Қазақтың Азаматы

01:22 | 04 october 2013

Шынымды айтсам, әлі күнге дейін әлем чемпионатының алтынынан санаулы секундта айырылып қалғаныма өкінемін. Рас, бұйырмады. Масашидің қолын ауыртып-ақ бақтым, бірақ ол берілмеді. Сәл күш жетпей қалған секілді, әйтпесе...

Қазақ жанкүйерлері ерекше құрметтейтін батырлар қатары тамыз соңында тағы бір есіммен толықты. Ол - алыс Бразилияда өткен әлем біріншілігінде финалға дейін жетіп, ақтық айқаста ғана қарсыласына есе жіберген дзюдошы Азамат Мұқанов. Рио төріне төселген татамиде Азамат алысқа шапты. Күллі қазақ елі мен командаластарының жүгін жалғыз өзі арқалап, болашақ Олимпиада Отанынан күміс жүлде еншіледі. Бұл - бүгінге дейін қазақ баласына бағынбаған биік еді.

Иә, жаңа ғасыр басталған тұста қос Асхаттың (Шахаров және Жіткеев) дүние жүзі дзюдошылары жиналған сыннан қола жүлде жеңіп алғаны тарихта жазулы тұр. Жадымыздан да өшкен жоқ. 2009 жылы Максим Раков Қазақстан спортшылары арасында алғаш болып алтын жүлде иегері атанды. Алайда, Азамат Мұқановтың өңірінде жарқыраған күміс бізге бәрінен де ыстық. Оның себебі де жоқ емес. Біріншіден, Лондон сәтсіздігінен соң сын садағына жиі ұшыраған дзюдошылар қауымының еңсесін бір көтеріп тастады. Екіншіден, қазақ жігіттерінің де спорттың осы бір бекзат түрінен бейхабар еместігін әлем алдында дәлелдеп қайтты. Әлем халқының алдында туған жерінің туын тік ұстау Азамат үшін оңайға соққан жоқ. Бүгінде үйінің төрінде ілулі тұрған, ақ және көгілдір түспен көмкерілген күміс жүлденің артында талай жылғы еңбек, шелектеп төгілген тер мен спорттағы соқтықпалы, соқпақсыз жолдар жатыр еді...

Бала Азамат спортқа құштар болып өсті. Ойын баласы кезінде-ақ, спорт залдарының алдын торуылдауға аңсары ауып тұратын. Азамат туған Алматы облысының Кербұлақ ауданына қарасты Қоянкөз ауылы нар тұлғалы жігіттерден кенде емес. Солардың бірі 1996 жылы самбодан жастар арасында әлем чемпионы, ересектер арасында әлемдік сынның қола жүлдегері атанған Берік Жетпісбаев еді. Ауылдағы спортты серік еткен жастар ең алдымен Берікке қарап бой түзейтін. Оның балуандық өнеріне тәнті болып, спорттағы жетістігін қайталасақ деп армандайтын. Бұл арман бала Азаматтың да жүрегіне ұялады. Алғаш болып самбо үйірмесінің есігін ашқанда, алақандай ауылдағы санаулы бапкерлердің алдын көрді. 6-ы сыныпқа көшіп, спортпен өмірін байланыстыруды түбегейлі шешкен кезде, Қоянкөз ауылына арнайы келіп, жас спортшыларды тәрбиелеген Бақыт Қоқысбеков, Еркін Қожахметовтың тәлімін алды. Бірақ ауылда құм кешіп жүрген таланттардың томағасын сыпыруға құлықты бапкерлер көп емес. Бір-екі жылдық қызметтен соң, барлығы да қала жақты бетке алатын. Еркін ағайы да, кейін келген Мейіржан Қашағанов та Қоянкөзде көп тұрақтаған жоқ. Алайда, самбо спортынан тәп-тәуір нәтиже тіркеп жүрген Азаматтың таудай талабы бұдан мұқалған емес. Кенжесінің асты-үстіне түсіп, қалауын орындайтын әкесі Қуатай мен анасы Сайлау да баланың бетін қақпай, белін буды. Талай жарысқа аттанарда ата-анасы жиған азды-көпті тиын-тебеннің көмегі тиетін. Сол кезде намысты ұлынан үміт күтіп, қолда барын Азаматтың аузына тосқан қариялар қуаныштан алшаң басып жүр қазір... Өйткені, олар тұтастай қазақ елінің намысын биік ұстайтын Азаматты тәрбиелеп шығарды...

2005 жыл. Білім беру саласындағы жаңа реформа – Ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары ұпай жинап, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің табалдырығын аттады Азамат. Жаттығу залында өтетін азапты сағаттардан соң, білім нәріне сусындауды да ұмытпаған. Сол жылы университет жанындағы спорт кешенін сағалап жүріп, сүйікті спортшысы әрі ауылдасы Берік Жетпісбаевқа жолықты. Өзінің ізін басар талантты ұлдың өсіп келе жатқанына ырза болған ол Азамат Мұқановты білікті бапкер Керей Қойшыбекке тапсырды. Мінеки, шәкірттері Кераға деп сыйлайтын самбо спортының маманы Азаматты үлкен спорттағы биіктеріне жетелей жөнелді.

АЗАМАТ АЙТАДЫ: Күрестегі тырнақ алды табыстарым 2005 жылы басталды. Оған дейін бірде бабым болмаса, енді бірде бағым шаппай, жеңілістің кермек дәмін татып жүрдім. Самбодан жасөспірімдер арасында өткен ел чемпионатында қара үзіп кеткен соң, құрлықтық додада екінші сатыға тұрақтадым. Содан соң, Грекияның Салоники қаласында өткен самбодан өз құрдастарым арасындағы әлемдік сында тұғыр биігінен көріндім. Алайда, бұл жеңістердің барлығын ересектер додасында қайталағым келетін. Ол ойым қажырлы еңбек пен қарулы білектің арқасында ғана орындалды...

Жаттығу залында өткен талай жылдар бойғы табан ет пен маңдай тердің өтеуі - өз еліңнің туын жамылып, бірер минут қана тұғыр төрінде тұру. Спорттан бағын табамын деп бел буған барша жанның жалғыз арманы осы. Осы арманды орындау үшін өмірінің ең бағалы сәтін – жастық шағын құрбан етіп, ойын сауық құратын орындарды жаттығу залына алмастырған жандар ішінде Азамат та бар. Азамат Мұқановқа самбодан әлем чемпионатының алтыны төртінші мүмкіндігінде ғана бұйырды. Азамат әлем чемпионы атанғанда, бапкері Ермек Досалбаевқа Қазақстанға еңбегі сіңген жаттықтырушы атағы берілген болатын. Үш рет әлем біріншілігінде қоламен шектелген намысты ұл табанды еңбек пен төзімнің арқасында самбодан әлем чемпионы атанды да, дзюдоға ауысып кетті. Дзюдо Олимпиада ойындарының қатарына енетіндіктен ел мерейін спорттың осы түрінен асқақтатқысы келген. Бірақ әлем чемпионы атанса да, Азаматтың самбодағы миссиясы аяқталған жоқ. Ол дзюдо спортына ауысып келіп, лицензиялық турнирлерде топ жара бастады. Бірақ 66 келіде Сергей Лимнің ұпайы түгел еді. Қанша жерден тырысса да, Азамат Лондон Олимпиадасынан сырт қалды. Әсілінде, ол кешігіп қалған еді...

Қазақтың Азаматы

АЗАМАТ АЙТАДЫ: Тұманды Альбионға Сергей Лим кетті. Үздік жиырмалық қатарынан іліге алмай, Лондон Олимпиадасынан қалып қойдым. Төрт жылда ат ізін бір салатын додаға қатыса алмаған соң, бәріне қолымды бір сілтегім де келген. Алайда, спортта әлі алатын несібем барына сендім. «Ат айналып қазығын табады» деген мақалдың растығына көзім жетті де, самбоға қайта оралдым. Жай ғана жаттығып қоймай, әлем чемпионатынан қола жүлдеге қол жеткіздім. Бұл - менің самбо спортынан әлем чемпионатындағы төртінші қола медалім екен. Білесіз бе, спорт деген сиқырлы әлемде тек төзімділер мен жеңіске деген жігері мол жандар қалады екен. Лондон додасын теледидардан тамашалап, қазақ балуандарының татамиде кеткен есесін қайтарғым келді. Намысқа тырыстым. Әлі жаспын, бабым да жоқ емес. Ендеше, не тұрыс?! Көп ойланбай, кимононы қайта кидім. Бапкерлерім бұл пікірімді қолдай жөнелді.

Лондон Олимпиадасы аяқталған соң, келесі төртжылдық ойындарына іріктеу басталды көп ұзамай. Қараша айында Талдықорған қаласында өткен дзюдодан ел біріншілігінде Азамат қола жүлдегер атанды. Сол уақытта ұлттық құрамасының бас бапкері болып Флориан Велич тағайындалған. Неміс маманы Ресейді төрге оздырған Эцио Гамбоның ерлігін қайталайды деп күтті жанкүйер. Алайда, Велич құраманы құлпыртып жіберген жоқ. Азамат бастаған дзюдошылар әлемдік турнирлерде жарқырай алмады. Флорианның жаттығу үдерісі құрама жігіттерінің оң жамбасына келмеген соң, басшылық тізгінді төл маманымыз Ермек Иманбековке ұстатты. Жастар құрамасын жаттықтырып, талай спортшыға жол сілтеген Ермек бапкер келген соң ғана жігіттердің көзінен от көре бастадық. «Үлкен дулыға», «Гран При», Азия чемпионаты секілді Олимпиадаға ұпай тарататын турнирлерде қазақ ұландары жүлдегерлер қатарына іліне бастады. Бірақ жылдың ең айтулы оқиғасы - Бразилияда өтетін әлем чемпионаты еді. Сондықтан, барлық балуандар бір саусағын бүгіп, жер жүзілік додаға дайындала бастады. Ұлттық құрама Риода өтетін біріншілікке дайындалу үшін Түркиядағы оқу жаттығу жиынына аттанды. 20 мемлекет спортшыларының қатысуымен өткен жиында Рио де Жанейро татамиінде бағы жанған дзюдошылардың біразы болды. Бір бірін бақылап, әккі қарсыластарды зерттеп алуға берілген үлкен мүмкіндік еді бұл. Алайда білікті бапкерлер шын жүйріктерін жабу астында ұстауға тырысып бақты.

Қазақтың Азаматы

АЗАМАТ АЙТАДЫ: Түркиядағы оқу жаттығу жиыны аяқталған соң, Алматы облысы, Сарқант ауылына қарасты Аманбөктер жерінде дайындық қарқынын күшейттік. Самбомен шұғылданып жүргенде тау бөктерінде өтетін жаттығуымыз тас көтеріп, шыңға қарай жүгіруге арналатын. Бұл жолы татами төсеп, күнделікті әдіс тәсілдерімізді қайталауды да ұмытқан жоқпыз. Шыны керек, таудан түскен соң, шаршағаным байқалды. Ресейде өткен әлемдік турнирде ұтылып қалып, бапкерлер үмітін ақтай алмадым. Осыдан соң, өзімді дәлелдеу керек болды. Әлемдік додаға аттанар алдында, қалайда жүлде аламын деген ойдан айныған жоқпын. Жанкүйерлер қашанға дейін Максим мен Сергейден үміт күтеді?!Қазақ жігіттері де күресе алады ғой... Бразилияға ұшып кетер алдында ұлттық құрамадағы әріптестерім де қарагөздердің бірі жүлде алуы керек, намысқа тырысайық деген ойларымен бөліскен. Осы тілегімізді Алла қабыл етті...

Әлем чемионаты басталардан он күн бұрын, біздің жігіттер балалары доппен ауыздықтанып, Пелені пір тұтқан футболшылар мекеніне ұшып келді. Жер шарының келесі бөлігінде орналасқан елдің табиғатына бейімделу үшін де біраз уақыт керектігін бапкерлер ескерген еді. Алайда, Бразилия халқы біз секілді қонақжай болмай шықты. Ерте қамданған спортшылар дайындалатын зал жоқ. Әлі дайын емес. Сондықтан, жігіттер кимоноларын киіп, көшеде жаттыға бастады. Құмды жерлерде бір бірімен алысып, күресіп жүрген балуандарға қызыға қараған халық та көп еді...

Тамыздың 27-і күні Рио татамиіне Азамат Мұқанов пен Сергей Лим шықты. Жанкүйерді азды көпті турнирлерде жүлде алып, үміттендіріп қойған Сергей бірінші белдесуінде өзбек Мырзахид Фармоновқа есе жіберді. Ал жеребе Азаматты алғашқы айналымда Еуропа чемпионы, Лондон додасынан уыстап алтын алып кеткен Ресей өкілі Әлім Гадановпен жолықтырды. Әлім біздің батырға қарағанда ірілеу, әрі тәжірибесінің молдығы да көрініп тұр. Құр адам қарт құрлықтың чемпионы атанбайды. Сондықтан, Азамат Әлімге қарсы қалай күресу керектігін татамиге шыққан бойда-ақ түсініп алды. Ресей балуаны оңқай екен. Оң қолымен шабуылдап, үнемі сәтті аяқтап отырады. Азамат Әлімнің оң қолынан ұстауға талпынып, әдіс жасаймын деп жүргенде, төрешілерден екі ескерту алып үлгерді. Таблодағы уақыт болса, зулап өтіп барады. Енді сол қолын байқамақ болып, Еуропа чемпионының сол жағына қарай ұмтылғанда, Әлім оң қолымен дереу шабуылға көшті. Азаматқа керегі де осы еді. Оң қолынан ұстады да, асыра лақтырды. Төрешілер «юко» ұпайымен бағалады бұл әдісті. Гаданов та қайтпайды екен, қайтадан оң қолын іске қоса бастағанда Азамат «ауырту» тәсілімен Әлімге айла қалдырған жоқ.

Қазақтың Азаматы

Екінші кезеңде Сингапур елінің жас балуаны Жоэль Ценг жерлесімізге жарытып қарсылық таныта алған жоқ. Азаматтың «ауырту» тәсіліне қарсы амал Ценгтен де табылмады.

Үшінші кездесуде Ұлыбритания үміті Колин Оатес күтіп тұрды Азаматты. Колин Рио татамиінде Олимпиада чемпионы Лаша Шавдатуашвили мен екі дүркін әлем чемпионы Ришод Собировты таза жеңіп, жүлдеге қадамын нық басып келе жатқан. Алайда, Оатес пен Азамат арасындағы тартыс небәрі 19 секундқа созылды.

АЗАМАТ АЙТАДЫ: Алғашқы төрт белдесуде біз алма-кезек татамиге шығып отырдық да, Колиннің біраз қимылын бағамдап алдым. Бойы сұңғақ, солға қарай секіргенге бейім екен. Екеуміз күресіп бастаған бетте-ақ, ол солға қарай секірген. Аяғыммен қағып қалдым. «Иппонға» түсті.

«Не бел, не белбеу» кетеді деген белдесу төртінші кезеңде орын алды. Азамат өзінің ежелгі қарсыласы, жапон жігіті Масаки Фукуокаға қарсы шыққан еді. Тап осы Фукуокадан Тайланд төрінде жеңіліп, Азия чемпионатында қоланы қанағат еткен болатын. Сол есені қайтаратын сәт келгенін түсінді. Масаки әккі балуан, артық әрекет жасауға мұрша бермейді. Қазылар біздің жігітті екі ескертумен жазалап қойған. Шегінуге жол жоқ. Сол кезде Мұқанов тәуекелге барды. Сәл артқа басқандай болып еді, Фукуока жүгіре жөнелгенде, Азамат аяғымен қағып қалды. Жерлесіміз жапонның жерден көтерілуіне мүмкіндік берген жоқ. Бұл Азаматтың күмәнсіз жеңісі еді.

Ал Әлем және Еуропа чемпионы, тегі грузин болғанымен, Украина намысын жыртып жүрген Георгий Зантараямен болған жекпе жек Азаматтың ғана емес, күллі қазақ жанкүйерінің есінде ұзақ сақталары сөзсіз. Теледидарға телмірген спортсүйер қауым үшін Мұқанов пен Зантарая белдескен 5 минут бір ғасырдан да созылып кеткендей әсер қалдырды. Бойы ұзын, түрі сұсты Георгий жартылай финалға дейін жолындағының бәрін жайпап, кәсіби бокс шеберлері секілді барлық балуанға паң қарап жүрген. Өзіне деген сенімінің жоғары екенін де көзге ұрып тұрды. Алайда, біздің батыр Зантараяны да финалға жіберген жоқ. Бұл белдесуде Азамат елінің намысын ойлады. Түн ортасы демей, көк жәшікке телмірген жанкүйер үмітін үзгісі келмеді. Әлем көз тіккен додада қазақ баласы қауқарсыз күй кешіп жатса, жанарымен жер шұқитын тілеулестерін, оған сенім артып, жүлдеден үміт еткен бапкерлерін ойлады. Сондықтан, елдің намысы таразыға түскен сәтте тек жеңіс керегін сезді. Шыны керек, Азамат Мұқанов пен Георгий Зантарая арасында өткен жартылай финалдық сын финалдан бір мысқал да кем түскен жоқ.

Қазақтың Азаматы

АЗАМАТ АЙТАДЫ: Финалға өз күшіме өте сенімді шықтым. Қазағыма самбоның алтынын сыйладым, енді дзюдодан бас жүлде алып берсем деген ой миымнан бір сәт те шыққан емес. Ақтық айқас басталғанша, Ермек аға қасыма ешкімді жақындатпай, тек әлемдік сынды аяқтап қойған Елдос Сметов пен Асхат Тельманов пен Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері Асхат Житкеевті қалдырды қасымда. Олар өз ақыл кеңестерімен бөлісіп, біраз жігерлендіріп тастады. Әсіресе, финалда жеңілгені үшін әлі күнге дейін өкінетінін айтқан Асхат ағамыздың сөздері кәдімгідей қуат берді. Сол үшін көп рахмет. Шынымды айтсам, әлі күнге дейін әлем чемпионатының алтынынан санаулы секундта айырылып қалғаныма өкінемін. Рас, бұйырмады. Масашидің қолын ауыртып-ақ бақтым, бірақ ол берілмеді. Сәл күш жетпей қалған секілді, әйтпесе... Бапкерлер жапонның қулық жасағанын айтты кейін. Қолын ауырсынып жүріп, оңтайлы сәтті күткен. Ал мен байқамай қалдым... Бірақ, осы жүлдеге де шүкіршілік етемін. Алла қаласа, қазақ жанкүйерін әлі де қуантамын!

Балуандар Бразилияға аттанарда, Азаматтан жүлде күтіп, сеніммен қараған адамдар саны бір қолдың саусағына жетпейтін. Бапкері Керей Қойшыбек пен Азаматты баласынан кем көрмей, барлық қиын жағдайда жанынан табылып, ағалық ақылын аямаған Берік Жетпісбаев қана Азаматтың әлемдік сыннан жүлде алуға қабілеті жететініне сенді. Алып шаһарда спорттан ел атын шығарамын деп талпынған ұлға қамқор болып, өз қаражатына пәтер жалдап берген да сол Берік ағасы. Азамат әлем чемпионатынан олжалы оралған соң, Берік Жетпісбаевқа дзюдодан Қазақстанға еңбек сіңірген жаттықтырушы атағы берілді. Ұстаз бақыты деген осы ...

Қазақтың Азаматы

P.S. Мінеки, Азаматқа әлем чемпионатының күмісі осылай келді. Кезінде: «Бұл бала талай биікті бағындырады, болашағынан үміт көп» деп бапкерлері жанұшыра басшылыққа кіріп, көмектесуін өтінгенде кейбір адамдар қайырылып та қарамаған. Әсіресе, облыс спортының тізгінін ұстап отырған Тұратай Шәрәпиевтің талантты ұлды керек етпей, өз жерінде алаңсыз жаттығуына қарсы болған еді. Сол себепті, өзі туған өңір Алматы облысынан емес, еліміздің батысындағы Оралдың атынан күресті. Әрине, қай облыстың намысын қорғаса да, түптеп келгенде Қазақстан туын аспандату үшін тер төкті. Әйтсе де, алаңсыз жаттығып, өз үйінен кіріп-шығып жүргенге не жетсін?! Бұл қиындықтар Азаматты тек қайрай түсті. Қайрат пен намыс оны барша қазақтың Азаматы атандырған еді...

0 comments

You may log in using:

Find us on social networks