Елдос Сметов: «Жапондықтар алдымды орап жүр»

02:20 | 23 наурыз 2014

Ағымдағы жылы дзюдодан Қазақстан ұлттық құрамасын екі ірі дода күтіп тұр. Оның бірі Челябинскіде өтетін әлем чемпионаты (23-31 тамыз), екіншісі Инчхон қаласында өтетін Азия ойындары (18-28 қыркүйек). Бапкерлер қауымы аталған ауқымды бәсекелерде балуандарымыз жүлде тұғырына көтеріледі деп үміттеніп отыр. Әсіресе, Елдос Сметов алысқа шабады деген үміт зор. Тараз дзюдо мектебінің түлегі жастығына қарамай, талай халықаралық турнирлерде олжа салған соң, Елдостың болашағына сеніммен қарауға құқымыз бар еді.

Біздің дерек. Елдос Сметов (60 келі). Дзюдодан Қазақстан құрамасы

Туған жылы: 9 қыркүйек 1992 жыл

Туған жері: Жамбыл облысы, Луговой селосы

Бапкері: Ахмет Жұмағұлов

Жетістіктері: жастар арасындағы әлем чемпионы (2010, Марокко), жастар арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері (2011, БАӘ), Гран-при турнирінің қола жүлдегері (2011, Қытай), әлем кубогінің жеңімпазы (2011, Өзбекстан), Еуропа ашық кубогінің жеңімпазы (2013, Польша), Еуропа ашық кубогінің күміс жүлдегері (2013, Грузия), Гран-при турнирінің күміс жүлдегері (2013, Түркия), Азия чемпионатының қола жүлдегері (2013, Таиланд), Гран-при турнирінің жеңімпазы (2013, Алматы), «TAK Astana Club» командасының құрамында бірінші халықаралық клубтық турнирдің жеңімпазы (2013, Астана). Бразилиядағы әлем чемпионатының қатысушысы (2013). ҚР спорт шебері. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері.

Рейтингтегі орны: 8 (әлемдік рейтинг)

1

- Елдос, жаңа спорттық маусым сіз үшін қалай басталды?

- Ота жасатқан соң, екі ай үзіліс алып, құрамаға қайта қосылдым. Менің осы маусымдағы алғашқы бәсекем Дюссельдорфтағы Гран-при турнирі болды. Германияда өткен жарысқа небәрі бір апта дайындалдым. Сол себепті, жүлдеге ілікпедім, бесінші орын. Дұрыс жаттықпаған соң, бесінші орын алғаным заңды. Қазір жағдайым жаман емес. Көңіл-күйім жақсы, бәрі жоспар бойынша өтіп жатыр. Спорттық бабыма қайта енудемін.

- Келесі аптада кезекті Гран-при турнирі Түркияның Самсун қаласында өтеді. Бапкерлер қауымы сенен жүлде күтіп отыр. Ал өзіңіз қай межеден көрінгіңіз келеді?

- Мүмкін, тым асыра айтып отырған шығармын. Бірақ қазіргі жаттығу қарқыныммен Түркияда бірінші орын иеленемін деген ойым бар. Әрине, мен Олимпиада алтынын жеңіп алатындай деңгейде емеспін (күлді). Алайда, мен бұл арманыма асықпай адымдап келемін. Осындай турнирлердің, ірі жарыстардың мені шыңдай түсетіні рас. Барлық бәсекеде бірінші орын алсам деп қамшылаймын өзімді.

- Гран-при турнирінде кіммен жолыққыңыз келмейді?

- Жапондықтармен жекпе-жекке шығу мен үшін ауырлау. Бірақ бұл мен қорқып отыр дегенді білдірмейді. Ешқашан да қорыққан емеспін. Тек, Күншығыс елінің спортшылары үнемі алдымды орап кетеді. Ал қалған қарсыластардың барлығымен жақсы күрес көрсеткенмін. Меніңше, кез келген спортшының басты қарсыласы - өзі. Сондықтан, алдымен өзіңді жеңген дұрыс сияқты.

- Челябинскідегі әлем чемпионаты мен Инчхондағы Азия ойындарының қайсысы сіз үшін маңыздырақ?

- Әрине, Азия ойындары. Құрлық спортшыларына төрт жылда бір рет соғатын доданы кішігірім Олимпиада деп атасақ та артық емес. Оның рейтингі де биік. Ұпай тарату тұрғысынан Олимпиададан кейінгі сатыда тұр.

- Ал Ресейде де, Оңтүстік Кореяда да сынға түсуге өзіңізді дайынмын деп есептейсіз бе?

- Мұны мен емес, бапкерлер кеңесі анықтайды. Егер олар әлем біріншілігіне де, Азиадаға да мен барады деп шешсе, әрине, екеуіне де қатысуға дайынмын. Оның үстіне, мен салмақ қумаймын. Сондықтан,кез келген сайыста күресе беруге болады.

- Егер Инчхонда алтын алмай, екінші немесе үшінші орында қалсаңыз қатты өкінесіз бе?

- Жоғарыда айтып өттім, Азия ойындарының деңгейі өте биік. Ал өзіме «өте жақсы» деген сөз ұнайды. Бұл сөз алтын жүлдеге қатысты айтылады ғой (күлді).

0 пікірлер

Арқылы авторизация жасай аласыз:

Әлеуметтік желідегі парақшалар