Құрама командалар

Раков Максим
  • Туған күні: 1986-02-07
  • Туған жері: Қарағанды облысы
  • Салмақ санаты: 100 кг
  • Жаттықтырушы: Байшолақов Т. ...

Максим Сергеевич Раков

Дзюдодан ҚР ұлттық құрамасының мүшесі

Кез-келген салада ұрпақ сабақтастығы маңызды рөл атқарады. Әке жолын қуған Максим Раков дзюдодан әлем чемпионатында жеңіске жеткен алғашқы қазақстандық. Оның әкесі, әрі жаттықтырушысы Сергей Капитонович Раков өз уағында дзюдодан жастар арасындағы ССРО чемпионы атанған. Енді әріптестесі, ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушысы Талғат Сайранұлы Байшолақовтың көмегімен баласын әлемдік чемпионаттың биік белесіне жеткізді.

Максим Сергеевич Раков 1986 жылы Қарағанды қаласында дүниеге келген. Бозбала дзюдомен айналысуды 1992 жылы бастады. Максимнің алғашқы жаттықтырушы Сергей Бардашевич. Екі жылдан соң баласының жаттығуын әкесі Сергей Капитонович қолға алды. Оның жаттықтырушысы, Анатолий Малкин Қазақстанда дзюдоны дамытуға үлес қосқан тұлға. Сондықтан да Максимнің алдағы жетістіктерін дәстүр сабақтастығы деп есептеуге болады.

«Менің басқа таңдауым қалмады. Анам Екатерина Ивановна жиырма жыл бойы «Азия дзюдосы» клубын басқарады. Үлкен ағам Сергей Қазақстан чемпионы. Михаил 14 жаста. Ол да дзюдомен айналысады. Інілерімнің ең кішкентайы Егор жақын күндері осы үйірмеге жазылады»- деп Максим мойындады.

2002 жылы Оңтүстік Кореядағы дзюдодан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында 100 келіге дейінгі салмақта «қола» иемденді. Бұл жетістігімен шектелмей, Максим 2006 жылы Катарда өткен Азиада ойындарының «күмісін» еншіледі. Сол жылы болашақ әлем чемпионы алғаш рет Германияда өткен «Әлемнің супер кубогы» халықаралық турнирінің жеңімпазы атанды. 2008 жылы ол өзінің жеңісін қайталап, дәрежелі біріншілікте топ жарды.

Бұған қоса, 2007 жылы Кувейттегі Азия чемпионатының қоласын иемденді. Ал 2008 жылы Австралиядағы әлем кубогында қазақстандық дзюдошы «күміс» медаль олжалады. Азиадалық құрлықтағы жеңісін еселей түсу үшін 2009 жылы Тайвандағы біріншілікте Максим Азия чемпионы атанды. Балуанның ең маңызды жетістіктерінің бірі - 2009 жылы дзюдодан Голландияда өткен әлем чемпионатында Қазақстан Республикасының тарихындағы алғашқы алтынды иемденуі. Тек алған жарақатына байланысты 2008 жылы Бейжің Олимпиадасына қатысу мүмкін болмады.

Спорттық жетістіктерімен қатар Максим қарулы күштердегі әскери міндетін атқару үшін Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін заңгер біліктілігі бойынша тәмамдап шықты. Ол бір кездері жаттықтырушылық қызметпен де айналысты. Бірақ татамидегі өнері ең бастысы болып қала берді.

2011 жылы дзюдодан Парижде өткен әлемдік біріншілікте Максим Раков екі дүркін әлем чемпионы болуға оқталған еді. Бірақ тек «күміс» олжалай алды. Осы медалі үшін барлық жанкүйерлерінің қуанышында шек болмады. Алайда спортшының өзі бұл көрсеткішіне риза емес.

«Мен көрсеткен өнеріме риза емеспін. Финалдағы жеңілісім менің турнир бойы жинаған барлық жеңістерімді жуып-шайып кетті. Тек қана жеңімпаздар есте сақталып, екінші орынның иегерлері ұмытылып кетеді. Мен федерация жетекшілігі мен қазақстандық жанкүйерлердің сенімін ақтай алмадым», - деді журанлистер қауымына берген сұхбатында.

2012 жылғы Лондондағы Олимпиада ойындарында Максим жүлделі марапаттарды еншілеу үшін барын салған еді. Халықаралық дзюдо федерациясының ережесі бойынша лицензияға қол жеткізіп, Олимпиадаға жолдама алу үшін спортшы кейбір шарттарды орындауы тиіс. Әсіресе: 2010 - 2012 жылдар аралығында халықаралық деңгейдегі жарыстарға қатысып, Олимпиадалық ойындарға қатысатын 22 үздік спортшының тізімінде болуға тиісті. Максимнің бұл аралықтарда сәтті өнерлерінде проблема болған жоқ, нәтижесінде ол рейтинг бойынша бірінші орынға ие болып, сөзсіз Олимпиадаға жолдама алды.

Алайда Лондон аренасында күтпеген жағдайға тап болды. Бірінші 1/16 финалда-ақ Әзірбайжандық балуан қарсыласы Эльмар Гасимовтан жеңіліп қалды. Төрт жыл бойы мәртебелі жарысқа дайындалған спортшының күтпеген жеңілісі физикалық және моральдық жағынан кері әсерін тигізді.

Өкінішке орай, жақында Бразилияда өткен әлем чемпионатында Максим Раков екі ғана кездесу өткізе алды. Екінші айналымда ол жарыстың болашақ қола жүлдегері, чехиялық Лукаш Крпалектен жеңіліс тапты.

Турнир аяқталғаннан кейін журналистермен болған кездесуде дзюдошы алған жарақатынан әлі қалпына келе қоймағанын, бұған қоса, енгізілген жаңа ережелерге үйренісе алмағанындығын айтты. Себебі Максим маусымның тең жартысын жекпе-жексіз өткізіп, өзгерістерді жіберіп алды.

«Әрине, бұл ақталғаным емес. Жеңуіме де болар еді. Мені партердегі күрес сүріндірді, ештеме жасай алмадым. Жарыс ырғағына енді ғана үйреніп келе жатқан бетім еді деуге әбден болады», - деді Максим Раков.

2016 жылғы Рио-де-Жанейродағы Олимпиада ойындарына қатысып жүлдеге іліне алмады. Бірінші айналымда Максим эстониялық Григорий Минашкинмен белдесті. Қарсыласында ескерту саны көп болғандықтан, Максим жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды. Екінші айналымда Максимнің қарсыласы Лукаш Крпалек болды. Бұл белдесуде Максим ескерту көп алғандықтан, Олимпиада ойындарын аяқтауына тура келді.

Әлеуметтік желідегі парақшалар