Қос қазақстандық дзюдо төрешісі IJF халықаралық дәрежеге ие болды

Алматы қаласында Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) ұйымдастыруымен өткен дзюдо төрешілеріне арналған халықаралық емтихан өз мәресіне жетті. Қазақстанда үшінші рет өткізілген бұл маңызды шара еліміздегі төрешілер даярлау жүйесінің жоғары деңгейін тағы бір мәрте көрсетті.
Емтиханның практикалық кезеңі Бекет Махмұтовты еске алуға арналған жасөспірімдер мен жастар арасындағы Азия кубогі аясында өтті. Аталған жарыста төрелік еткен 11 елден келген 19 төреші өз кәсіби біліктілігін дәлелдеді.
Нәтижесінде қазақстандық төрешілер Тимур Аженов (Ақтөбе облысы) пен Әділ Бисенқұл (Маңғыстау облысы) сәтті нәтиже көрсетіп, IJF Халықаралық санаттағы төреші (IJF International Category) атағына ие болды.
Сондай-ақ, Польша, Египет, Оңтүстік Корея, Ресей, Қырғызстан, Үндістан, Иран, Нидерланд, Жапония және Сауд Арабиясынан келген төрешілер де емтиханнан сүрінбей өтіп, халықаралық дәрежеге қол жеткізді.
Төрешілер жұмысына және емтихан барысына Халықаралық дзюдо федерациясының бас рефери директорлары Даниэл Ласкау мен Армен Багдасаров, Азия дзюдо одағының (JUA) бас төрешілер директоры Осака Акинабу мен JUA рефери-директоры Асхат Житкеев жетекшілік етті.
Айта кетейік, қазіргі таңда Қазақстанда 11 халықаралық, 17 континенталдық және 20 ұлттық дәрежедегі дзюдо төрешісі бар.
Қазақстан дзюдо федерациясының бас серіктесі — «Самұрық-Қазына» АҚ, серіктес — «Sport Qory» туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры.
0 пікірлер