, бәрі жақсы болушы еді.

- Егер Германиядағы аяқ алысыңызды бес балдық жүйемен есептейтін болсақ, өз мүмкіндігіңізді қаншаға бағалар едіңіз?

- Мүмкін, төртке бағалайтын шығармын. Бапкерлермен арнайы құрған жоспарымыздың кей тұсы орындалды, кей жерде ақсап қалдық. Бір жағынан, бұл турнирді мен бұрын ұтқан едім. Сол себепті, алтын алу сондай үлкен мақсат болған жоқ. Қазір өз күресіңді іздеп, жаңа ережеге бой үйрететін кезең. Ал Париждегі «Үлкен Дулыға» турнирінде шын мәнінде жолым болған жоқ. Таң қалатыным, Франциядағы турнирлерде үнемі жеңіліске ұшыраймын. Сан сәрте француз жеріне жарысқа барғанда тек бір рет әлем чемпионатының күмісін иеленіппін. Ал Дюссельдорфта бәрі басқаша болды. Шын көңіліммен күресіп шықтым. Алғашқы белдесуімде Грузия спортшысы Александр Мсхаладзені жеңген соң, кезінде рейтингте бірінші тұрған ресейлік балуанды (Сергей Самойлович - автор) ұтып алдым. Жартылай финалда мені татами иесі (Карл-Рихард Фрей - автор) күтіп тұр еді. Неміспен белдесуде қатты қиындық сезінген жоқпын. Алайда, жарақат алып қалдым да, бапкерлермен кеңесіп, финалдық сынға шыққан жоқпын. Бразилиялық Лусиано Корреамен белдесуден жарақатымды тереңдеп кетпеуі үшін бас тарттым. Бұл үшін мүлде өкінген жоқпын да. Өйткені, Германияда екі рет алтын алғанмын. Оның үстіне, қазір алдыма қойған жоспарлар да бөлек. Ең бастысы, биылғы маусымдағы алғашқы жүлдеме қол жеткіздім. Осы қуантады.

- 2014 жылы ұлттық құрама спортшыларын өте көп жарыс күтіп тұр. Сіз үшін басты сын қайсысы болмақ?

- Әрине, әлем чемпионаты. Егер әлемдік сынға бабымда барсам, Азия ойындарында да жоғары нәтиже тіркеуге болады. Өзіңіз білесіз, Азия ойындарында қазақ дзюдошылары әлі алтын алған жоқ. Негізі, менің көңіл түкпірімде 2016 жылы өтетін ең ірі бәсеке тұр (күлді).

- Бразилияға дейін әлі көп уақыт бар. Алдымен Челябинск пен Инчхон додасында бақ сынау міндеті түр. Екі додаға да қатысасыз ба, әлде?

- Уақыт көрсетеді. Әзірге нақты ештеңе айта алмаймын. Бәрі де болуы мүмкін. Мысалы, мен ұлттық құрама сапында Түркиядағы Гран-при турниріне ұшып кетуім керек болған. Бірақ, көріп отырсыз, үйде қалдым. Яғни, дәл қазір менің қай сайысқа қатысатыным белгісіз. 9-11 мамыр күндері Бакуде өтетін «Үлкен Дулыға» додасына қатысатындар тізімінде бармын. Алайда, Әзірбайжанға менің бару-бармауым да белгісіз. Біріншіден, әзірге қатысушылар туралы ресми мәлімет жоқ. Екіншіден, Дюссельдорфтан кейін мен әлі татамиде дайындалған жоқпын.

- Ұлттық құраманың бас бапкері Ермек Имамбеков әлем чемпионатына да, Азия ойындарына да сізді жіберемін деп отыр...

- Рас, бұл жайтқа қатысты біз Ермек Әбуұлымен әңгімелескен болатынбыз. Не айтсам екен?! Құдай қолдап, бізде бәрі жақсы болуын тілеймін. Көлденең жарақаттан аман болып, спорттық бабымды жоғалтпасам екен...

- Екі ірі доданың екеуіне де сізді барды делік. Жарыс кезінде міндетті түрде алтынға таласатыныңыз анық...

- Шынымды айтсам, не айтарымды білмей тұрмын. Дәл қазіргі сәтте қандай да бір нақты талап жоқ. Неге? Өйткені, осыған дейін аузым күйіп көрді. Өзімнен өте көп нәрсе күттім де, соңында сәтсіздікке ұшырадым.

- Жанып кеттіңіз бе?

- Олай демес едім. Өйткені, «жанып кету» деген ұғым бала кезімде қалды. Спорт – жеңіс пен жеңіліс бірге жүретін, алдын-ала жоспарлауға болмайтын дүние. Сондықтан, алдыңа үлкен жоспар құрып, оны орындай алмасаң, өзіңе ауыр тиеді. Бір нәрсені анық білемін: мықты спортшы татамиде күрес кезінде анықталады. Ал Олимпиадаға қатысты айтылатын «Бастысы жеңіс емес, бастысы қатысу» деген ұран да маған қатысты емес.

- Келесі сұрақты сізге жүздеген адам қойып үлгерген шығар...

- (күлді) Лондон Олимпиадасы туралы ма?

- Тап сол жеңіліс сізді көп мазалады ма?

- Лондон ойындары аяқталған соң, шынымен, өте ауыр соқты. Көптеген белдесулерде жеңіліп қалдым. Бірақ өзімді қолға алып, бағытымды түзеген соң, жүлдеге іліге бастадым қайтадан. Олимпиада тарихқа айналды. Мен өмір тарихымдағы бұл парақтан өтіп кетіп, жаңа беттерді жазуға кірістім. Сол жаңа парақтарда жеңістер көп болады деп үміттенемін.

- Сіз әкеңіздің ізімінен жүрсеңіз, ініңіз сіздің соңыңыздан ерді. Қазір Михаилдың спорттық ғұмыры қалай өтіп жатыр?

- Мишаның қарым-қабілеті мен дене-әлеуеті өте жақсы. Алайда, оны дұрыс пайдалануына бапкерлер қауымы да көмектесуі керек. Бір білерім, қазір жастар құрамасында өте жақсы мамандар жұмыс істейді. Әзірге Михаил барлық талантын ашып көрсете қойған жоқ. Меніңше, ол өз өнерін сәл кешірек паш ететін сияқты. Жетілу үстінде. Өткен жыл Миша үшін аса сәтті болған жоқ. Жарақаттан көз ашпады. Рас, дзюдо біздің отбасылық спорт. Алайда, бәрі адамның өзіне байланысты. Себебі, бұл күрес қой.

- Егер ініңіздің спорттық жолы жарқын болып, қалың елге танылатын болса, Михаил Раковты Максим Раковпен салыстыра бастайды. Бұл туралы не айтасыз?

- Мен оған үнемі өз жолы бар екенін ескертемін. Ол менің істегенімді қайталауға тиісті емес. Оның өз жеңіс тарихы болуы керек. Максим Раковтың інісі емес, дзюдошы Михаил Раковтың спорттық ғұмыры туралы айтуы керек ел. Иә, үлкен ағаң көптеген ірі додаларда жеңіске жетіп, сенің үлкен спорттағы жетістігің әлі бастала қоймаған қиын. Өйткені, оның жасында мен ұлттық құраманың бірінші нөмірлі спортшысы болдым. Әкем екеуміз бәрі сәтімен болады деп үміттенеміз.

0 пікірлер

Арқылы авторизация жасай аласыз:

Әлеуметтік желідегі парақшалар