Қазақстан дзюдо федерациясының кезекті Конференциясы өтті

25 шілде күні Астанада Қазақстан дзюдо федерациясының кезекті Конференциясы өтті. Жиында атқарылған жұмыстар қорытындыланып, алдағы мақсат-міндеттер айқындалды. Сондай-ақ Федерацияда кадрлық өзгеріс болды.
Атақты дзюдошы, Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, Қазақстан Республикасына Еңбек сіңірген спорт шебері әрі тәжірибелі спорт маманы, Қазақстан дзюдо федерациясының бас хатшысы лауазымындағы Асхат Расулұлы Жіткеев Федерацияның вице-президенті қызметіне тағайындалды. Бұл шешім оның отандық және халықаралық дзюдоның дамуына сіңірген ерен еңбегіне берілген жоғары баға.
Асхат Жіткеевтің спорттағы мансабы бірнеше онжылдықты қамтиды: 2008 жылы Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдесін еншілеп, Азия чемпионы, оған дейін әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды. 2011–2012 жылдары ерлер ұлттық құрамасының бас бапкері қызметін атқарды. 2012 жылдан 2019 жылға дейін Федерацияның даму жөніндегі директоры қызметінде болды. 2019–2021 жылдары Бас хатшы, 2021–2022 жылдары Федерация президентінің міндетін атқарушы, ал 2023 жылдан бастап қайтадан Бас хатшы лауазымында еңбек етті. Білікті маманның бастамаларының арқасында Қазақстан Халықаралық дзюдо федерациясында өз орнын нығайтып, әлемдік серіктес ретінде мойындалды.
2023 жылдың сәуірінен бастап Асхат Жіткеев Азия дзюдо одағының рефери-директоры ретінде халықаралық деңгейде қызметін жалғастырып келеді.
«Сізбен бірге қазақ дзюдосының жаңа кезеңі басталды. Бізге бағыт-бағдар бере отырып, халықаралық ынтымақтастыққа жол аштыңыз. Іскерлігіңіз, жанкештілігіңіз бен көрегендігіңіздің арқасында Федерация жаңа биіктерді бағындырды. Барша дзюдо қауымдастығы атынан сізге атқарған еңбегіңіз үшін алғыс айтамын. Енді жаңа қызметіңізде де осы жолды жалғастырып, спорт саласына қосар үлесіңіз арта беретініне сенімдімін», — деді Қазақстан дзюдо федерациясының президенті Қуанышбек Есекеев.
Қазақстан дзюдо федерациясының бас серіктесі — «Самұрық-Қазына» АҚ, серіктес — «Sport Qory» туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры.
0 пікірлер