Ермек Имамбеков: «Жігіттерімізге сенеміз»

12:09 | 21 тамыз 2015

Астанада 24-30-тамыз күндері аралығында өтетін әлем чемпионатының басталуына санаулы күндер ғана қалды. Ел намысын қорғайды деп сенім артқан спортшылармыз бұл сынға сақадай сай. Бурабайдағы қорытынды оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жатқан Ұлттық құраманың бас бапкері Ермек Әбуұлымен дайындық барысы туралы аз-кем сөйлескен едік.

Әлем чемпионатына дайындық қалай жүріп жатыр?
-Әлем чемпионаты үшін ұзақ уақыттан бері үздіксіз жаттығып, тер төктік. Ұлттық құрамадағы жігіттердің кейбірінің жарақаты болған еді. Қазір одан құлан таза айықты. Дәрігерлік тексеруден өтіп, жаттығуларын жалғастырып жатыр. Осыған дейінгі Гран-при бәсекелерінде балуандардың шамасын байқадық. Биылғы әлем біріншілігі қарсаңында 14-тамызда Бурабайда соңғы оқу-жаттығу жиыны басталған еді. Бұйырса, 22-тамызда аяқтап, Астанаға ораламыз.
Жігіттердің мүмкіндігі қалай? Қазақстан құрамасы кемінде неше медаль алуға мүмкіндігі барын шамалап айта аласыз ба?
-Шүкір, қазір балуандар бабында. Бұған дейін қателіктер жібермедік емес, ондай жайттар болды. Сондықтан сол қателіктерімен бапкерлер жұмыс істеп, әлем біріншілігінде оза шабуға барын салып, дайындап жатырмыз. Пәлен деп кесіп-пішіп айтуға ерте. Бірақ кемінде екі жүлде аламыз деп балуандарға сенім артамыз.
Сметов пен Раков құрамада үздік саналады. Сіз үшін басты фавориттер кімдер?
-Мынау мықты, мынау әлсіз деп шәкірттерімді бөліп-жармаймын. Құрамаға алынған жігіттердің қайсы болмасын осал емес. Елдос Сметов үшін былтырғы жыл табысты болды. Максим Раков та өз биігінен көріне білді. Азамат Мұқанов сынды мықты жігіт жарақатынан айығып, қатарға қосылды. Ислам Бозбаев, Ержан Шынкеев, Азиз Қалқаманұлы, Рустам Ыбыраев, Айбек Имашевты осал деп айта алмас ем. Бұлардың барлығы бұған дейінгі Гран-прилерде өз деңгейін көрсетті. Содан кейін сенім артып, ел атынан осы біріншілікке үкілеп қосқалы отырмыз.
Шетелдік құрамалармен жаттығу жиындары ұйымдастырылды ма?
-Наурызда Шымкент қаласында Орта Азия елдерінің балуандарының басын қосып, біріккен жаттығу жиындарын өткіздік. Бұл тәжірибе алмасуда таптырмайтын шара. Балуандардың бабын байқап, кем-кетігін түзеу үшін оның біз үшін маңызы зор. Бертінде Минск қаласында әлемнің 30 елінің құрамасы қатысқан үлкен жаттығу жиындары болғанын да айта кеткім келеді. Әлемнің мен деген балуандарымен бірге жаттығу жасадық, азды-көпті тәжірибе алмастық.
Тактикалық дайындықты пысықтаған боласыздар. Кейбір жарыстарда балуандарымыз танымал дзюдошылармен кездесуде қателіктерге жиі бой алдырып жатты...
-Әрине, жаттығу барысында ол жағын да ескердік. Украиналық Георгий Зантараяға қарсы ерекше дайындық жасалды. Себебі, оны Азамат Мұқанов әлем чемпионатында жеңгенімен, кейін есе жіберді. Жапон мен моңғолдың балуандарына қарсы жігітеріміз қателіктерге бой алдырғаны рас. Одан да басқа балуандарға қарсы тактикалық дайындықты пысықтап, бейнежазбаларды қарап, бапкерлерімен отырып жұмыс істедік. Оның бәрі бекерден жасалып жатқан жоқ. Әлемдік аламанда ауыз толтырып айтуға тұратын нәтижеге қол жеткізу үшін жан-жақты дайындалудамыз.
Төменгі салмақтағы балуандардың арасынан өзара мықты анықтау оңайға соқпаған сыңайлы... Іріктеу қалай жүргізілді?
-Әлем чемпионатына Рустам Ыбыраев пен Елдос Жұмақановты қатыстырмай қалсақ, ол отандық дзюдоға үлкен қиянат болар еді. Сондықтан Елдос Сметов пен Азамат Мұқановпен қоса, осы екі оғланымызға да үміт арттық. Білесіздер, бұған дейінгі халықаралық турнирлерде бұл екеуі жерге қаратқан жоқ. Айбек Имашев пен Жансай Смағұловты бапкерлермен ақылдаса келе командалық сынға қатыстыруды жөн деп шештік. Жалпы, төменгі салмақта бәсекелестік біздің елде өте жоғары. Сондықтан, бұлардың қайсы болмасын бұл мүмкіндікті құр жібермейді. Астана төріндегі аламанда жігітеріміз өздерін толық дәлелдейді деп сенемін.
Әңгімелескен Жангелді Қаржан.

0 пікірлер

Арқылы авторизация жасай аласыз:

Әлеуметтік желідегі парақшалар