Дзюдодан Қазақстан құрамасы әлем чемпионатының жекелей сындарын тарихи нәтижемен аяқтады

Қазақстан құрамасы Эквадорда өтіп жатқан дзюдодан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының жекелей жарыстарын тарихи нәтижемен қорытындылады. Үш күнге созылған бәсекеде қазақстандық дзюдошылар 3 алтын, 3 күміс және 4 қола - барлығы 10 медаль еншілеп, жалпы медаль кестесінде екінші орынға тұрақтады.
Құраманың үшінші алтынын Әділжан Жаудинов жеңіп алды. +90 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен қазақстандық дзюдошы финалда ресейлік Абдулманаф Рамазановты қосымша уақытта иппон ұпайымен таза жеңіп, әлем чемпионы атанды.
Әлемдік рейтингте төртінші орында тұрған Әділжан жарысты екінші айналымнан бастады. Ол алғашқы белдесуінде жапониялық Кога Терукиді, ширек финалда бразилиялық Жозе Паулу Перейраны жеңді. Ал жартылай финалда Франция өкілі Азриэль Декенн Диффодан басым түсіп, финалға жолдама алды.
Қазақстан құрамасының жүлдегерлері:
Алтын - Расулхан Ғабит (-60 кг)
Алтын - Фатима Сұпығалиева (-52 кг)
Алтын - Әділжан Жаудинов (+90 кг)
Күміс - Әділжан Нұрбекен (-50 кг)
Күміс - Адия Жанахмет (-40 кг)
Күміс - Інжу Жұмажан (-57 кг)
Қола -Бекарыс Құдайберген (-50 кг)
Қола - Ахмет Баубек (-60 кг)
Қола - Ерік Үсенов (-66 кг)
Қола - Еркен Бекәлі (-73 кг)
Қазақстан дзюдосы үшін тарихи көрсеткіштер
Эквадордағы әлем чемпионаты Қазақстан дзюдосының тарихына бірқатар жаңа рекордпен енді.
Фатима Сұпығалиева Қазақстан дзюдосы тарихында қыздар арасында әлем чемпионы атанған тұңғыш спортшы болды.
60 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі әлем чемпионы атағы екінші жыл қатарынан Қазақстанда қалды. 2025 жылы бұл салмақта Ернұр Батырғали топ жарса, биыл Расулхан Ғабит әлем чемпионы атанды. Айта кетейік, дәл осы салмақ дәрежесінде Елдос Сметов Париж Олимпиадасының чемпионы атанған.
Қазақстан дзюдосы тарихында бұған дейін бір әлем чемпионатында үш алтын медаль жеңіп алу көрсеткіші тіркелмеген. Эквадордағы додада Қазақстан құрамасы алғаш рет бір әлем чемпионатында үш бірдей чемпион шығарды.
Сонымен қатар, 10 медаль - Қазақстан құрамасының әлем чемпионаттарындағы рекордтық көрсеткіші. Бұған дейін жасөспірімдер, жастар және ересектер арасындағы әлем чемпионаттарында ұлттық құрама бір жарыста мұндай нәтижеге қол жеткізбеген.
Тағы бір тарихи көрсеткіш - Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні әлем чемпионатында үш күн қатарынан шырқалды. Жекелей сындардың әр күнінде қазақстандық дзюдошы жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.
Айта кетейік, 23 тамыз күні жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты аралас командалық жарыспен жалғасады. Әлем біріншілігіне 59 елден 457 жас татами шебері қатысуда.
Қазақстан дзюдо федерациясының баспасөз қызметі
0 пікірлер